Қазақта «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп айтылуының заңдылығына өз басым тағы да көз жеткіздім.
Кітапханамыз биыл үшінші рет «Кітапхана түнін» өткізді. Қала тұрғындарына кітапхананың басқа да қырларын көрсету мақсатында әр кітапхана түніне ерекше дайындалатынымыз белгілі.
Биылғы «Кітапхана түні» Қарағандының 80 жылдығына және онымен құрдас кітапханамыздың да 80 жылдығына арналған болатын. Осы орайда, қандай іс-шаралар өткізсек екен, қала тұрғындары мен кітапхана қонақтарын қалай таң қалдырсақ деген ойлар біраз мазалады.
Кітапхана ұжымының әр мүшесінің жеке жауапкершілігі мен шығармашылық белсенділігі нәтижесінде «Гоголевкадағы түн» жоғары деңгейде өтті деуге болады. Ол туралы сол күнгі адамдар легі, Түнге қатысушылар жанарындағы қызығушылық пен ізденімпаздық оттары анық байқатып тұрды. Қазіргі күні жастар туралы бір жақты теріс көзқарастар қалыптасып отырғаны шын мәнінде дұрыс емес екендігіне осы жолы да көзіміз жетті. Кітапханаға келген жастардың барлығы да өздерін білімпаз, өнерлі, өнегелі жақтарынан көрсете білді. Кітапханашылар ұйымдастырған әр түрлі викториналарға қатысуға деген белсенділіктері тіпті ерекше болды. Біреулері «Тек білімімізді тексерейік деп едік, сыйлық бермей-ақ қойыңыз, тек тағы сұрақ қойыңызшы», - деп сұрап жатқанын да естідік. Сол себепті де барлық жастарды бүгінде ештеңеге қызықпайды, мүлде кітап оқымайды деп бір жақты кінәлау дұрыс емес деп ойлаймын.
Әр заманның өз лебі болатыны сөзсіз. Әрине, бүгінде кітапты қолына тіпті алмайтындар саны күн санап артып келе жатқаны сөзсіз. Бірақ ол тек жастар ғана емес, олардың арасында 40-50 жас аралығындағылар да бар. Күнделікті күн күйбеңі мен рухани құндылықтардың төмендеуі – мұның бірден-бір себебі деп түсінемін. Дегенмен, кітап оқуға құштар жандар әлі де бар, жастарымыз білімге, білуге құштар. Міне, негізгі жетістік осы! Ал «Гоголевкадағы түн» мұның басты дәлелі болып отырғаны біз үшін қуантарлық жай.
Баян Уатаева, Ақпараттық-библиографиялық бөлім меңгерушісі