Психология әлемінің тұрақты оқырмандары! Менің сіздермен эмоциялар мен сезімдер ұғымы жайында ақпаратпен бөліскім келеді. Өздеріңіздің бойларыңыздағы сезім мен эмоцияны қалай бір - бірімен байланыстырып, бағындыруға болатынын осы жерден оқып, біле аласыздар.
Адам - қоғамдық тіршілік иесі. Адам қабылдағанына (естігеніне, көргеніне), істеген ісіне, ойлағанына, арманына немқұрайлы қарамайды. Адам әрекетінің, оқиғаларының біреулері бізді қуантса, екінші бірі мұңайтады, ал үшіншісі ашу шақыратын жағдайға жеткізеді.
Сезімдер мен эмоциялар бейнеленетін заттардың ерекшеліктеріне тәуелді. Сезімдер мен эмоциялар адамның таным және іс – әрекеті барысында пайда болады және оның жүзеге асуына әсер етіп отырады.
Өзінің танып білгеніне және істеген ісіне адам қатынасының әсерлерін сезім (немесе эмоция) деп атауға болады. Сезімдер – өте күрделі психикалық процестердің бірі. Сезімдер адамның тіршілік қажетіне, өзара қарым-қатынасына байланысты сан алуан формаларда көрінеді.
Сезім кез - келген жеке тұлғада болатын дүние. Сезім көзі өзіміз қабылдайтын, айналадағы заттардың және құбылыстардың сапалары туғызатын қажеттіліктер, талап-тілектер болып табылады. Біздің жасайтын әрекеттерміз (еңбек, оқу, ойын), оның жетістігі мен кемшіліктері де сезім туғызады.
Сезім барлық психикалық процестермен тығыз байланысты, көптеген жағдайларда сол процестер сезімді туғызады, ал сезім оларға өз тарапынан ықпал жасайды. Яғни, адамның дұрыс әрекет етуіне көмегін тигізеді.
Ал, эмоциялар адамның түрлі органикалық қажеттеріне байланысты туып отыратын шағын, жағдаятты көңіл күйлері, адам қуанғаннан, қамыққаннан көзіне жас алса, бір нәрсеге мәз болса, мұндай жағдайдың ұзаққа созылмайтындығы белгілі.
Сезімдер мен эмоциялар адамның практикалық әрекетінде алатын орны зор. Алдағы мақсатты орындау жолында, өмір үшін күресте күшті сезімдерсіз табысқа жету қиынға соғады. Сезімнің қораш, солғын, селсоқ болуы іске кедергі келтіреді. Адам не үшін күрессе, соны жан – тәнімен жақсы көріп, неге қарсы күрессе соны өлердей жек көріп отыруы тиіс. Сондықтан, адамға бар нәрсені сезіммен жасауы қажет болады.
Эмоциялар адамның мінез – құлқын ерекше сезім сарынына бөлеп, азды – көпті ұзаққа созылатын, өте берік әсерлер туғызады. Кейде сезім кенеттен пайда болып, қарқынды өтеді, бірақ біршама тез басылады.
Адамның көңіл-күйіне өзінің өмір сүріп жатқан ортасы және жұмыс жасайтын ұжымы үлкен ықпал жасайды. Уақытымен жақсы ұйымдасқан, демалыспен ауысып келетін сапалы оқу мен ұната істейтін еңбек, әдетте, адамның көтеріңкі және шаттық көңіл-күйін туғызады.
Кітапхана қорындағы психология пәні бойынша К.С.Жұмасованың авторлығымен жарыққа шыққан «Психология» кітабы жалпы психологияның негіздерін жан-жақты қарастырады.
Рухани байлық бұл асыл қазынаның бірі – кітапта екенін ұмытпайық, ардақты оқырман! Әр күнде қызықты әдебиеттерді оқуға асығыңыздар! Кітапхана есігі жаңа оқырманын қабылдауға әрдайым ашық!
Оқу залдары, кітапханашы - Тусупбаева М.