Адамның ішкі жан дүниесін, сырттай болмыспен өзара ықпалдастық байланыстарының жалпы заңдылықтарын зерттеумен арнайы ғылым – психология айналысады.
Осы, ғылым арқылы блог оқырмандарына «Психология әлемі» тақырыбы жайында өз ойыммен бөліссем деймін.
Психология - адамның ішкі жан-дүниесімен астасып жатқан түрлі құбылыстарды, мінез түрлерін сан алуан тәсілмен қарастырып, зерделеп жақсы жағына шығару жағын ұйымдастырады. Психология өзіндік оңай жолды бағыттаушы, адамға жақсы қасиетке ие болу мүмкіндігін сыйлайтын әдістеме болып табылады.
Өмірдегі құбылыстардың өзіндік ортақ әлемі болады. Психологиялық құбылыс (түйсік, елес, ой, ерік, қабілет, мінез, әдет) көпшілігімізге өз тәжірибемізден жақсы мәлім, күнделікті тілімізде жиі кездесетін ұғымдар. Бір қарағанда бұлардың мәнін әрқайсымыз тез ажырата да білетін сияқтымыз. Бірақ психикалық құбылыстардың мәнін ғылыми тұрғыдан түсіну арқылы жан-жақты ажыратуға болады.
Психология әлемінің бір бөліміне жататын «Эмоцияны басқарып үйренейік» атты кішігірім тақырыпшаға тоқталсам.
Адам өмірі эмоцияға толы. Эмоциялар адамды жаңа белесті бағындыруға тәуекелге итермелейді, реніштен жылатады, махаббат үшін өзіңді құрбан еткізеді. Эмоциямызды сыртқа шығаруға ойларымыз ғана емес, ақылдың оңтайлы ұстанымдарын жеңіп шығатын ниет пен әрекеттеріміз де еріксіз мәжбүрлейді. Ашу, өкпе, қызғаныш сынды жағымсыз эмоциялар көбіне бақылаудан шығып, өмірімізді қиындатып жіберетін кездері болады. Бір сәттік эмоцияларға тосқауыл қояйық.
Көбіне адамдар қандайда бір әрекетке, сөзге, оқиғаға қатысты алғашқы, бір сәттік эмоцияларына өкініп жатады. Мұны психологтар «триггерлер» деп атайды. Абайсыз айтылған сөз, ойластырылмаған әрекеттер, албырттықтан туатын барлық жағдайды бірнеше секундқа басқаруды үйрену керек. Ол үшін арнайы амалдар қарастырылған. Солардың бірі тыныс алумен байланысты. Эмоция мен тыныс алудың қандай байланысы бар? Өйткені, эмоционалдық іс-әрекеттер тек баста «туындамайды», қызу реніш үстінде қанда түрлі гормондар арпалысып жатады, жүрек соғысы жиілеп, қан қысымы көтеріледі. Эмоцияның физикалық білінуін бақылауға ала алсаңыз, ашу, үрей, қозу, абыржуды тоқтата аласыз.
Терең тыныс алыңыз, кейін баяу деміңізді шығарыңыз. Тыныс алуды 5 секундқа кідіртіңіз де, диафрагмаңызға барынша назар аударуға тырысып, баяу дем алыңыз. Кеудеңіз ауаға толғанын сезініп, 20-ға дейін санап, баяу деміңізді шығарыңыз. Жағымсыз эмоцияларды тоқтату үшін әр дем шығарған сайын олар қара будақталған бұлт сынды денеңізден шығып жатқанын елестетуге болады. Эмоцияңыз толықтай сіздің басқаруыңызға өткенше дем алудың осы түрін қайталай беріңіз.
Эмоцияны басқару әрекеттері «жедел» түрде бола алады, сонымен қатар ұзақ мерзімді қолданысқа енгізуге болады. Сезіміңізге тосқауыл қоя алған соң және оны біреумен бөлісіп, басқа арнаға ауыстыра алған соң, сіздің эмоционалдық триггеріңізді оятатын, яғни қызуқандылығыңызды оятатын «батырманы» іздеуге тырысыңыз. Көбіне қате тұжырымдар жағымсыз эмоциялар тудырады. Мысалы, біреу сіздің сөзіңіз, не ісіңізді жөндегенді ұнатпауыңыз мүмкін, өйткені бірдеңені дұрыс жасай алмайтындарды өзгелер бейбақ деп қабылдайды. Бірақ әрдайым мінсіз болу мүмкін емес қой, соны есіңізден шығармаңыз. Біреулер қолдауға зәру болып, ренішін білдіреді. Эмоцияны басқара алу – эмоционалды интеллектісі дамыған адамның басты қасиеті.
Құрметті оқырмандар, кітапханамыздың оқу залдары бөлімінен психология тақырыбындағы сұрақтарыңыз болса, немесе басқа да білгілеріңіз келген ақпаратты біле аласыздар! Ендеше, біздің тұрақты оқырманымыз болуға асығыңыздар!
Оқу залдары, кітапханашы Тусупбаева М.