Кітапханадағы краудсорсинг немесе "Мәселелерді бірге шешеміз"

Краудсорсинг (crowdsourcing) - ағылшын тілінен енген сөз, топтың ресурстарын пайдалану дегенді білдіреді. Краудсорсинг жобаларына тек сарапшылар мен білікті мамандар ғана емес, сонымен қатар қызық идеялары мен өз ойларымен бөлісуге дайын қарапайым интернет пайдаланушылары қатыса алады. Мысал ретінде айтар болсақ: Уикипедия – еріктілердің көмегімен жасалатын онлайн-энциклопедия; MULI - жапондық жиһаз компаниясы, корпоративтік сайт арқылы болашақ өнімге байқау жариялап, нәтижелері бойынша жиһазды таңдап өндіріске жіберу туралы шешім қабылдайды; Threadless – Чикагодағы футболка шығаратын компания, онлайн-байқау өткізу арқылы дизайн таңдалып, содан кейін ол өндіріске жіберіледі. Әлемдегі ең ірі әлеуметтік желі – Facebook пайдаланушылар әзірлеген қосымшаларды жиі пайдаланады.

Кітапханадағы краудсорсинг - бұл виртуалды кеңістік арқылы кітапхана қызметіне креативті ойлауға, жаңа тиімді идеяларды іздеуге қабілетті талантты адамдарды тарту үдерісі. Басқаша айтқанда, краудсорсинг кітапханашылар мен пайдаланушылардың өзара қарым-қатынас құралы болып табылады. Қазіргі заманауи кітапхана мамандарына краудсорсинг саласындағы білім мен дағдыларды меңгеру қажет.

Әлеуметтік коммуникациялар бойынша ғылым кандидаты, Харьков мемлекеттік мәдениет академиясының кітапханатану кафедрасының оқытушысы Е.Ю.Марьина кітапханаларда виртуалды кеңістік арқылы краудсорсингті қолданудың келесі салаларын атап айтты: презентациялар мен буктрейлерлер жасау; слогандарды, логотиптерді, жарнамалық макеттер мен банерлерді ұжымдық әзірлеу; жаңа кітапхана өнімдерін жасау; кітапхана жарнамасын тарату; мәтіндерді аудару; кітапхана іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу; кітапхана сайттарының мазмұнындағы қателерді түзету; сандық суреттерді өңдеу; ақпараттық ресурстарды ұжымдық іздеу; құжаттарды сараптамалық бағалау; кітаптарға пікір жазу және т.б.

Кітапханада краудсорсингті жүзеге асырудың практикалық тәжірибесі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Шетелдік кітапханалардың табысты жобалары туралы көптеген мысалдар келтіруге болады. 2000 жылдардың басында Австралияның Ұлттық кітапханасы "Picture Ausralia" жобасын іске қосты, оны іске асыру елдің тарихы мен қазіргі заманын көрсететін сандық бейнелерді жинауға мүмкіндік берді. Жобаға 3000-ға жуық еріктілер мен 50-ден астам Австралия және шетелдердің мекемелері қатысты.

Тарихи құжаттарды цифрлау үшін 2011 жылы Финляндияның Ұлттық кітапханасы Microtak компаниясымен бірлесіп "DigitalKoot" еріктілер бағдарламасын әзірледі. Ол онлайн-ойын түрінде тарихи газеттердің, кітаптардың, журналдардың миллион беттерін өңдеу бойынша күрделі тапсырмаларды шешуге мүмкіндік беретін платформа құрылды. Бағдарлама іске қосылғаннан кейін бір айдан соң Финляндия, АҚШ, Швеция және Ұлыбританиядан 25 мыңнан астам қашықтағы еріктілер 2 млн. астам тапсырманы орындады.

Германия Ұлттық кітапханасының бастамасымен және Wikimedia Deutschland еріктілерінің қолдауымен 2005 жылы электрондық каталог пен кітапхананың авторитеттік файлдарын Wikipedia ресурстарымен байланыстыру жұмыстары жүргізілді.

Көптеген шетелдік кітапханаларда еріктілер электронды каталогқа кілт сөздерді өз бетінше енгізу (фолксономия) тәжірибесі қолдануда және оларды басқа цифрлық ақпараттық объектілермен: аннотациялармен, рецензиялармен, сайттармен, түсініктемелермен одан әрі байланыстыру жұмыстарына қатысуда.

Шетелдік кітапханалардың краудсорсинг-жобаларын жүзеге асыру тәжірибесі туралы көп айтуға болады. Оларды талдай отырып, кітапханада краудсорсингті қолдану бірнеше маңызды мәселелерді шешетіні туралы айтуға болады:

  • ақпараттық технологиялардың көмегімен кітапханалық маңызды мәселелерді шешуде пайдаланушыларды шоғырландыруға және белсендіруге ықпал етеді;
  • кітапхана мен қоғамның байланыстарын орнатуда жаңа мүмкіндіктер ашады;
  • кітапханаларды жаңғыртуға ықпал ететін инновациялық идеяларды табуға және жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Әр кітапхана ашық мәдени-ақпараттық кеңістік орталығы ретінде танымал болу үшін, жалпы тұрғындардың назарын кітапханаға, кітап оқуға аудару мақсатында краудсорсинг тәсілдері мен амалдарын тиімді пайдалану керек.

Облыс кітапханаларын дамыту бөлімінің әдістемелік-инновациялық жұмыс секторының басшысы А.К.Карашова