Күнтізбеге қарасақ елімізде мамыр айы мерекеге толы десек те болады. 15 мамыр күні халықаралық отбасы және климат күні екенін біреу білсе, біреу білмес... Бұл күн әлемдік күнтізбеде қызылмен белгіленген.
1993 жылдан бастап, БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын 15 мамырда Халықаралық отбасы күні атап өтіледі.
Ал, одан бұрынырақ, 1992 жылы Халықаралық қауымдастық парникті газдардың ауаға таралуымен байланысты қауіпті мойындай отырып, БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі конвенциясына қол қою туралы уағдаласты. Содан бері 15 мамырда Халықаралық климат күні аталып өтіледі.
Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. «Отан – отбасынан басталады» деген сөз бар. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі деп білеміз. Үй ішінің ауа-райы отбасының әр мүшесіне байланысты... Ал, сырттағы ше?
Дәл осы сұрақтың жауабын табу үшін аталмыш күнді белгілеген болсақ керек. Халықаралық климат күні. Климатты сақтау – адам баласының ең негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. Жаһандық жылыну, атмосферадағы озонның жоғары көрсеткіші, табиғи апаттар, ауа-райының өзгерісі нәтижесінде азық-түлік, адамдардың өмірлік және мүліктік қауіпсіздігіне, мемлекеттің теңгерімді дамуына және табиғи ресурстардың жағдайына теріс әсерін тигізетін климаттың нашарлауына әкеліп соқтырады.
Қазақ халқының табиғатпен әуелден тынысы бір. Ежелден көшпелі қазақ ауа-райын табиғаттағы болып жатқан құбылыстарға назар аударып, тіршілік тірегі болған дәстүрлі шаруашылығын соған сәйкестендіріп жүргізген.
Климатты қайта орнына келместей өзгеріске ұшыратқан негізгі мәселелердің ішіндегісі – атмосферадағы парникті газдың артуы. Жер шары климатын сақтауға әр адам тиісті. Өз үлесін қосу ешқандай қиын емес. Автокөлікті сирек қолдану, энергия үнемдеуші жарық көздерін тұтыну, жасыл желектерді отырғызып, оларды қорғау. Бұлардың барлығы ұсақ-түйек нәрсе секілді көрінетіндей... Бірақ, планеталық деңгейде жасалған бұндай іс зор нәтижесін береді. Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі. Сондықтан халқымызда «Жер-Ана» деген егіз ұғым қалыптасқан. Жерді өз Анасындай қастерлеген салтымыз да бар. Сондықтан орман-тоғайларды сақтап, қоршаған ортаның, өзен мен көлдердің ластанбауына ерекше мән берген. «Су ішкен құдығыңа түкірме», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Бір тал кессең, орынына он тал ек» деп жас ұрпақтың бойына табиғатты қорғаудың тәрбиесін сіңірген. Тағы қызықты мәліметтерді, «Табиғатты қорғау және аялау» тақырыбындағы кітаптарды кітапхана қорынан таба аласыз. Ендеше, отбасымыз аман, ауа-райымыз шуақты болсын!
Абонемент бөлімінің кітапханашысы Жоламан Төлеутайұлы