«Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады». Н.Ә.Назарбаев
Кез-келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, тынысы болады. Қайсар рух пен күшті қару етіп, еркіндік үшін күрескен бабаларымыздың ерлік жолындағы күресі бүгінгі таңда айбыны аспан тіреген тәуелсіздік тұғырын биіктетті. Қазіргі таңда қазақ елі жан-жақты өркендеп, дамып келе жатқан алып елге айналып отыр.
Ендеше, жасампаз еліміздің жалынды жастары қандай? Осы сауал төңірегінде ой өрбітсек...
Жастар еліміздің әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтуы жағынан алғанда, болашағы зор қоғамның маңызды бөлшегі. Қазіргі таңда жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастар еліміздің жаңару үдерістеріне белсене араласады. Еліміздің бүгінгі жастары жаңа жағдайда заманауи мемлекеттің жасап жатқан сындарлы саясатының арқасында алысқа қол сермеп, әлемдік деңгейдегі ұстанымды игеріп, келешектің кілтін өз қолдарына алуда. Елдің мақтанышына айналып отырған жастардың бастамасы құп алар жағдай.
Жастардың қоғамда атқаратын рөлі қашанда зор. Болашаққа нық қадам жасайтын да жастардың білімділігі мен шапшаңдықтарының арқасында. Яғни, елдің жарқын өмір сүруіне аз да болса қол ұшын беруді борыш санайтын жастарымыз да жетерлік.
Тәуелсіз Қазақстанның жастары еркіндікпен қатар әрдайым даму үстінде болуға тиісті. Өйткені, ел болашағы – біздер! Елді өсіретін де, өшіретін де – жастар!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жас ұрпаққа арнайы айтатын сөзім бар. Сіздер Қазақстанның даму жолында шешуші рөлді атқарасыздар. Прогрестің қозғаушы күші боласыздар. Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» атты арнайы жоба іске қосылды. Біз жастардың алға қойған бастамаларын қолдаймыз» деп жастарға зор сенім білдірген.
Құрметті жас дос, Сіз де еліңізге деген өз үлесіңізді қоса аласыз. Жастар халықтың үмітін ақтайтынына біз сенеміз!
Оқу залдары, кітапханашы
Мақпал Жанат