Қазақтың аса ірі ақындарының бірі – Қасым Аманжолов. Өмірге іңкәр, өмірді жырлап өткен ақын жайлы алғаш мен өз әке-шешемнің аузынан естідім.
Ақынның әдеби мол мұрасын 7-8 поэмасы мен алуан тақырыптағы лирикалары құраған.Өмірден қандай қиындық көріп өссе де, естігенді қағып алатын құйма құлақ, көрген нәрсені ұмытпайтын, елгезек жан болған. Сонымен қатар, домбырада, сырнайда, мандолинада, скрипкада, пианинода шебер ойнаған. Бірақ ноталық сауаты болмаған. Шетел ақындарының шығармаларын шебер аударған. Аудармашы ретінде Пушкиннің «Полтавасын», Лермонтовтың «Маскарадын», Твардовскийдің «Василий Теркинін» ана тілімізде сөйлетті. Сонымен қатар, Байроннан, Н.А.Некрасовтан, В.В. Маяковскийден, Т.Г.Шевченкодан, А.Твардовскийден, Мирсаид Миршакардан, Низами Гәнжәуиден шебер аудармалар жасады.
Орыстың кей әнінің сөзін қазақшаға аударған. Мысалы, «Ах, Самара городок» әні.
Майданда орысша өлең жазған, солдаттар арасында орыс ақындарының өлеңдерін жатқа шебер оқуымен таңдандырған. Дойбыны өте жақсы ойнаған. Домбырада Тәттімбеттің «Қосбасарын» ықыласпен шерткен. Өзен жағасында сырнай тартуды ұнатқан. Шебер ұйымдастырушы, асаба, отырыстың гүлі болған. Поэзиялық шығармаларды жоғарыдан төмен, төменнен жоғары жатқа оқу қабілетімен ерекшеленген.
«Милый друг, я умираю
Оттого,что был я честен;
Но зато родному краю
Верно ,буду я известен,-» деген орыс ақыны Н.А. Добролюбовтың осы шумағын жатқа жиі айтқанындай өмірден өтсе де, халқына танымал болатындығын сол кездің өзінде білген.
Қасым - көркем өнердің телегей теңізі. Өзі көзі тірісінде жетпеген арманына ұрпағы, елі жетті. Қасымды туған халқы мәңгі жүрегінде сақтайды.
Абонемент бөлімінің кітапханашысы Ахмадиева А.С.