Ой мен сөзді ұтымды пайымдап, ұрпақтар игілігіне жарата білетін «Парасат журналы» ғылымның барлық саласын қамтиды. Қоғамдық – саяси, әдеби – көркем, суретті журналымыз 60 жылдың асқарына иық тіреуде. Сан жылдардың тіршілік тағылымынан нәр алған, мәуелі даналықтың исі аңқыған, ақын жазушыларымыздың көзі мен сөзі, жүректен шыққан асыл жырларын халыққа жеткізе білетін «Парасат журналы» ең алғашқы рет 1958жылдың шілде айынан бастап «Мәдениет және тұрмыс» деген атаумен, 10 мың тиражбен басылып жарыққа шықты. Саналы адамның мақсатты еңбектерін бағалап, халықты ынтық қылдыратын, орта буындағы аға журналымыздың қорында құнды мәліметтер көп. Шөлдесең шөліңді қандыратын, сұлу сөздің майын тамызатын, поэзия әлемінен бастау алып, прозаға қанат қақтыратын, шетелдік туындыларды аудармалап, халыққа жеткізетін, ұлттық бренд, озық үлгідегі туындыларымен жүректен жол табар журналымыз тарихпен де үйлесім табады. Тарлан мінез табиғатында адамзаттың асыл қасиеттері - даналық, шешендік, шеберлікпен тоғысқан, сыршыл да жыршыл, өткір тілді, жаңғырығы жер жаһанға жеткен, тамыры тарихпен сабақтасып жатқан журналдың біздің қоғам үшін маңызы зор. Көз қуанатын құндылық деп атасақ, артық болмас. Басылымның «Ойтолғақ», «Жаңғырық», «Тарих - тағдыр», «Таным», «Дерек пен дәйек», «Салауат», «Ғұмырдария» сияқты, тағы да басқа айдарлары бар. Журналдың ерекшелігі сұхбат жүзінде және аңыз адамдар мен қоғам қайраткерлерінің өмірінен хабар береді. Қазақ қашан да от ауызды, орақ тілді ақиық ақындарға, жаны жайсаң жазушыларға кенде болған емес. Нар аунаса жүк қалған, тұлпар аунаса түк қалған ұрпақ үшін игі істің бастамасы іспеттес.
Өсер елдің ғалымы ғылымға қызмет жасайды,
Өшер елдің ғылымы ғалымға қызмет жасайды - демекші ғылым салаларына барынша үн қосып жүрген «Парасат журналының» қорынан жоғалтқан дүниелеріңізді таба аласыздар. 60 жылда елмен бірге жасасып, дамып, қаламын қарыштатып келеді. Әдебиеттің шоқтығын сөндірмейтін журналдан рухани азықтарыңызды ала аласыздар.
Болашақта да игі істердің бастамасы боларына және көгімізде қалықтайтынына кәміл сенеміз.
60 жылын құтты болсын, сүйікті журналым!
Мерзімді басылымдар секторы: Жаркеева Г.А.