Ұлы Отан соғысы- халқымызға төңген ең ауыр күндер болды. Ал «Жеңіс,Жеңіс!»-деп сүйіншілеген осы дауысты адам зат баласы соғыс басталғалы бері 4 жыл 1418 күн мен түн күткен болатын.
Соғыс – үйретуші күш. Барды жоқ етті, тауды жер етті. Салқыны сан жылдарға созылған сол бір сұрапыл соғыстын аяқталғанына биыл 75 жыл. Осы уақыт ішінде отты жылдардың қасіреті тарих қойнауына еніп, кейінгі ұрпаққа естелік ретінде айтылуда. Алайда өткен күндердің зардабы ешқашан ұмытылмақ емес. Әрқашан жадымызда жаңғырып тұрады. Өйткені бұл соғыс өрімдей жастың балалық шағын ұрлады, талай азаматтың өмірін қыршыннан қиды. Әйелді жесір, баланы жеттім етті.
1941 жылдың 22 маусымы таңғы сағат төрт. Бейбіт заманда өмір сүріп жатқан ұйқыдағы елді Юрий Левитанның соғыс басталғаны жайлы дабылды радио хабарламасы оятты. Кенет құлақ тұндырған жарылыс пен қып-қызыл от аспанды қақ айырғандай болды. Жер дірілдеп, әуе жаңғырып, қала отқа орана бастады. Ал тұрғындардың көпшілігі киініп те, қаруын алып та үлгермеген. Міне соғыс осылай басталды.
Төрт жылға созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Қазақстаннан жалпы есебі 1 миллионнан аса жауынгер аттанған. Алексеенконың «Қазақстандағы демографиялық дағдарыс» кітабында жазылған мәліметке сенсек, соғыс жылдарында Қазақстан 600 мыңнан аса тұрғынынан айырылған. Соғыс кезінде қайтыс болғандар саны 279 мыңнан асады, 43 мыңға жуық сарбаз госпитальдарда жан тапсырса, 271 мыңнан аса адам үйіне қайта оралмай, із-түзсіз жоғалғандар санатына енген.
Қазақ - ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Ұлы Отан соғысының қатпарларлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғынға қаймықпай соғысқанына ашық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған бес жүз қазақтың Кеңес Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Біздің батырлар елдің сенімін ақтап, ерліктің ерен үлгісін көрсетті...
«Кеңес Одағының батыры» атағын екі мәрте алғандар қатарында ұшқыштар; Т.Бигелдинов, Л.И. Беда, И.Ф. Павлов, С.Д. Луганский. «Кеңес Одағының батыры» атағын алған; Б.Момышұлы, С.Баймағамбетов, М.Ғабдуллин, Т.Тоқтаров, Қ.Қайсенов, қазақ қыздарының ішінде – М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, Х.Доспанова, ал Р.Қошқарбаев Рейхстагқа жеңіс туын ең бірінші болып тіккен. Сонымен қатар 500-ге жуық қазақстандық үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған. Олардың бәрі де кеуделеріне орден, медальдарды жарқырата тағып, Отанына абырой әкелді...