Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін атап өтіп, 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Осылайша Қазақстанда еріктілер қозғалысы дамуының жаңа кезеңі басталды.
Волонтёр (лат. тілінен voluntarius – ерікті) ақысыз, ерікті қоғамдық жұмыс атқаратын адам. Ал еріктілік – бұл адамның өз тәжірибесімен, уақытымен және дағдылармен бөлісуі немесе осының бәрін қандай да бір игілікті іске жұмсауы, қызметтің кең ауқымы. Бүгінгі таңда еріктілер қозғалысының рөлі қоғамның әлеуметтік дамуы үшін үлкен мәнге ие.
Еріктілік бүкіл әлемде өте танымал. Деректер бойынша еріктілер дүние жүзіне кең таралып, әлемдік қозғалыстағы белсенді топқа айналды. Бүгінде әлем бойынша 1 млдқа жуық адам ерікті болып табылады. Ал Қазақстанда 16 мың төңірегінде ерікті бар екен.
Жыл сайын еріктілер қатары артуда, өйткені бұл қозғалыс еріктілерге көптеген мүмкіндіктер мен перспективалар береді. Бірқатар елдерде ерікті болу қалыптасқан жағдай және олар үлкен құрметке ие. Себебі, жұрт оларды ерекше сыйлайды, құрметтейді. Еріктілердің жаһандық дамуға тигізер үлесі де орасан. Өйткені еріктілік - бұл мемлекет пен жалпы қоғам дамуының көрсеткіші. Елдің жетістіктері мен жеңістері күнделікті пайдалы және маңызды істерді орындайтын патриот азаматтардың белсенді әрекеттеріне тікелей байланысты.
Осы орайда кітапханалар да өз қызметінде еріктілердің көмегіне жүгінеді. Әсіресе, еріктілер жылы қарсаңында. Еріктілерді, оның ішінде жастарды кітапхана өміріне қатысуға тарту кітапханадағы ерікті бастамаларды дамытуға, кітапханадағы еріктілер санын арттыруға және қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Еріктілердің кітапханалық қызметтегі атқаратын рөлдері: көпшілік іс-шараларды, акцияларды, қызығушылық бойынша клубтарды ұйымдастыру және өткізу, кітапханалық бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға қатысу. Сонымен қатар олар кітапхана гидтері ретінде жиі жұмыс істейді, яғни шақыруларды, жарнамалық кітапханалық материалдарды көпшілікке таратады, әлеуметтік сауалнамаларға қатысады. Еріктілердің бұл қызметтері кітапханаларға жаңа жас пайдаланушылардың келуіне ықпал етеді. Еріктілер мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт адамдарға кітап тасуға да көп септіктерін тигізеді. Әсіресе, еріктілердің ірі акциялар мен флешмобтар өткізуде көмектері зор.
Бұл күндері Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында еріктілер қозғалысы өз жұмыстарын жалғастыруда. Бірнеше жылдар бойы кітапханада біздің қаламыздың еріктілері ұйымдастырған кездесулер өтуде. Бұл іс-шаралар жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Өткен айда кітапханамыздағы тек білім беру ғана емес, сонымен қатар дискуссиялық алаң ретінде де танымал «Американдық бұрыш» базасында, елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты онлайн түрде «Ерікті болу құрмет! = Волонтерство это здорово!» атты тікелей эфир өтті. Спикерлер ретінде кітапханашы, халықаралық әдебиеттері бөлімі жанындағы «Американдық бұрыштың» координаторы – Сағынбекова Шұғыла, әлеуметтік желілер бойынша менеджер, жоба-менеджері – Таласпаева Азиза, және ҚарМТУ үшінші курс студенті, «GoViral» фестивалінің аймақтық амбассадоры – Азат Нұрғазиев сөз сөйледі. Онлайн-еріктілік бойынша тікелей эфирге көптеген адам қосылды. Тікелей эфир барысында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, еріктілік қызметі туралы әңгімеледі. Эфирде сөз сөйлеген спикерлер бүгінгі таңда өздері де онлайн-еріктілер екендігін атап өтті.
Еріктілер – кітапхана қызметтерінің спектрін кеңейтудің жақсы мүмкіндігі. Олар кітапхана жұмысына жаңа көзқарас әкеле алады және халықпен тамаша байланыстырушы буын болып табылады. Ал еріктілер үшін кітапхана өзін-өзі жетілдіруге, халықпен қарым-қатынас жасауды үйренуге, жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін таптырмас орын.
Осылайша, кітапханаларға еріктілердің, еріктілерге кітапханалардың қажет екеніне көз жеткіземіз. Ерікті көмекшілер (оларды бұрын оқырман активі деп атаған) әрдайым кітапханалардан табылады деген үміттеміз.
Облыс кітапханаларын
дамыту бөлімі
Ерғали Г.Б.