Халқының ертеңі үшін талмай еңбек еткен, білімі мен ақыл-парасатын туған халқының өсіп өркендеуі үшін жұмсаған, есімі ел аузында қалған қазақтың ардақты ұлының бірі Нығмет Нұрмақов.
Нығмет Нұрмақов 1895 жылдың 25 сәуірінде Қазіргі Қарқаралы ауданы Н.Нұрмақов атындағы ауылдың Сарыадыр қыстағында дүниеге келген.
Әкесі Нұрмақ өзінің рулас ағасы Ақайдың Хасенінің малын бағып, аңшылықпен айналысқан, бүркіт баптаған. Нығмет ауыл молдасынан хат танығаннан кейін Қарқаралы басындағы екі кластық орыс-қазақ училищесіне түсіп 1911 жылы бітіріп шыққан.
Оқуға зерек алғыр, баланың Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түсуіне ағайыны Хасен бай көмек жасаған.
1915 жылы Омбыдағы оқуын үздік бағамен бітіріп Қарқаралыдағы орыс-қазақ учелищесіне мұғалімдік қызметке орналасады. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін больщевиктер партиясы жағына шығып, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға ат салысады.
1918 жылы Қарақаралы уездік Кеңесінің хатшысы болған.
1918 жылдың қыркүйегінен 1919 жылдың желтоқсанына дейін түрмеде отырып шығады. Қала азат етілген соң тұтқыннан босаған Нығмет Қарқаралы уездік әскери-революция комитет мүшесі болып, осы аймақтан шыққан тұңғыш революционер атанған.
1920 жылы партия қатарына қабылданып, Қазақ АССР-ы Орталық Атқару комитетінің мүшесі болып тағайындалады.
1923-1924 жылдар аралығында өлкенің, заң, халық комисары және прокуроры қызметін атқарады. Сот, тергеу жұмыстарын қазақ тілінде жүргізуге күш салған.
1924 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақ АССР-ы Халық комисарлар комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Қай салада қызмет атқарсада, ол жұмысқа жан тәнімен беріліп, бар күш қайратын ұйымдасдастырушылық қабілетін жаңа қоғам құрылысының өрістеуіне, ұлт мәдениетінің өрлеуіне, қазақтың мәдени мол мұрасының келер ұрпақтың игіліне айналып, рухани қазынасы болуына жұмсаған. Бірғана мысал, атақты зерттеуші, музыка маманы Александр Викторович Затаевич "Қазақ халқының 1000 әні мен күйі" деген еңбегінің алғы сөзіңде Қу баурайына өзін Нығмет Нұрмақов алып келіп, халық творчествосын зертеуге баға жетпес көмек жасағанын үлкен алғыспен айтып өткен.
Сондай-ақ Нығмет Нұрмақов Қазақстанның астанасын Орынбордан Қызылордаға көшіруге көп еңбек сіңірген. Қазақ халқының экономикалық, әлеуметтік жағдайын жақсартып, мәдениетін дамытуды мұрат тұтқан қайраткер Қызлордада қазақ театрының түндік көтеруіне, әйгілі халық әншісі Әміре Қашаубаевтың Парижге баруына қолдау жасаған. Түркісіб темір жолының құрылысынада Тұрар Рысқұловпен тізе қоса отырып, құрылыстың қарқынды жүруіне жағдай жасаған.
1929 жылы Мәскеудегі Жоғары Партия мектебіне оқуға жіберіледі. Осы оқу орнын аяқтаған соң Мәскеуде қалдырылып, Бүкіл Одақтың Орталық Атқару комитетінің хатшысының орынбасары, Ұлттар бөлімінің меңгерушісі болып өмірінің соңғы сәтіне дейін адал қызмет атқарады. Осы қызметте жүріпте ол Қазақстанның өнеркәсіп әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып, қажет мәселелерін Орталық органдар арқылы шешіп беріп отырған.
1937 жылы 27 қыркүйегінде "Халық жауы" ретінде 42 жасында атылып кетті.
Н.Нұрмақовтың әйелі Зүфнүн Нұрмақова қарқаралық Ақбаев Ыбырай болыстың қызы. Олда халық жауының әйелі ретінде ұсталып, түрмелерде тағдырдың тауқыметін тартты. Балалары Тамара балалар үйінде қайтыс болған. Ұлы Ноян 1984 жылы қайтыс болған. Елена, Асқар деген ұрпақтары бар. 1956 жылы 11 тамызда ақталды.
Н.Нұрмақовтың есімі Алматы, Қызылорда, Қарқаралы қалаларында көшеге, Қарағандыда №2 мектеп-интернатына берілген. 2005 жылы туған аулы да Нұрмақов есімін иеленді. 2011 жылдың 28 қазанында басына ескеркіш тақта қойылды.
Нығметтің туған қарындасы Қайшаның қызы Смағұлова Тамара мен туған інісі Жәмелдің інісі Аман Нұрманов ер есімін танытуға сүбелі еңбек етіп жүр.
С.Мұқанов «Есею жылдары» өлеңі, Н.Анов «Крылья песни», Сапарғали Ләмбековтың «Арыстар» кітабы, Сәкеннің «Мұң» өлеңі, Мәдидің өлеңі, Нығметті көз көрген Әшімбек Бектасовтың естеліктерімен қоса т.б. қаламгерлердің мақалаларымен қоса, Нұрмақов мектебінің ұстаздарының еңбектерінен ел арысы жайлы құнды пікірлерді оқуға болады.
2005 жылы "Алаш мұрасы" сериясымен Алматы қаласының "Алаш" баспасынан Н.Нұрмақов еңбектері жарық көрді. Небәрі 42 жас жасап, көрген қызығы аз болсада оның өмірі, істеген ісі маңызды болды. Туған халқы, келешек ұрпақ өз өлкеміздің ардақты ұлын еш ұмытпайды деп білемін.
Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторының кітапханашысы
Ахмадиева А.С.