Әлиман Жәнібек

Жаныма жұмбақ күй тұнып ауыр,

Қана алмай кеткем сиқырыңа бір.

Кездесе кетсем үздіктіретін

Сұлуым едің сүйкімі лағыл.

 

Шашылған шақта жүзіңнен жақұт

Табатындай-ақ ізіңнен бақыт.

Сырғаңдай діріл қағатын жаным

Мойылдай көзің сүзілген уақыт.

 

Даусының тәтті сазынан ерен,

Жолына жыр боп жазыла берем.

Ауызын ашса ай-жұлдыз құлап

Өріле кеткен назынан өлең.

 

Нәзігі ме едің нәресте жырдың

Әлемі ғажап ән ескегіңнің.

Көрмей-ақ кетсем қайтетін еді

Ынтығымды ұрлап тағы еске кірдің.

 

Кімге айтам мына күйімді бөтен?

Кеудеме жыр боп құйылды бекем.

Әлемнің күллі әдемі көркі

Бетіңе мең боп түйілді ме екен?

 

Бір сендік қашан алаң басылар,

Сағыныш сірә, бағаңды асырар.

Жазылмай жүрген мендегі жырдың

Үзігі сендік жанарда шығар.

 

 

***

 

Құнығып...

 

Ақ шұға – ақша бет, гүл ерін,

Араймен аптаған түр өңін.

Мұнарды маңытып күн шықса –

Жымиа салғаны бұл- оның.

 

Тілінен жыр ағып, сыр ағып,

Лебізі түскендей гүл алып.

Бұралып басады, соңында –

Есілген еркелік, бұлалық.

 

Байызда таппайсың тұрақтап,

Жамалы... жанары ұнап қап.

Бір аттап, екі аттап ақырын

Жылатып кетеді жырақтап.

 

Не деген керемет үйлесім,

Бұрала басқанын күй десін.

Күн болып кезеді көк жүзін

Күйдріп кетеді. сүймесін.

 

Байыппен өрілген ерек үн,

Түсінбей, түсініп келемін.

Бір-ақ тал шашына татымай

Адыра қалды-ау бар өлеңім.

 

Ұрынып, тағы да бүлініп...

Мезі етіп бітірді ұры үміт.

Сүзіліп қарасам... қызығып,

Үзіліп кетермін. Құнығып...

 

***

 

Тудыра салған текті өлең,

Көрікті қалқа, көктем ең.

Ақындық қиял болмаса

Адамның қолы жетпеген.

 

Кеудеңе күдік орнаса,

Қасірет емес ол да аса.

Пенденің мұңы белгілі...

Ақынның мұңы болмаса.

Дүние түгел далбаса.

 

Ақынның мұңы сүйген бұл –

Жазылмай тұрған жейдең жыр.

Жейдеңнің сыйып ішіне

Дүние түгел билеп жүр.

 

Жүректі жыр ғып сөйлеткен,

Түнекті нұр ғып кейде еппен.

Дүние күліп тұрады

Бір ғана құлаш көйлектен.

 

Көретін оны көз керек,

Жүрек пе бәлкім өзгерек?!

Ақындық отқа күйгенсің

Тағдырың солай төз демек!

 

Өлеңім сынды піспеген,

Түсіре алмай тістенем.

Көйлектің іші сыртындай

Осы екен өң мен түс деген...

 

***

 

Жұлдыздар жымың қаққанда,

Гүл қыздар жымың қаққанда,

Қап-қара жердің қойнауын

Түнгі ызғар тіліп жатқанда:

 

Жапырақтайын дір қақтым,

Қара аспан болып тіл қаттым.

Алдыңда ай боп толқыдым

Ай мүсін менің сымбаттым.

 

Ерніңдей еріп сен тұрдың,

Тәттіден тұнған ертіндім.

Балауса бейнең бұралып

Ішіне сыймай көркіңнің.

 

Ішімді қойды жандырып,

Еріксіз естен тандырып,

Тілімді байлап тастады

Тамылжып атқан таң қылық,

 

Тылсымға сені жар қылып.

Қайғыға мені қалдырып,

Түнектен сосын түн еткен

Құдайым маған заң қылып

Сүюім үшін жүрекпен.

Күн-айым деді сан жігіт,

Мәжнүн боп кетті мәңгіріп,

Азғын боп кетті қаңғырып.

Түнердім сосын түн өрдім

Түйісу үшін таңменен

Сүйісу үшін мәңгілік!

Тамылжып тұрған таңғы үміт

Сүйісу үшін мәңгілік ...

Түн күзеттім.