Соғыс жылдарындағы балалар

Екінші дүниежүзілік соғысы – қаншама ошақты ойрандаған, талай боздақтың сүйегін жат жерде қалдырған, талай ананың батысқа қаратып көздерін талдырған, талай баланы жаутаңдатып жетім қалдырған қанды қырғын. Бұл соғыс біздің ақ шашты аталарымыз бен әкелеріміздің ерлік пен қаһармандыққа толы биік рухын күллі әлемге танытқан тарихи оқиға.

Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Қиын-қыстау кезінде майданға кеткен әкелерінің, күйеулерінің, бауырларының орнына ауыр еңбекке жұмылған әйелдер мен буыны қатпаған балалар еңбегі етек алды.

Әкем мен анамнан балалық, жастық шақтары жайлы айтқан естелік әңгімелерін тыңдаудан жалықпайтынмын. Мен бүгін қолыма қалам алып, әкем айтқан сұрапыл жылдар жайында ой толғамақпын. Әкем Орынбай соғыс басталғанда 12 жаста екен.

Әкем әңгімесін «Тылдағы әрбір күн соғысқа тең еді» - деп бастады.

«Соғыс жылдарында тылда да қайнаған қызу еңбек болғаны аян. Соғысқа барлық ер азаматтар аттанып кеткен соң, бар ауыртпалық әйелдер мен жас балалар, қарттардың иығына түсті. Ауылда бала болып ойнай алмай, балалық шағымыздың қызығын ауыр еңбекпен алмастырдық. Колхоз жұмысына белсене араластық. Колхозда көктем шықса өгіздің басын жетектеп, оған соқа жегіп, жер жыртамыз. Мал азығын дайындаймыз. Майданнан «қаралы қағаз» келсе жасып қаламыз, сосын жауға деген өшпенділігіміз тұла бойды кернеп, демалыссыз еңбек етеміз. Майдан шебіндегі жауынгерлерге арнап жылы киімдер тігіп, еліміздің барлық ауылдары азықтарының ең соңғы түйірлеріне шейін майданға беріп отырды ғой.

Бір күні колхоз басшысы балаларды жинап, колхоз малын Балқашқа айдап апару керектігін айтты. Бұл күздің қара суығы еді. Жеті баланы таңдады, ішінде менде бармын. Бізге берген тапсырма Балқаш қаласына өгіздерді шығынсыз айдап апару. Жаяу алдымызға өгіздерді салып айдап кеттік. Қолымда құрт, кепкен ірімшік салынған дорба. Арамыздағы жасы үлкендері әлімжетік көрсетіп, кішілерге біраз өнерлерін көрсетті ғой. Әсіресе халық жауының тұқымы деп мені кекете кемсіте бергені ауыр тиетін. Айтып отырғаны 1937 жылы тамыз айында «халық жауы» деген нақақтан сотталып кеткен Дүйсенбай ағасы еді. Сол күздің қара суығы ешқашан ұмытылмайды. Ең қиыны алдымызда кездескен өзеннен малды айдап өту машақатын айтып жеткізу мүмкін емес. Неше күн жүргеніміз белгісіз арып, ашып Балқашқа өгіздерді шығынсыз жеткіздік. Бала болып ойнай да алмаған біздер үшін бұл соғыс көкейден өшпейтін қасіретті жылдар еді» – деп еді.

Ұрпақтары үшін айта жүрелік сіңірген еңбегі мен тәрбиесі мүлдем ұмытарлық емес. Әкем отбасының тірегі де, қамқоршысы еді. Жастайынан еңбекпен шыңдалған әкешім балаларын жастайынан еңбек етуге үйрете білді. Қашанда ақыл-кеңесін айтып, ерінбей еңбек етсек қана нәтиже болатынын құлағымызға сіңіріп отыратын. Сол алған тәлім тәрбиесі, берген ақыл-кеңесі күні бүгінге дейін жадымда сақтаулы. Әке қадірін сезіну, оған бас ию ұрпақтарының парызы. Әкеге деген сағыныш, әкенің қадірін сезіну жүрегімізде мәңгі қалары анық.

Мен әкемнің ұлы жеңіске зор үлес қосып, қазіргі қазақ жастары менің әкем сияқты отан сүйгіш, еңбекқор болып, тәрбиеленсе одан артық мақтан бола ма?

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева