Екінші дүниежүзілік соғыста майдан даласына ерікті түрде сұранғандардың 40 пайызы әйелдер. Әзірге 5250 қазақстандық әйелдердің ерлермен бірге қолына қару алып, майданға аттанғанын білеміз.
Қазақтың Батыр қыздары дегенде ең әуелі аузымызға Әлия, Мәншүк, Хиуаздардың есімдері оралады. Ал қалған бұрымдылар жайлы мәліметтер жоқтың қасы. Ресми түрде тіркелген 5 мың қазақстандық әйелдердің барлығының есімдерін де әлі күнге тап басып айта алмаймыз. 1941-1945 жылдары 5 жылға созылған Кеңес Одағы мен фашистік Германия арасындағы соғыста талай жан қыршынынан қиылды. Міне осы соғыста ерен ерлігімен көзге түсіп, мерт болған кейін одақтың ең жоғарғы атағы Кеңес Одағы Батыры атанған қаршадай қазақ қызы Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге келген. Жалпы Әлияның өмірбаяны баршаға мәлім, ол жайында фильм де түсірілген болатын. 1943 жылдың қарашасында қазақтың қаршадай қайсар қызы Әлия Холм түбінде немістерден «тіл» алу мақсатында жүргізілген барлау соғысына қатысқан. Осы соғыс барысында Әлия солдаттармен бірге немістердің траншеясына басып кіріп, 5 немісті тұтқындаған. Қаңтардың қақаған аязында Насва стансасы үшін қырғын шайқаста 19 – дағы өрімдей қыз жаңбырша жауған оқтың астында сиреп қалған қаруластарын 6 рет шайқасқа өзі бастап шыққан. Ресейдің Псков облысының Новосокольники жері қазақтың қаршадай қызының қаһармандығы айқындалған соғыс алаңы болды. Дәл осы жерде 1944 жылы 14 қаңтарда Новосокольники ауданына қарасты Казачиха деревнясын жаудан азат етуде Әлия Молдағұлова ғасырларға жалғасқан аңыз қалдырды. Бұл қаршадай қазақ қызының соңғы соғысы еді.
Ерен ерлігімен тарих беттеріне есімі алтын әріппен жазылған тағы бір батыр қызымыз - Мәншүк Мәметова. «Мәншүк майданда 418 күн болды. Ұлы Отан соғысы 1418 күнге созылды десек, соның 418 күнінде қазақтың ержүрек қызының азапты күндері мен ерлік істері қалды. Әлемге даңқы шыққан Мәншүк жұмыр жердің бетінде небәрі 21 жыл 13 күн өмір сүрді. Әдетте ерлік жасау үшін ұзақ өмір сүру парыз болмаса керек болар!»,-деген немере сіңілісі Айман Мәметова. Расында да соғысқа аттанып бара жатып анасымен де қоштасып үлгермеген Әлияның фашистік басқыншылармен арадағы қан майдандағы ерлігі бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік үлгі болып қалмақ.
Елімізге сіңірген ерен еңбегі, Отан қорғауда, азаматтардың өмірін қауіпсіздендіру барысында ерлік көрсеткені, Қазақстанның бостандығы мен Тәуелсіздігі жолында аянбай күрескені үшін берілетін «Халық қаһарманы» жоғары атағы 1993 Елбасы заңымен бекітілген болатын. Міне, осы мәртебелі атаққа ие болғандардың бірі «қазақтың қанатты қызы» атанған тұңғыш әскери ұшқыш Хиуаз Доспанова. Ерлермен бірге қан майданда қаһармандық пен қайсарлықтың қайталанбас үлгісін көрсетіп, өшпестей даңқын қалдырған қазақтың қайсар қыздары Әлия, Мәншүк және Хиуаз әрқашан да құрметтеуге тұрарлық асыл тұлғалар.
Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы Искакова А. Ж.