Кітапты оқудың 3 түрі бар: бірінші - оқып шыққаннан кейін еш нәрсені түсінбеу. Екінші - оқып шыққан нәрсеңді түсіну. Үшінші - оқып шыққаннан кейін тіпті кітапта жазылмаған сырды ұғыну.
Я.Княжнин
драматург
Кітап – ерекше әлем. Оқып отырып, сіз жаңа әлемнің есігін ашасыз, жоғарыда айтылғандай тіпті, кітапта жазылмаған сырды ұғынуыңыз да ғажап емес. Бойыңызда жаңа әдеттер қалыптасып, ойлау жүйеңіз өзгеріске ұшырайды. Көптеген мүмкіндіктерге жол ашасыз: концентрацияны дамытасыз, демаласыз, әлемнің кез-келген кемеңгерінің кітабын оқи отырып ақыл ала аласыз, әлемде небір миллиардерлер кітап жазған солармен ешқандай күш пен шығынсыз кітап арқылы тілдесе аласыз. Сондай-ақ, кей адамдар тәжірибе жүзінде әлсіз болса да, оқудың арқасында биікті бағындырып жатады. Неге? Өйткені, оқу арқылы ойыңыз ұшқыр бола түседі.
Ойыңыздың ұшқыр болуынан бөлек сіз кітап оқу арқылы өзіңіздің бойыңызда қалыптасқан дағдыларды байқайсыз. Мысалы: Мен кітапты оқу кезінде қалыптастырған дағды – кітапты «кітап белгімен» және міндетті түрде қарындаш ұстап оқу (қарындаш шығармадағы әдемі сөздердің немесе әсерлі оқиғалардың астын сызып қою үшін қажет). Қазіргі уақытта кітапты сүйіп оқитын жандар көбейіп келеді. Әрине, ол үлкен қуаныш. Ал осы асыл қазына – кітапты оқуға беттей алмай жүрген де жандар бар. Ондай адамдарға кеңесіміз: Сіз кітап оқу кезінде ең алдымен – өзіндік пікір қалыптастыра алатыныңызды, бір тақырып төңірегінде бірнеше кітап оқи отырып, көзқарасыңыз бен пікіріңіз де өзгеріп отыратынын байқайсыз. Есте сақтау қабілетіңіз жақсарып, адамдар жайында көп нәрсе біле аласыз. Өйткені, жақсы кітап кейіпкерлердің болмысын ашып, мінезін сипаттайды, мұнымен қатар қиындыққа тап болған кезде қандай әрекеттер жасайтынын баяндайды. Кітап киноға қарағанда әлдеқайда жақсы екенін біліңіз, дүниетанымыңыз кеңейіп, жаңа идеяларыңыз пайда болады. Қызықты әңгімелесушіге айналасыз. Көркем әдебиетті оқыған адам кез келген жанмен тез тіл табыса алады. Авторлар көрген-білгенін, өзінің тәжірибесінен сұрыптап алғанын ғана жазады. Ал сізде ол тәжірибелерді пайдалану мүмкіндігі туады.
Оқу – бұл өзіңізге құйған инвестиция деп біліңіз, егер осы инвестицияға уақыт таба алмасаңыз, алға қойған мақсаттарыңызға жете алмауыңыз мүмкін. Және, кітапты «оқимын» деп емес, «сұрағыма жауап табамын» деп оқыңыз. Мысалы, сіз бір кітапты оқымас бұрын өзіңізге «Мен мына кітапты не үшін оқып отырмын?», «Кітаптан қандай пайда аламын?», «Кітапты қанша күнде оқып бітіремін? деген сияқты сұрақтарды қойып көріңіз. Нәтижесінде, бойыңызда кітап оқу кезінде болатын бірнеше дағдылар қалыптасады.
Мысалы, төменде көптеген адамдардың кітап оқу барысында пайда болған дағдылары жазылған, сіз де осылардың бірін өзіңіздің кітап оқу кезіндегі дағдыңызға айналдыра аласыз: 1. Кітапты ұйықтар алдында емес, жұмыс алдында оқыңыз, өйткені ұйықтар алдында сіз кітаптың ең көп дегенде 4-5 бетін ғана оқисыз да ұйықтап қаласыз. Керісінше, кітапты ұйқыдан тұрған соң оқыған пайдалы. 2. Кітапты жолда оқыңыз және кептелісте 1 сағат тұратын кездер болады сол уақытты тиімді пайдалану үшін сөмкеңізге кітап салып алыңыз. 3. Бірнеше кітапты бір уақытта оқыңыз, бірнеше кітапты бір сәтте оқу пайдалы. Себебі, сіз бұл әдіс арқылы бір оқиғадан екіншіге, екіншіден үшінші оқиғаға көше аласыз. Әрі мидың жұмысы да жақсарады. 4. Кітапты дауыстап оқыңыз. Дауыстап оқығанда ақпарат есте қалады. 5. Кітап ұнамаса, оқымаңыз бұл өте маңызды. 6. Кітаптағы ақпаратты ұзақ жадыға сақтаудың тиімді жолы эмоция арқылы оқылуы. 7. Оқыған кітаптарыңыздың тізімін жасап жүріңіз, тек кітаптардың ғана емес, оқыған әрбір кітаптың ішінде ерекше сюжеттерді де қысқаша етіп жазып қойғаныңыз абзал. Кейін оқыған кітаптарыңыздың есіңізден шығып кеткен тұстарын сол жерден қарап, есіңізге түсіріп ала аласыз.
Сонымен, сіздің соңғы оқыған кітабыңыз қандай? Кітапты қаншалықты жиі оқисыз? Кітапты жиі оқыған сайын, өзіңіздің бойыңызда да кітап оқу барысында болатын дағдыларды қалыптастыра бастайсыз.
Жамауова Ұ. Кітапханаларды дамыту бөлімі