Қалмұқан Исабаев 1925 жылы 25 тамызда Павлодар облысының Баянауыл өңірінде туған. 1943 жылдың қаңтарында 10-шы сыныпта оқып жүргенде Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, сұрапыл соғысты бастан кешеді. 1954 жылдың күзінде әскерден босап, елге оралады. 1954–1955 оқу жылында Алматы қаласының кешкі жастар мектебінде 10 сыныпты бітірісімен, Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетіне сырттай түсіп, оны 1961 жылы бітіріп шығады және осы уақытта «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер болып істеген.
«Баян» атты әңгімесі 1954 жылы «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналына жарияланған. Ертіс – Қарағанды каналының жобасымен танысып, 1961 жылы болашақ су жолы жүретін жерлермен 500 километр жаяу сапар шегіп, нәтижесінде «Арман арнасымен» атты күнделік кітабы жарық көрді. Он екі жыл бойы құрылыстың басы-қасында болып, «По руслу мечты», «Подвиг в степи», «На стыке судеб», «Сұңқар самғауы» атты кітаптар, жүзден астам проблемалық очерктер мен мақалалар жазды. 1992 жылы Павлодар облысындағы Ермак қаласына қойылған басқыншы атаманның ескерткішін алуға, қала атын Ақсу деп өзгертуге атсалысты.
Драматургия саласында «Десант» атты комедиясы Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1984 жылғы байқауында жүлдеге ие болған. 1979–1980 жылдары Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін мәрмәр тасқа қашатып, Гетенің ГДР - дегі Габелбах музейіне қойған және осы сөзге жазылған Абай әнінің магнитофон таспасын тапсырған. ГДР газеттері Тюрингияда шырқалған Абай әнін жыл сайын 60 мыңдай адамның тыңдайтынын жазды. Жазушының бастамасымен 2000 жылы Берлиннің бір көшесіне Абай аты берілді. Қалмұқан Исабаев Қызыл Жұлдыз (1945), Еңбек Қызыл Ту (1975), «Құрмет» ордендерімен, ГДР - дің Герман–Совет достығы қоғамының алтын белгісімен (1983) және көптеген медальдармен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2005).
Біздің кітапханамызда жазушының жазған романдары мен жазба – новеллаларынан тұратын көптеген кітаптары бар. Көп шығармалары Ұлы Отан соғысында болған оқиғаларды қамтиды, сондай – ақ көп оқылатын «Шоң би» трилогиясында әрбір оқиға, әрбір дау-дамай сайын Шоң бидің шоқтығы биік, біртуар жан екеніне шүбәсіз иланасың. Жазушы шығармалары оқырмандар сұранысына ие.
Ғибратты ғұмыр иесі - Қалмұқан Исабаевтың жарқын бейнесі ел жүрегінде мәңгі сақталады.