«Қазақстан Жазушылар Одағының, шығармашылық одағының құрылуына 95 жыл»

  Қазақстан Жазушылар Одағы қазақ әдебиетінің қара шаңырағы. Оның аясында талантты қаламгерлер - ұлтымыздың рухани, мәдени және тарихи дамуына үлес қосқан. Қазақстан Жазушылар Одағы - Қазақстан жазушыларының жұмысын ұйымдастырып, басшылық жасайтын қоғамдық ұйым болып табылады. Алғашында 1925 жылы 12 шілдеде Қазақстан пролетариат жазушыларының ассоциациясы болып құрылған. 1932 жылы Қазақстанның Кеңестік Жазушылар  Одағы  ұйымдастырылып,  1934 жылы   12-18 маусым күндері 1 – сьезі өтті. Алғашқы басқарма төрағасы болып Ілияс Жансүгіров сайланды. Ғасырға жуық кезеңінде одақты қазақтың кеменгер тұлғалары: С. Сейфулин, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Мүсірепов,  Ж.Молдағалиев және басқада белгілі ақын жазушылар басқарды. Олар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жоғын түгендеп, барын қастерлеуде, талай қиын - қыстау кезіңдерді бастан өткізді. Ұлт мүддесін шығармасына арқау еткен қаншама зиялыларымыз қуғын – сүргіннің құрбаны болды. Оған қарамастан қазақ әдебиетін  әлемге танытты. 

1935 жылы елімізде КСРО әдеби қорының қазақ бөлімшесі құрылып, Қазақстан жазушылар одағын мемлекет тарапынан қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Алғашында идеологиялық қару ретінде құрылғанымен, Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған арыстарымыз ұйым жұмысын ұлт әдебиетіне, тұтас халықтың мүддесіне қарай бағыттай білді. Ел тағдыры мен жер тағдыры қыл үстінде тұрған кезеңде өмірге келген Жазушылар одағының үлкен міндеттерінің бірі – ауыз әдебиетінен тамыр тартқан, Абай поэзиясынан бастау алған жазба әдебиетіміздің бай мұрасын жинау мен екшеу, дамыту мен қорғау және оны кеңінен насихаттау еді.

Жиырмасыншы ғасыр Абайдың өлмес өлеңдерімен бесігін тербетті.

Жиырмасыншы ғасыр Жамбыл жырларымен жөргегін орады.

Жиырмасыншы ғасыр Махамбеттің  өршіл рухымен ер жетті,

Жиырмасыншы ғасыр көшпелі өркениеттің таңғажайып табиғатын танытар Әуезовтің  текті жаратылысы болып әлемді шарлады.

Жиырмасыншы ғасырдың соңғы жалдарындағы қоғамдық формациялардың ауысуына байланысты әдебиетіміздің басынан өткен қиындықтар, әдеби өмірдегі қым – қиғаш қайшылықтар кезеңінде, қазақ руханиатының қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағын сақтап қалу үлкен іскерлік пен ұйымдастыруды қажет етті. Ғасыр соңындағы қоғамдық үрдістің өзгерістері бір дәуірдің екінші бір дәуірге, бір формацияның екінші формацияға ығысып орын беру тұсындағы ауыртпалықтар әдебиетіміздің дамуына да өз «салқынын» тигізгені бүгінгі қазақ қаламгерлерінің бәрі біледі. Экономиканы алдыңғы орынға шығарған сол бір нарықтың өтпелі қиындық кезінде алыптар мен арыстарымыз өз қолымен құрған киелі шаңырақ – Қазақстан Жазушылар Одағы өзге респбуликалардағы жазушылар ұйымдары қатарлы үлкен ауырлықты бастан кешті. Жойылып кетуге шақ қалды. Кеңес одағы тарағаннан кейінгі осы бір алма ғайып кезеңде бұрынғы алып империяның орнында дүниеге келген тәуелсіз елдер әдебиетінің бастан кешкен қиындықтары, ең әуелі қаламгерлердің басын құрап, олардың кәсіби жұмысын жолға қойып отыруына мұрындық болар әдеби ұйым өмірінен айқын көрініс тапты... Бұл қиындықтар барша қаламгерлердің шығармашылығынада кері әсерін тигізгені жасырын емес.

Одақ «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Простор» журналдарының құрылтайшысы. Құрамында проза, поэзия, драматургия, сын, көркем аударма, публицист., очерк, сатира, фантастика, балалар әдебиеті, орыс, неміс, корей, ұйғыр әдебиеті жөніндегі шағарма кеңестер жұмыс істейді. 1925жылы Қазақстан жазушылар одағының оншақты ғана мүшесі болса, қазіргі уақытта 900ге жуық мүшесі бар. 

1956 жылдан Қарағандыда Қазақстан Жазушылар Одағының облысаралық бөлімшесі құрылды. Жазушылар Одағының Қарағанды филиалы қызметінің бағыты - қазақ классикалық әдебиетінің рухани дәстүрлерін жалғастыратын прозаның, поэзияның, публицистикалық көрем әдебиеттерді және де  Қарағанды жазушыларының шығармашылығын насихаттау болып табылады. Ол алғашқы кезде республиканың солтүстік жағындағы бірнеше облысты қамтыды. Бөлімшенің жауапты хатшылығына Ж.Бектұров тағайындалды. Осы кезең ішінде аймақтан елуден астам ақын-жазушы Одақ мүшелігіне өтті. Бөлімше қамтыған өңірден әдебиетімізге Жезқазған жақтан А.Жұмаділдин, А.Қаражігітов, Ақмоладан А.Сатаев, Қарағандыдан Е.Бөкетов, Ә.Әзиев. А.Сейдімбеков, Ө.Ахметов, К.Сауғабаев, С.Ақсұңқарұлы, Б.Мамыр, С. Сағынтайұлы, қосылды. Теміртаудан Ю.Герт, Д.Оськин, Л.Усова сияқты орыс қаламгерлері шықты. Қарағандылық бірнеше жас таланттардың тырнақалды еңбектері республикалық баспалардан жеке кітап болып шықты.

Қазіргі уақытта Қазақстан Жазушылар одағының Қарағандыдағы Жазушылар Одағы филиалының ең маңызды міндеті - әрбір авторға өз әлеуетін барынша толық іске асыруға және оқырман аудиториясын танып білуге, қол жеткізуге көмектесетін шығармашылық орта құру болып танбылады. Сондай – ақ ҚЖО филиалының бас төрағасы – Серік Сағынтайұлы. Қазіргі таңда ақындарымыздың ізін жалғап келе жатқан Мирас Асан, Жадыра Байбұланова, Жәнібек Әлиман, Алмаз Мырзахмет және тағы басқа жас ақын-жазушылар - туған жеріміздің мақтанышы. Бүгінгі Қарағанды Жазушылар одағында ақындар клубының яғни «Жыр жауһар» клубының негізін қалаушысы - Алмаз Мырзахмет.

Біздің қаламгерлердің ынтымағы мен бірлігінің арқасында үлкен ұйымның тамырына қайта қан жүгіріп, өтпелі кезең артта қалды. 95 жыл толғалы отырған қазақ жазушыларының еркін ұйымы осындай ел тағдыры мен тіл тағдыры қыл үстінде тұрған сұрапылы қатты, сұрқия пиғылы да жеткілікті кезеңде өмірге келген болатын.

 

Абонемент бөлімінің кітапханашысы: А.Абдулганитова