Қазақ салт-дәстүрінің бірі Тұсау кесу

Қазақ халқында балаға қатысты наным-сенімдер өте көп. Халқымыз балаға, әсіресе бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Жалпы бала дүниеге келгеннен бастап, есейген шағына дейін әр түрлі әдет-ғұрып жасалады. Қазақ халқы баланы ерекше қадірлеген. Біз сәби дүниеге келгенде Шілдехана жасау, 40 күн толғанда Қырқынан шығару, ат қою, бесікке бөлеу және «Тұсау кесу» секілді ғұрыптарды әлі күнге дейін орындап келеміз.

Осындай өмір салтымызға көрік беретін дәстүріміздің бірі – «Тұсау кесу». Бала бесіктен белі шығып, еңбектеуден өткен соң, аяғын қаз қаз баса бастайды. Бала өз аяғымен туған жерінің топырағын басып, ізін түсіріп таң тамаша болады. Бұл нәрестенің алғашқы талпынысы өзі жасаған тіршілігі. Осындайда дана халқымыз баланың келешегіне ақ жол тілеп, Бала тез жүріп кетсін деген ниетпен «Тұсау кесу» тойын жасайды. Баланың тұсауы кесілмесе онда ол бала сүріншек болды деген түсінік қалыптасқан. Ал тұсауы кесілген бала біреудің ала жібін аттамайтын адал, жолы ашық азамат болады деп санаған. Сондықтан, қаз тұрып, тәй-тәй басып келе жатқан баланың тұсауын кесу бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан дәстүр.

Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кестірген. Ала жіппен – бала ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алатын, адал азамат болсын деген ниетпен кесе, ал малдың тоқ ішегімен кесу себебі, бала бай, дәулетті азамат болсын деп ырымдауында,ал көк шөппен кесу себебі, бала шөптей қаулап өссін, шөп сияқты көгеріп, көбейіп, көктесін, ұрпақты болсын деп ырымдаған. Баланың тұсауын жәй басар, сүріншек адамдарға кестірмейді. Баланың тұсауын жиналған көпшілік арасынан шаруаға икемді, елгезек, қимылы ширақ, іске епті қасиеттерімен көзге түсетін, пысық адам таңдалып алынып, соған кестіреді. Болашақта бала сол адам секілді үлгі тұтарлық азамат болсын деген ниетпен пысық адам таңдайды. Тұсау кесетін адам тұсау кесу дәстүрінің негізгі жабдықтарына 1,5 метрдей ала жіп мен пышақты өзімен бірге алып кетуі тиіс. Тұсау кесуші әже немесе әйел тәй-тәй басқан баланың аяғына ала жіп байлап жатып:

                                                     Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
                                                      Қадам бассаң мәз болам.
                                                        Күрмеуіңді шешейін,
                                                         Тұсауыңды кесейін –

өлеңдете отырып, тұсауын пышақпен кеседі. Содан кейін тұсауы кесілген баланы жайылған ақ матамен немесе кілеммен қолынан жетектеп жүгіртіп,шашу шашады.

Баланың тұсауын қайшымен емес, пышақпен кесу керек. Қазақ халқы қайшылануды жақсы ырымға баламаған, сондықтан баланың тұсауын қайшымен кестірмеген. Сол себептен, ата-бабамыз «баланың өмірі қайшыланып қалмасын» деп, тұсауын қайшы емес, пышақпен кескен. Ата бабамыздың асыл мұрасын қадірлеп жоғалғанды жаңғыртып қайта жанартатын да ендігі ұрпақтың өз қолында.

 

                                        Ақпараттық – библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің кітапханашысы Искакова Н.О.