Міне, жадырап жаз өтіп, алтын күз де келіп жетті. Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім-ақ сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен елестетеді.
Білім күні - жас жүректердің дүрсілі. Аса көрнекті қазақ геологы, академик Қаныш Сәтбаев «...1 қыркүйекте не салтанатты шеру, не салюттер болмайды. Бірақ бұл күн ешқандай мерекемен тең келмейтін, білімнің асқар шыңына жетелейтін, қайталанбайтын күн. Бұдан асқан ұлы мереке жоқ» - деп толғаған.
Мектеп... Шәкірт...Ұстаз... Осы үш сөз бір арнаға тоғысқандай. Бұл қаламның басы мен ұшы сияқты, егіз жүретін түсінік. Мектеп пен шәкірт... Ал, осы екі ұғымға жан бітіретін құдірет иесі әрине, – ұстаз. «Мектеп – білім тірегі, Ұстаз - оның жүрегі» деген тіркес осы сөздерімнің мәнін ұқтырғандай.
Алғаш қолыңа қалам беріп, сені білімнің тереңіне бойлатып, үлкен өмірдің қыр-сырын үйрететін алғашқы ұстаз кім-кімнің де жүрегінің түкпірінде қалатыны даусыз. «Ұстаз» деген ұлылықтың қадір-қасиетін мен де сол алғашқы ұстаз арқылы жете түсіндім. Осы орайда Д.Ушинскийдің: «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі.» деген дана сөзі ойға келеді.
Мектепті білім айдынындағы үлкен кемеге теңегім келеді. Осы кемеде бала он бір жыл уақытын өткізеді. Бұл кемеде небір дарынды тұлғалар да, әлемді бас идірген ағаларымыз да, сіз де, біз де отырдық.
Екінші анамыздай бар жылуын бізден аямай беріп жүрген жандар – аяулы ұстаздар, «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» дегендей, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс ана мен бала не әке мен бала арасындағы сүйіспеншілікпен бірдей.
«Оқу – білім қазығы, Адамның азығы. Оқу өмірдің сәні, Тіршіліктің шамы» - деген Сәкен Сейфуллиннің сөзімен қорытындылағым келеді.
Барша ұстаз қауымын және оқушыларды Білім күнімен құттықтаймын!
Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторы
Орынбаева Ш.А.