«Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы,
Танисың ба сен мені
Мен қазақтың баласы!... – деп өзінің батыл ойлы, шыншыл да терең сырлы, дауылды поэзиясымен әр буын оқырмандар сүйіспеншілігіне ие болып, жас таланттарға өте күшті әсер етіп келе жатқан біртуар дарын Қасым Аманжоловтың рухты жырларынан қуат алып келеміз.
Қасым поэзиясы - асқақ рухты. Оның «Нар тәуекел», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Заула, заула Турксиб», «Сұлтанмахмұт туралы баллада» сияқты өлеңдерінде өрісті ойлар, терең сезім қуаты, өткір тіл байлығын байқаймыз. Ол көркем аударма өнерінің үздік шебері. Орыс, Батыс пен Шығыс поэзиясының классикалық туындыларын, лирикалық өлеңдер мен поэмаларды қазақ тіліне аударған дауылпаз ақын.
Қасым қалың жұртшылыққа өзінің ақындығы, аудармасымен ғана емес, сонымен қоса әнімен, домбыра, сырнай, скрипка, пианино тартатын әдемі өнерімен де танылған. Ол өз өлеңіне ән шығаруды өте қызық көрген. Оның «Дариға», «Туған ел» т.б. әндері бар.
Қасым поэзиясынан халық жанының батырлығын, жомарттығын, бауырмалдылығын, алғырлығын молынан табамыз. Қасымның мейлінше жалынды, күйлі, сыршыл поэзиясы - әр ұрпақтың да көңіл серігі бола алатын, ұзақ жасайтын поэзия.
Осыған орай, қоңыр күз сайын ұйымдастырылатын поэзия мерекесі бүгінгі таңда кең құлаш жаюда. Қасым Аманжолов оқулары – жастардың бойындағы патриоттық сезімді нығайтып, жаңа есімдерді анықтап оларды жұртшылыққа таныстыратын бірегей жоба деп айтамын. Себебі бұл шара ақынның 100 жылдық мерейтойы аясында 2011 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Аймақтық, облыстық көлемде бастау алған шара 2018 жылдан республикалық деңгейде ұйымдастырылып, көлемін кеңейтуде. Бұдан ақын жырларының өміршеңдігі екенін көреміз. Қасымның дауылды жырларымен сусындап келе жатқан жастардың саны жылдан жылға молайып келеді. Республиканың түкпір - түкпірінен осы шараға қатысуға ниет білдірген яғни, Қасымның рухымен оянған жастарды көргенде қалай қуанбайсың. Көбінесе «қазір жастарымыз кітап оқымайды» деп жатамыз, осындайда өршіл рухты ақын жырларын жатқа біліп жүрген жастарды көргенде «жастар кітап оқымайды» деп пікір ой айтушылардың сөзіне келісе алмайсың.
Қасым оқуларының тағы ерекшелігі ақын рухына тағзым етіп, оның жанартау жырлары арқылы Тәуелсіз ел жастарының рухани жиегін кеңейту мақсатында «QASYM» сериясымен жарық көрген кітабы.
Алғашқы жинақта көзі көрген ақын жазушылардың естелік жырлары Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Ғафу Қайырбеков, Жұмекен Нәжімеденов сынды ақындардың арнауларымен және кейінгі толқын «Жыр жауһарлық» ақындар Мирас Асан, Жәнібек Әлиманға дейінгі Қасымға арнаған өлеңдері топтастырылған.
Екінші кітабында ақын туралы танымал қаламгерлердің Қасымтануға қосқан үлестері, мақалалары жазылған. Кітаптың шығуына жетекшілік етіп, басы-қасында болып, қазыналы өлкенің әдеби өмірінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан жас прозашы Алмаз Мырзахметтің еңбегін атап өткім келеді. Рухани мұра – оқырман олжасы. Бұл сериямен жаңа авторлардан тұратын кезекті топтамалар жыл сайын жарыққа шығып тұрады. Жылда ұйымдастырылатын бұл шара әр жылда әртүрлі аталымда өтеді.
Биылғы ұйымдастырылып отырған «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» атты республикалық дәстүрлі Х Қасым оқулары қазіргі кезде елде болып жатқан каратиндік режиміне байланысты 2020 жылдың 21 қазанда ZOOМ платформасында өтеді. Байқау ЕРЕЖЕСІН karlib.kz сайтында оқып біле аласыздар. Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өтетін бұл байқауға 16 жас пен 25 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Қасым – қазақтың ақыны. Қасымды ұлықтағанымыз қазақты ұлықтағанымыз. Сондықтан Құрметті достар! Дауылпаз ақынымыздың жырын асқақтата берейік!
Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Г. Жаркеева