Медеубаев Қуаныш

ӨМІР ОЛ – ҰЙҚЫДА ӨТКЕН СӘТ

Өмір ол – ұйқыда өткен сәт,

Тәп-тәтті түс көріп оянған…

Қиялмен бақиға өткел сап,

Ажалдың түсіне боялған.

 

Жұмақтың алхоры гүлдерін,

Саусағың ұшынан шық тамып,

Аялап сүйесің, күн керім,

Кеудеңді түнектен құтқарып,

Ала алмай қиналар шынайы,

Көзіңде мөлдіреп көктемдер,

Жалғанның қарсы алып құдайы,

Гүлменен көктеліп өткелдер,

Ол сені ертіп ап маһшарға,

Бастайды сыр шертіп өткенге,

Жетпейтін қолың да, ақшаң да.

Босаға тұсына жеткенде,

Артыңда періште қалады,

Басыңа тәж қойып алқызыл,

Анаңдай шығарып салады,

Қимайтын сапарға жалғызын,

Жанарың орнында жастарың,

Жастарың соңында жанарың,

Жаныңды жолдас қып қас-қағым,

Тәніңді топырағы даланың,

Құшақтап, күңірене боздайды,

Адамдар жалғаннан озғанмен,

Дүние адамнан озбайды!

Бұл өмір ұйқың ғой тәп-тәтті,

Түсіңдей… бақыт мол, аз қайғы….

Бір күні жаратқан бір Алла,

Оян деп, тәніңді қозғайды…

……………………………………………

Ұйқы – өмір… ғұмырым түс болса,

Қиялмен мен әлі жортамын.

Ұйқылы жаныма құс қонса,

Оянып кетуден қорқамын!

 

                 ШЫҒЫСТЫҢ ҚҰСЫ

Шығыстың қызы! Алтайдың дүрия көркемі,

Жанымды жалын, көзімді сағым өртеді.

Ерке қылығы еркектің бәрін елтеді,

Өйткені, оның әрбір қимылы ерке еді,

Қылығы мендік жүректің қылын шертеді,

Шығыстың ақын аруы неткен ерке еді,

Бүгіні ғажап, ертеңі қандай, ертеңі –

Мен сағынатұғын бала күнімдей ертегі.

Шәрбатын ішіп аққулы айдын көлінен,

Ғаламға сыймас сұлулық кейпін көріп ем,

Ол-дағы менің жүрегіме ынтық бейдауа,

Гүл үзіп берді көктемі жүрген төрінен.

Самырсып тұрған самырсын жұпар келбеттім,

Кәусарын аңсап, сезімге сусар шөлдеппін,

Алтайдан ұшқан аққуды ертіп, қанатты,

Жүрегімдегі періштекөлде тербеттім.

Әрі де манат, бәрі де ғажап ондағы,

Қызғалдақ тағдыр алқызыл жауқаз жолдағы,

Мені де көміп, еліне көрік жанары,

Маздады келіп шырағым болып қолдағы.

Күлкісі таңның арайын қуып ғаламнан,

Ботакөз қалқа киіктен сұлу, маралдан,

Жаралған жан-ау, пейіштің кәусар нұрынан,

Даламнан аққан шәрбат бұлақтан нәр алған,

Болмысы бөлек, шолпысы кенет шашылса,

Жанарым бұрқап жарқ етер едім жасынша…

Шығыстың құсы еліне ұшып кетеді-ау,

Аңғал жүрегім абайсыз бір күн ашылса…

 

НЕКЕ ЖҮЗІГІ

 Киік құсап басқа өңірге аусақ та,

Жауын болып, басқа өлкеге жаусақ та,

Жүрегімде сенің ғана суретің,

Жүзік-тағдыр тұрғанымен саусақта.

 

Сол жүзігім жүрегімді күйдірсе,

Көңілімнің бұлттарын идірсе,

Сол күйікті ақ жауын боп басар ем,

Шіркін, тағдыр сені бір рет сүйдірсе…?!

 

Өмірімді моншақтайын тізіп күн,

Жазуымен саусақтағы жүзіктің,

Саған деген сезімді емес, періштем,

Саған барар жолды ғана үзіппін…

 

Кім айтады, енді мені ғашық деп…

Жыламашы, қара түнде жасып, тек.

Жоғалған бір жүзік көрсең жолыңнан,

Жанарыңның тамшысымен басып кет…

 

Жүзік – шеңбер…

Үзе алмайтын үзігін,

Мен – фәнидің көктемі жоқ күзімін…

…Әйелімнің ішін өртеп келеді,

Саусақта емес, жүректегі жүзігім…

 

Өзге кімнен мендей жүрек табарсың…?

Өз жолыңмен өз отыңды жағарсың…

Тағдырыңның үзілгенде үміті,

Сен де бір күн сол жүзікті тағарсың…

 

Сосын бізге жабылады есіктер,

Ортамызда соқпағы жоқ, бесік-бел…

Тағдыр бір күн жолықтырса, біздерді,

Саусақтағы жүзігіңді шешіп кел…

 

P.S.

Өмір – сенің тағдырыңның түзімі,

Табылмайтын шығатұғын үзігі…

…Үйленсе де, әр адамда болады,

Жүрегінен шешілмейтін жүзігі…

 

Төртінші КҮНӘ

 Алтыным-ай, тағы мені кешірші…!

Күнәміз бұл, нешінші?!

Ештеңе деп тіл қатпасын жүректер.

Үнсіз ғана шешінші…

 

Жарқыным-ай!

Бал үніңнен тұнып бір сәт құлағым,

Шатастырсам, екі әлемнің жұмағын,

Тәңір кешсін, Жаратқаннан мен әйтеу,

Мына түннің тез атпауын сұрадым.

 

Саусағыңнан…

Самалаған шашымды,

Түн шуағы шашылды!

Ерініммен сүйіп ала беріппін,

Кірпігіңе тұншыққан сол жасыңды…

 

Көріктім-ай!

Әр деміңнен гүл төгіліп, әредік,

Тамағыңнан бал еміп,
жатқан кезде, мына жұлдыз ғаламда,

Тек екеуміз бар едік…

 

Кәусарынан,

Аңсарынан жыр төгілтіп кеудеңнің,

Кірпігіңнің қағысымен тербелдім…

…Әйнегінен түннің не деп қарайсың,

Ей, тағдырым!

Мен – күнәһар пендеңмін!

 

Алтыным-ай!

Бас айналып бақыттан,

Байқамаппыз…

Қалыпты ғой атып таң.

Тәттілігін татып қана үлгердік,

Қайта оралмас уақыттан!

 

Жақындашы…
Жалындасын жанымыз…

Тұнығымнан тәтті үміттің балын үз!

Жақсылыққа қанша құмар болсақ та,

КҮНӘҺАРМЫЗ – БӘРІМІЗ!

 

P.S.

Адам болып жаралғасын сірә, сіз,

Махаббатқа құштар болып тұрасыз…

…Періште боп туу керек шығар-ау,

Бейіш жаққа бару үшін күнәсіз…?!

 

ҚОНАҚ ҮЙДЕГІ ХАТ

 … Сол қонақ үй…

Сол күнәһар…

Сол бөлме…

Тек сен жоқсың жалғызбын.

Иығына сағынышын өңгерген,

Бір саптыаяқ сыра ғана алғыздым…

 

Екеуміз тек білетұғын, сол түннің,

Құпиясын жүрегіме жерлегем.

Сыңғырына құлақ түріп, шолпыңның,

Сағыныштың жетегінде келген ем.

 

…Бізді күткен кереуетке жайғасқам.

Күзді күткен жүрегіммен жаралы…

Ізгі үміттен адасып қап ай қашқан,

Мақпал-түннің үнсіз берер жауабы.

 

Көлегейлеп қараңғылық пердесін,

Түскен айдың жылап жатыр бейнесі.

Жұмулы бұл жанарымда сен тұрсың,

Иығынан сырғи түскен жейдесі…

 

Сол қонақ үй…

Мамық-кештің шолпылы,

Гүлімді іздеп, тағы келдім қаңғырып.

…Жалғыз рет біз кездескен сол түні,

Қойыныма сағынышты қалдырып,

Жоғалдың, сен мәңгілік…

 

Екеумізді жолықтырған кешірек,

Неткен кең ед, бұл бөлменің келбеті.

Бірақ, бізді сыйдырмаған төсіне,

Неткен тар ед, мына қала, жер беті?!

 

Бірақ осы қарашықтай бөлмені,

Фәнидегі жұмаққа біз теңедік.

Көзімізді жұмып тұрып сол беті,

Мәңгілікке ұшып кетсек деп едік…

 

«…Енді сені көре алмасым белгілі,

Саған деген сағыныш тек жұбаныш…

…Іздеп келсең, сен де мені ендігі,

Сол баяғы өзің сүйген Қуаныш…»

 

КӨКТЕМ КЕЛСЕ…

Соқпағынан арманның адасқан күн,

Тағдырыммен тартысып таласқанмын.

Бұлт едім мен, көз жасын сирек төгер,

Төсінен қарап тұрған қара аспанның.

 

Бағымыз тарам-тарам үш арнадан,

Жоғалып, жолын тауып ұша алмаған,

Жарқыным-ай, қайтейін енді сені,

Қара жер боп жасымды құша алмаған.

 

Еңлігім-ай!

Шыңда өскен гүлім менің,

Хауыздай ерініңнің дірілдерін,

Жүрегімнің роялінен ән ғып төгіп,

Көзімде жұмақ болып күлімдедің.

 

Гүлім менің!

Сол түндерден сезімдер сырнай төккен!

Сабағыңнан өзіңді жұлмай кеткем.

Көңілге сағыныштан басқа ем жоқ,

Өмірге келмейді енді мұндай көктем!

 

Есіңде ерке шақтың елестері,

Қинайды тәтті сәттер тек естегі.

Қайтадан гүлдемейді, кешір күнім,

Қызғалдақ-тағдырымыз белестегі…

 

Қызық жері шетінен бүктелмеген,

Кітап-ғұмыр өтуде құт кернеген.

Баяғы бәз қалпында оралмайды,

Ол күндер сағынышпен күткенменен…

 

Бір үмітті өшіріп, бір күдік кеп,
Жүрегімді өртесе мұңды үгіттеп,

Алып-ұшып өзіңе жеткім келед,

Терезесін төзімнің сындырып кеп…

 

Көздерім гүлдеп тұрған көк бел көрсе,

Көтеріп қарайлаймын өткенге еңсе.

…Өзіңді көрем деген үміт тірі,

Шіркін-ай, көктем келсе…

Көктем келсе…!

ЖҮРЕГІМДЕГІ ХАТ

Сенде мені,

Менде сені ұмытуға жоқ хақым!

Суретіңді сақтап жүрмін көркемім.

Саған жазған сағыныштың көп хатын,

Жүрегімнің жалынымен өртедім.

 

Нарқы жүдеп,

Жарты жүрек кеудесінде әр жанның,

Өз сыңарын таба алмай қиналса,

Мен де сенің бір пернең боп жалғандым,

Мен шертетін кеудеңде әлі күй қалса…

 

Қайтер едің,

Қайта  өлеңім жүрегіңді тербесе…

Көзіңдегі нәзік мұңды білер кім?!

Өзің үшін өзім қиып мен кеше,

Жүрегімді хатқа салып жібердім.

 

Сағым ұшқан,

Сағыныштан мен өзіңе хат жолдап,

Есімің бар, ең басынан бекіген,

Өлеңімді оқышы сен, ақтаңдақ,

Жұлым-жұлым жүрегімнің шетінен…

 

Аңсатты шын!

Бал-тәттісін сезіміңнің мен ішкем.

Өзің жаққан кеудемде оның оты бар.

Есігіңді қағып тұрған, періштем,

Есіміңді жүрегімнен оқып ал!

 

Әр адамда…

Жаралғаннан жарты жүрек…

Табылса,

Деуші еді ғой, жалғасатын досы бар…

…Сенің жаның өз сыңарын сағынса,

Жүрегімді жүрегіңе қосып ал…!

 

                                          ҚАРА ЖӘШІК

Ұшақтар апатқа ұшырағанда

апаттың себебін жазып,

сақтап қалатын қара жәшік болады…

Бәріміздің ішімізде сондай

бір-бір қара жәшік бар…

АВТОР

Елең-алаң…

Келеді адам…

Көр-қоғамның тобырымен тағы адасып.

Алқызыл күн жиектен барады асып…

Елең-алаң тұманмен араласып,

Жауыр күнмен жанары жағаласып.

Таспа тілі жазуға кіріскелі,

Кеудесінде куәгер-қара жәшік…

 

Көшкен күн елең-алаң төр-кеудеден,

Уақытының шыңына өрлеуменен,

Бақытының бағы үшін терлеуменен,

Келеді Адам, күн сайын өлімді ойлап,

Ал өмірін көзінде жерлеуменен!

 

Баянсыз бұл ғұмырда құлға айналып,

Қу тірлікке құл басын бұрмай налып,

Әлгі адам баз кешеді, қара жәшік,

Сол шерді құлақ салып тыңдайды анық.

 

Көзінде көнбіс тағдыр…

Тыңдарманы,

жоғалған ақын құсап, мұңды арманы,

шерге айналған адамның барлығы да –

көр-соқыр сенімдердің құрбандары!

 

Осылай тізбегінде үміттердің,

Ей, Адам! Өміріңе күліп келдің.

Күпірлік маза бермей, тағы ойландың,

Үкім ғып, бар күнәңді іріктер кім?!

 

Бақытыңды аластап маңайыңнан,

Баз кешіп алыстасаң ағайыннан.

Бұлқынып арыз жазар қара жәшік,

Хат жолдап, сенің кеуде-сарайыңнан.

 

Сен сосын, ғапыл-кеште азғанда Арың,

Қолың жүрер қалтаның қазған қамын.

Адамнан жасырғанмен, қара жәшік,

Қалтқысыз құпияңның жазған бәрін!

 

Жеңіс те, жеңіліс те өзің жеткен,

Бар ғұмыр есіңде ғой, көзіңде өткен.

Тағатсыз, соның бәрін жазып тұрар,

Апыр-ай, сол жәшікте төзім неткен?!

 

Сабақ алып көп өмір көргендерден,

Бір медет күткендерміз, өлгендерден!

Досын да ұмытады сол бір Адам,

Амандаспай өтеді, көрген жерден.

…Жақсыменен жаманды қатар тізген,

Қара жәшік түспейді, көр-кеудеңнен!

 

Көзіңде қоңсы тірлік көнергенде,

Қол үзіп, өмірден де, өнерден де,

Кеудеңнен жаның қашып жөнелгенде,

Таспасына барлығын жазып алған,

Қара жәшік не дейді, Сен өлгенде…?!

Қара жәшік не дейді, Мен өлгенде…?! 

 

МЕН БІР КҮНІ

Мен бір күні…

Жаныма жұмағыңның төгілгенде

сеңгір нұры,

кірпігіңе байланса егер жердің гүлі,

мен бір күні,

асыл дарам,

саған деген сағынышы басылмаған,

жыласа аспан көз жасын жасырмаған,

терезеден қарасаң тысқа бір сәт,

жанарыңда жарқ еткен жасын болам.

Мен бір күні…

Қу тірлікпен жүргенде жаның әрең,

қосылмай қойса егер, таңыңа рең,

сен жылап, мені тағы сағынар ең,

мен бірақ, жүрегіңнен табылар ем.

Сағынар ең…

Мен бір күні,

Сен жабыққанда,

Сен сағыныштың салдарын жаңа ұққанда,

Сен түс көрсең түсіңе кіріп алып,

Ұмтылып сен екеуміз жарық таңға,

Мен саған қанат болып жалғанар ем,

Қиялдарға өзіңмен қалықтауға.

Мен бір күні,

Сағынышқа бояса күз реңін,

Сезіміңмен қаламыңнан туамын да,

Жыр болып дәптеріңе түзілемін.

Иә, жаным…

Жоғалтса егер, күз реңін,

Мен бір күні,

Жанарыңнан тамшы боп үзілемін…

 

КӨКТЕМДЕЙ КӨРКЕМ КӨРІКТІМ МЕНІҢ

Көктемдей көркем көріктім менің,

Көзіңнен гүлді көріппін керім,

Қызғалдақтардың ернінде шық боп,

Тәттім-ау, таңда еріп тұр ма едің?!

 

Көктемдей көркем көріктім менің,

Сергелдеңге айналып серік күндерім,

Беймезгіл шақта жанымды қинап,

Сыр-сезім бақта назыңды сыйлап,

Кеудемде гүлім неғып бүрледің?!

Таңғы түсімді әлдилеп енді,

Самалдай тербеп, келіп тұр, демің.

 

Көктемдей көркем көріктім менің,

Бас ұрған саған желікті үрледім.

Махаббат қалып, жүрегімде тек,

Басқаның бәрін беріппін тегін.

 

Көктемдей көркем көріктім менің,

Махаббатқа ұласып, еліктіргенің,

Сен құшағымда дірілдеп тұрып,

Сезімнің отын бір үрлеп, күліп,

ӨМІРГЕ ЕНДІ КЕЛІППІН ДЕДІҢ…

… Көктемдей көркем көріктім менің…!

 

СҮЙШІ МЕНІ!

Сия-сауыт кеудеңнен төгіліп күй,

СҮЮ деген пендеге ең ұлық сый.

Жанарыңа жасыңды іркіп алып,

Сүйесің бе?

Сүйе алсаң, егіліп сүй!

 

Сүй, қалқам!

Сүйетұғын шағыңда бұл –

Кеудемде кер маралдай арында бір.

Көздеріңнен айналдым қашан көрсем,

Үзілген мөлдір мұңы арылмағыр!

 

Кер бесті күндеріме қайрап, өрен

шабытпен жыр жазамын…

Қайран өлең,

зарықтырып өлтірсе, мен өзіңнің

көздеріңе жырымды байлап өлем.

 

Күмбезді көңілімнен күй ұрлаған,

Саған жетсе үшбу хат шиырлаған,

жырымның кәусарына шомыласың,

өзгенің бақытына бұйырмаған.

 

Махаббат Алла сыйы мақтанарға!

Жүрегіңді малып ап аппақ арға,

мен жайлы өлең жазшы, суретімді

жанарыңның ішіне сақтап ал да.

 

Сүй, сәулем!

Кеудең қайтіп салқын жүрер…

Жылатсам, жүрегіңнен сарқып жігер,

Аяулы әп-әдемі алақанмен,

Аяусыз бетімнен кеп тартып жібер!

 

Сен солай, сүйші мені түймеленбей,

Көңліңді ашып, түсіріп күйге нендей,

Сүйші мені, маралым, тіршілікте,

өзге жанды өмірі сүймегендей!

 

 

                         КҮЗГІ  ИЛЛЮЗИЯ

                         … кино-эпизод …

                                                       

Басты рөлдерде: Ақын,     

                                                          

Жапырақ, Күнә, Сағыныш,

                                                               

Орындық, Тамшы мұң, Бүгін…

 

Қалам мен қағаз бар дерегі,

Бір ақын мұңайып келеді…

       *  *  *

Тағы күз…

Бәріміз сол бақта

жиналдық…

Жапырақ, Күнә һәм Сағыныш сол жақта…

Орындық, Тамшы мұң, Бүгіні оң жақта…

Ауаның самалы сол қыздың шашындай,

құштары басылмай,

ақынның ерніне іліге береді…

Жасындай, кермек мұң

қызды іздеп көзіне келеді…

оған да осы ғой керегі…

Жоғалған САҒЫНЫШ дерегі…

Тоналған сол шақтың терегі.

Ех, шіркін!

Кешірді ол, бәрін де, себебі…

ЖАПЫРАҚ сарғайған, күтуден шаршаған,

Ал, КҮНӘ – кінәсіз қылықты аңсаған,

САҒЫНЫШ!

Ол қашан оралады екен шын?!

Бекер тым.

Өткенді қайтеді ол қаралап,

Қарындас дейтұғын күн емес,

Қыз… Тағы шықпайды «ағалап»…

ОРЫНДЫҚ – ақынды көтеріп иығы,

ТАМШЫ МҰҢ – ақынның көзінде бұйығы,

Қиыны –

БҮГІНІ баянды үйінде,

Ал түзде, шертілер Қорқыттың күйінде…

Күзгі сол баяғы романс…

Ізгі сол бала аңыз,

желменен тербелсе,

ЖАПЫРАҚ биінде…

Қара жер сызындай,

Пәктігі бұзылмай,

КҮНӘ кеп терекке тығылды…

Ақынның көздері жұмылды…

Аңқыған жұпары – САҒЫНЫШ…

Жүректе – бұлқыныс,

ұмтылыс,

жарылыс…

Көздерін ашқысы келмеген,

Қиялын өткенге сермеген,

ОРЫНДЫҚ үстінде өкініш

қалды тек, омалған.

Жүрегі – тоналған,

тілегі – жоғалған,

ТАМШЫ МҰҢ көзіне іркіп ап,

ұйқасын өмірдің бір шашып, бір құрап,

тағы бір САҒЫНЫШ сезімін, қағазға түртіп ап,

бір ақын мұңайып барады…

Артында –

ЖАПЫРАҚ һәм КҮНӘСІ жұпыны.

Жанында – ОРЫНДЫҚ.

Ал жерде жылаған ТАМШЫ МҰҢ қылығы…

Бір ақын мұңайып барады…

Артында – САҒЫНЫШ.

Алдында – БҮГІНІ…