Ұстаз -ұлы тұлға

Адам бір жылын ойласа – дән себеді, бар ғұмырын ойласа – ағаш отырғызады, ал ғасырлық болашағын ойласа – ұрпақ тәрбиелейді. Иә, расымен ақылдың кені болған бабалар сөзі тегін айтылмаған болса керек.

Мұғалім - барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырағы секілді. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол - әрдайым қасиетті тұлға.

Өмір  бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отырған ұстаздарымыз қаншама?!

Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылыми негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни бәсекеге қабілетті жағдайда өмір сүруге тәрбиелеп отыруы нағыз ұстаздың қолынан ғана келеді. Қазіргі білім беру саласы қызметкерлерінің алдында тұрған басты проблема – жаңа формацияның жаңа ұстазын қалыптастыру.

Сол ұстаздардың бірі, өзінің еселі еңбектерін тек шәкірт ғұмырына арнаған, өмірге өзі де бақытты болып келіп, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүрген ұлағатты ұстаз Төрекелдина Дидар Қарсыбекқызының еңбегін қалай атап өтпеске?!

Бүгінгі таңда Дидар Қарсыбекқызы Қарағанды қаласының №61 жалпы білім беретін орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс береді. Дидар мұғалім - өз ісінің шебері. Оқушылары республикалық, облыстық байқауларының жеңімпаздары. Қиын кезеңдерде қол ұшын созудан шаршаған емес. Ол әрдайым алтыннан да бағалы ойларын, ақыл-кеңесін беруге дайын жан. Сонымен бірге кітапханамыздың аталып өтетін әдеби шараларына белсенді қатысып, кітапхана ісіне де өз үлесін қосып жүрген ұстаз.

Жақсы  ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі - терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек.   Осы айтылған қасиеттерді Дидар мұғалімнің бойынан көреміз. Осындай үйрете жүріп, ізгілікке үйренетін ұстаздардың төл мерекесімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, еңбек жолдарына шығармашылық  табыс тілеймін.

«Жоба тап, жол көрсет, келешек қамы үшін»,- деген Шәкәрім Құдайбердіұлының сөздерін басшылыққа ала отырып, талмай жұмыс жасайтын мұғалімдерге алғысымыз шексіз.

 

                                            Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Алпысбаева