«Мен қазақпын»

Жұбан Молдағалиев - ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ және кеңес әдебиетінің, қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі, қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлесін қосқан айтулы ақын, жауынгер. Биыл ақынның туғанына - 100 жыл.

Халықтың рухани бай, әдеби мұрасынан күш – қуат алған Жұбан ақын қазақ әдебиетіне, қазақ поэзиясына  шалқар шабытпен, қаламдас достарының ішінен ерекше өз үнімен оқшау келген дара тұлға.

Жұбан Молдағалиевті эпик ақын дейміз. Көп поэма жазған ақын. Көптеген поэмаларында азаматтық сарын мен көңіл күйі лирикасы басым. Поэзияда қанша еңбек етсе, соның қақ жартысы поэмаға арналған деуге болады. Оның бұл салада жазған он төрт поэмасы бар. Бұл соншалықты көп те дүние емес. Мұндай көлемдегі поэмаларды оның біраз замандас ақындарынан кездестіруге болады. Бірақ Жұбанға эпик деген анықтауышты оның поэманы көп жазғандығы үшін емес, эпикалық жанрда жазған шығармаларының көркемдік деңгейінің жоғары, сөз кестесінің сұлу, ой мазмұнының тереңдігі үшін қосақтаймыз.

Әрине, Жұбан Молдағалиев десе ең алдымен патриоттық сезімді оятатын «Мен қазақпын» поэмасы еске оралады. Ақын өзінің атақты «Мен қазақпын» деп аталатын поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналған, отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын тепкен ақын. Ол – Ұлы Отан соғысы жылдарында келген ұрпақтың ірі талантты өкілдерінің бірі. Бұл жылдары жыр әлеміне келген ақындар шығармашылығында Отанға деген ерекше махаббат, халықты ерлікке шақыру, жеңіске деген үлкен сенім жатты. Ж.Молдағалиевтің ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген «Мен қазақпын» (1964) поэмасы. Бұл поэмада ақын қазақ халқының өткен өмірі мен тағдыры жайлы лирикалық - публицистикалық стильде толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ашуда, оның ерлік дәстүрі, туған жер мен ел, оның байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді. Поэма көп тілдерге аударылып, көп оқырмандар жылы қарсы алған туынды болды. Өзінің «қазақ» екенін ағынан жарыла ерекше шабытпен жырлауы – оның ерлігінің бір көрінісі десек қателеспейміз. Сондай-ақ поэмада ол Абай бейнесіне ойша оралып, ол қазақ халқы тарихының бөлінбейтін бір бөлшегі, асқар белесі екенін ескертеді.

Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген, - деген өлең жолдарынан – ақ ақынның қазақтық, азаматтық, патриоттық намысын бірден танимыз.

Сафуан Шаймерденов «Жұбан – поэзияда оңай жол іздемейтін, өз шығармашылығына барынша қатал, жалпы қазақ әдебиеті алдындағы жауапкершілікті айнытпай ту етіп көтерген қайраткер», - дейді.

Ақындық талантын халық мойындаған іргелі жыр жампозының әдеби айналымдағы орны мен шығармашылық жолының сан – алуан белестері әлі де жазылады. «Мен әрқашан халқыммен» - деп ақынның өзі жырлағандай, ол әр уақытта да елімен, жұртымен, ұлтымен бірге болды.

Жұбан ақын ұлтының жадында мәңгіге қалады. Жүрегі патриоттыққа толы әр қазақ «Мен қазақпын» деп жырламақ!

                                                                                 Абонемент бөлімінің кітапханашысы:
                                                                                 Орынбай Ш.А.