Қазақ халқы ерте заманнан–ақ, табиғатқа етене жақын өскендіктен ата, әжелеріміз бүгінгі күнге дейін ауа райын табиғаттың қыры мен сырын жан-жануарлар мен құстардың тыныс тіршілігіне, табиғат құбылыстарына қарап болжам жасаған. Соның маңызды бір бөлігі ауа райына қатысты болжамдар. Олар ерте кезден ауа райын алдын ала бақылап, мал–жанды түрлі апаттардан аман сақтау үшін ерте қамданып отырған.
Ауа райын болжаушылар табиғат құбылыстарын бақылап, күн есептеудің дәстүрлі әдістерін құпия ұстаған. Оны атадан балаға мұра етіп қалдырып отырған.
Бүгінде сол игі дәстүр ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Себебі интернет дамыған заманда әлемнің кез келген түпкірінде қандай ауа райы екенін үйде отырып та білетін болдық. Ал ертеде қазақ халқы ауа райын қалай болжаған ?
Жылдың он екі айындағы табиғат құбылысына байланысты халықтық қағидаларға қалыптасқан болжамдар наурыз айынан басталады.
«Өлара»–екі айдың арасы. Осы арқылы алдағы айға болжам жасалады. «Өларада жауын - шашын болса, келесі айда жауынды–шашынды болады» дейді халық.
Жыл он екі айда соғып тұратын ыстық пен суықты, қар мен жаңбырды, жел мен боранды халық бір сөзбен «Амал» деп атаған.
Мамыр айының аяғында болатын суық желді «Құралайдың салқыны» деп атайды. Осы желге қарсы киік өз құралайларын (лағын) аяқтандырып, жүгіртіп өргізеді.
Жазда құйын көп болса, қыс аязды болады. Жаз найзағайлы болса, қыс қатал болады. Жыл құстары топтасып ұшса, жылымық күз созыла түседі.
Қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын басталып, жаңбыр жауады, түнде шық түседі. Осы кездерде күндіз жылы кездер де болады. Далада ұзыннан-ұзақ мизамдар шұбатылады. Мұндай жылы мезгілдерді «Мизам шуақ» деп атайды. «Сүмбіле туса–су суыр» дейді. Халық қағидасы, яғни қыркүйектің соңғы онкүндігінде күз келеді, суықты күндер жауын басталады.
Үлкендердің айтуы бойынша «Ақырап» айының тууы қазіргіше Қазан айының 14-ші жұлдызы. Ақырап айының бірінші күні болып саналады. Бұл күні жорамалдаушылар таңның әр сағатын бақылап, желдің бағытын бақылау үшін күл ұшырып, желдің жылдамдығын анықтаған. Бұл болжам алты күн, күні–түні кезек пен кезек бақылаған. Осы алты күнде алты ай қыстың қас–қабағын анықтаған.
Қазан айында күн күркіресе, қыс қысқа болады.
Күнің көзін бұлт шалса, қыс қарлы, жаз жаңбырлы болады.
Қыста бұлт желге қарсы көшсе, көп кешікпей қар жауады.
Көк жиектен будақ бұлт шығып, өркештене көтерілген кезде ыдырап кетсе, қатты жел тұрып, үскірік аяз болуға тиіс.
Ата бабаларымыздың ұмыт болып бара жатқан ауа райы болжау қасиетін зер салып, біле жүрейік. Бірде болмаса, бірде пайдамызға жарар. Күніміз әрқашан шуақты, жайдары болсын!
Оқырман қауым ауа райы болжамдары туралы толық мағлұматты кітапханамыздың қорындағы кітаптар мен мерзімді басылымдардан алып оқи аласыздар.
Сейдімбек А. Шығармалары. Алты томдық. Т.2. Қазақ әлемі. Этно мәдени пайымдау.- Астана: Фолиант,2010 - 816 б.
Кенжеахметұлы С. Жеті қазына.- Алматы: Ана тілі,2001.- 136 б.
Наурыз: жаңғырған салт – дәстүрлер / Құраст. М. Қазыбеков. – Алматы: Қазақстан,1991. – 268 б.
Кенжеахметұлы С. Халық ауа райын қалай болжаған? // Егемен Қазақстан.-2004.-27 қазан.-14 б.
Негізгі қорларды сақтау бөлімінің
кітапханашысы: Аманбекова М.А.