Мырза-Ахмет Алмаз Әмірбекұлы

Көгершін

Қала қарбалас тірліктің, аспан ақ-сұр түтіннің, көше арқырап аққан лайсаң өзен сынды ағыл-тегіл арпалысқан машиналардың, адамдар белгісіз ойлардың құрсауында... Жан-жағың түгілі жанап өткен адамға қарауға құлқың жоқ. Адамдарды әлдебір ойлармен арқандап тастап, уақыттарын аяусыз ұрлаған толассыз қозғалысты бақылап аялдаманың шетінде шала жансар ақ көгершін жатыр. Тағдырдың тарғыл итіне төгілген бір тостаған ұйыған сүттей; тымық түнде ай астында арбалған жалқы уыс бұлттай; қанаты қайырылған періштедей – топыраққа аунаған жаны бар мақұлық. Аяғын созып, көзін әлсін жұмып-ашып, естілір-естілмес «үппілейді». Әлдекімдерді сұрайтын сынды... Әлдене айтатын сынды...
Қаланың, аспанның, құр өмір сүру үшін уақытын өткізіп жатқан пенделердің оған қарағысы жоқ...
* * *
Өмір сүру – қандай керемет!
Ақ көгершін! Ғұмырындай қысқа тұмсығымен жұмыртқаны жарып шығып, жарық дүниеге құс болып келгенін бақыт санайтын, Ақ көгершін. Өзінің анасындай аппақ қауырсындарының, сүмбіле қанатының бар болғанын бақыт санайтын, Ақ көгершін! Ақ таңдақ алтын шашын жайып ағарып атқан әр бір таңды бақыт санайтын, Ақ Көгершін!
Аспанның астындағы түрлі-түсті бояуларға қанық әлемге алғаш қанат серпіп, көк жүзін құшқандағы қуанышы әлі есінен кетпейді. Қаңыраған үйлердің қатары көбейіп бара жатқан ауыл көгін қанаты талғанша шарлап,  сана тақтасын ақ бордай сәби ойлармен сызғылаушы еді: «Әлем қандай ғажайып! Кеудеме титтей ғана болса да тиесілі уақытымды есептеп тұрған сағатты ілді де, қалауыңды жаса деп қоя берді. Адамдар ше? Ұша алмайды, мына әлем ұшпаған соң қызықсыз ғой. Оларда жүрек бар ма екен? Анаңның қанатының астына тығылып еркелегеннің қаншалықты тәтті екенін біле ме екен «қанатсыздар»? Біле ме екен, Ана көгершіннің ғаламдық махаббатпен бауырына басып, мейірімін сарқып, жүрек жылуымен «сопақ тастарға» жан беретінін; Ана көгершіннің балапандарына ұйыған түн қараңғылығында «үппілеп» сан қилы әңгімелер айтатынын... Біле ме екен?»
Білмейді...
Ағаш біткен желегін жайып, мамыражай мезгіл басталғанда кез. Мектеп аяқтайтын түлектер ауылдың «Мәдениет үйі» мен «ескі қойма» шатырын шаң-шаң қып, қолға түсірген кептерлерін соңғы қоңырауда ұшырамыз деп шулатып жүрген мезгіл. Бір күні мұрттары қылтиып шығып қалған төрт-бес ұл көз байлаған кешкі қараңғылықпен Ана көгершіннің  бес балапаның да алып кетті. Ертеңінде Ана құс тастай құлап кеп, торға қамаған балапандары ұстаған «қанатсыздың» желкесінен соққан еді. Тосын сыйлық күтпеген «екіаяқты» пенде балапан көгершіндерді лақтыра салып, әлі есін жимай жер сабалаған сүттей құсты мойнынан ұстап сілкіп қалды...
Әлі есінде, ауызы ашық қалған тордан ұшып шығып жатқанда әлгі «қанатсыз» айқайлап Анасының жұлынған басын бұларға лақтырған еді...
Сол күні кешке бала көгершін алғаш рет өз ұясына қонбады... Сол күні оның анасымен бірге «қанатсыздарға» деген сенімі өлді. Ертеңінде таң атты, таң атты да көгершін туған ауылынын үстінен үш рет айналып беті ауған жаққа ұшып кетті. 
Өмір – не деген әділетсіз... Кез-келген мақұлық бізді өлтіре алады, бірақ ешқайсысы да өмір бере алмайды ғой?..
* * *
Өмір деген – қозғалыс екен...
Тасыр мінезді тас қаланың тар бауырына табанын тірегеннен бері тоқтап қалса таптап кететіндей топан су сынды толассыз қозғалыс бұны да ағызып әкеткен. Бала көгершінге пенде біткен күнделікті қалыпты іс-әрекеттерінің құлы сияқты көрінді. Сағыну мен сүюді ұмытқан жүректеріне тасыр мінез тас қаланың ызғары сіңіп кеткендей. Жетім көгершін бір-бірінен аумайтын сансыз шатырлардың әрбіріне бір түнеп, нақты қоныс қылар жер таппады. Үй-күйі жоқ «қанатсыз» пенделерді көргенде таң қалған. Таң қалғаны: «қанатсыз» қоғам қалдықтары қолындағы барын қанатты періштелерге шашып, керісінше көйлегін күн шалған көкіректілері құстарға тамақ бермек түгілі өзі сындыларға көз қиығымен де қарамайтынына.
Ақ Көгершін кейде қарбаласқан қаланың қалың көшелерінен ауылдағы мезгілсіз қоштасқан балалығын іздейтін. Кейде әлдекімді сағынып, әлдекімді күтетін. Кейде ауылға оралғысы келетін. Қараңғылық қымтанған қала аспанын жамылып алып қаралы ойларын жаралы жүрек сүзгісінен өткізіп, жасырынып, жастармен жанарын жылытуды да әдетіне айналдырған. Жетім жанының тұншыққан сағыныштары, ауылыма оралам ба деген үміті жұлдыздар сынды тас қаланың сансыз шамдарына шағылысып көмескіленіп сығырайып бара жатқаны шындық еді. Көгершін Анасының қанаты астына алып, ай туғаннан бастап, айналайын күннің алтындай шашын тарағанға дейін айтатын әңгімелерін қиялымен шолатын: кейде сарайын құстың сүйегінен салмақшы болған, кейін Шолпан жұлдызға айналған Сүлеймен пайғамбардың әйелі Зуһра жайлы ойлайтын; кейде туыстарын іздеп мұңлы ән салған бақытсыз құс Сирен жайлы ойлайтын; кейде шөл даладан Рүстем патшаның баласы Залыны тауып, өз ұясында өсірген, Ескендірмен күресуге көмектескен фарсықұс туралы ойлайтын. Алғаш Ақ Мамық көгершінін көрген түні «Бүйана-құстар» жайлы ойлады. Бүйаналар – жалғыз қанаты, жалғыз көзі, жалғыз аяғы бар ғажайып құс. Ата-анасы уақыттары жеткенде ұшып кетеді де, балапан-бүйана ұшуы, тамақ жеуі, су ішуі үшін өзі сияқты бүйана-сыңар тауып қосылу керек екен. Сонда екі бүйанада ұшуы үшін екі қанат, көру үшін екі көзі бар толық бір құс болады. Анасының айтуы бойынша олардың еркектері жасыл, ұрғашылары қызыл түсті-мыс. Кереметі бүйаналар алғаш қосылған сыңарымен мәңгі бірге өтетіндігінде.
Ақ Мамығымен аспанда танысты. Екіаяқты пендемен бірге қаптаған терезелердің бірінде қоныстанған екен. «Қанатсызбен» етене жақын періштені бірінші рет көрген Ақ көгершіннің кейінірек пендеге бойы үйренді. Таң атпай ашық тұрған терезеге өзі-ақ еніп, Ақ Мамықпен «үппілесіп» әңгіме айтып, бірге қаланың аспанында қалықтап, қанаты талғанша самғайтын. Аядай бөлмеде жалғыз өзі тұратын «қанатсыздың» осынау көгершіндерге деген махаббатына, мына әлемге деген өзгеше көзқарасына, әр бір минутына деген талғамдылығына қызығатын, Ақ Көгершін. «Қанатсыздың» Ақ Мамығын аялап арқасынан сипап, ауызынан су ішкізіп, алақанынан тамақтандырғанда қызғанатын, Ақ Көгершін. Мамығына туған ауылының қол созымда жататын аспанын, жыландай ирелеңдеген өзенін, ұясын көрсеткісі келетін, Ақ Көгершін. 
Бір күні көгершіннің иесі өзіне ұқсайтын, бірақ шашы ұзындау сүйкімді «қанатсызды» ертіп келді. Олар екі көгершінді ұзақ аялап, жылы-жылы сөздер айтты. Сол күннен бастап шашы ұзын пендені Ақ көгершін жиі көретін болды.
Көгершін бір күні торға қамалды. Алғашында түсінген жоқ. Ақ Мамықтың айтуына қарағанда иесі мен шашы ұзын сүйкімді пенде «Бүйаналар» сияқты қосылмақ екен. Мәңгі бірге болу үшін. Ал Ақ Мамық екеуін орталық алаңда қолдарына ұстап көкке ұшырады-мыс, бір-біріне деген аппақ махаббаты сынды. Барлығы шынымен солай болды, алғаш ғашықтардың қолынан көтерілгенде Ақ Мамығымен айқара аспанға, көз талар биіктікке дейін қалықтап, армансыз самғады-ай. Қанатын қатты-қатты сермеп Ақ Мамыққа «екеуіміз де «бүйаналар» сияқты қосылайықшы» деп айтқысы келді. Менің туған ауылыма барасың ба деп айтқысы келді. Сен менің анама ұқсайсың деп айтқысы келді.
Өмір дегеніміз – махаббат екен ғой!
*    *    *
Өмір сүргенге не жетсін?!
Мына жалғанда бастысы – өзіңді сыңарыңның қорғанышымын деп сезіну екен ғой. Тағдыр теңізінде тербетілген кеменің аппақ қос желкені сияқты қос көгершін көп армандайтын. Ақ Мамықты мысық жеп кетерге бір апта бұрын көгершіндердің иесі сүйкімді «қанатсызбен» айырылысып кеткен еді. Ыдыстардың сынғанынан шошып далаға қашқан қос көгершін апта бойы шатырға қонды. Ертең ауыл аспанына кетеміз деп шешкен түні көз байлаған қараңғылықпен Ақ Мамығын мысық қысып алып кеткен. Таңертең көшеде көгершіннің қысқа ғұмыры жазылған күнделіктің беттеріндей шашылып ақ қауырсындар жатты; көшеде бейкүнә құс қабылдаған ақырғы шешімді түзеткісі келген тағдырдың қызыл сиясындай қан жатты;  көшеде қара мысық жемей қалдырып кеткен Мамықтың басы жатты... Ақ көгершін өзіне қарай әлде біреу анасының басын лақтырып қалғандай шошып, ұшып кетті... 
Әй, Түн(!), неге сенде жалғыз-ақ түс?!
* * *
Тағдыр шимай-шатпағын жазып, умаждап лақтыра салған ақ парақтай; аспанның жыртығындай; өзі қолынан ұшқан ғашықтардың махаббаты түйілген ақ шүберектей аялдаманың шетінде ақ көгершін жатты. Қара көздері қысқа ғана ғұмырының нүктесі сынды ашық қалған. Кішкене жүрегіне қамалған жаны Сирен құсы сынды Ақ Мамығы мен анасын іздеп аспанға көтерілді. Оған енді келесі түні кеп дайын олжаға кенелмек болған қара мысық та, анасының сілкіп басын жұлған бала да, қарбаласқан көше де қауіп төндіре алмайды.
Аспанда көгершіндердің жаны ұшып жүр...
Аспанда періштелер қанатының сусылы естіледі...
Аспанда...

Менің ауылдан келген жетім досым қалада көз жұмды. Ауылға көгершін боп қайта дүние кеп, тағдырын қайталады ма екен?..
Қош Ерсін!
Көгершін!