Әр мезгілдің өзіне ғана тән қасиеті, сұлулығы бар. Бірі жаныңа жылулық сыйласа, бірі қайта туған жауқазындай бүршік атып жатады, ал бірі суығына үйретіп те үлгереді. Сары жапырақ, қоңыр салқын ауа – райы, жабырқаулы көңіл – күй, қара суық жер күзге тән қасиет. Күз – жаймашуақ жаздан қаһарлы қысқа өтетін түрлі түске боялған ғажайып баспалдақ секілді. Жылуымен көңілді көтеріп, ызғарымен жағаны көтертіп, жылы киіндіріп, сиқырлы қысқа жол көрсететін жолсерік.
Сонымен қатар күз сағыныш айы. Күзде жабырқау жүрсеңіз - ол сіздің біреуге деген сағынышыңыз. Күздің кереметі сағынышқа толы жүректі жұлып алып, әуеде әуелете ән салдырып, көңіліңді күңірентсе де ішкі жан дүниеңе шынайы бір сезім сыйлайтынында. Күзді сүю сағынышты аңсау деген сөз. «Келіп қапты – ау сағыныштай сап – сарала арман – күз...»
Қазақи сипаттама бойынша күз үшке бөлінеді. Сары күз немесе алтын күз (қыркүйек), қоңыр күз (қазан), қара күз(қараша), шынымен де басында өзінің шуақты күндерімен жаныңды жылытып, өмірге құштарлығыңды оятады, кейін өзінің әдемі көрінісімен баурайды, одан кейін қара суығымен жаныңды суытады. Күздің күлімдей қарайтын кезі болса алданыш көріңіз. Ол оның шынайы мінезі емес.
«Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан» - деп Абай Құнанбаев осынау мезгілдің пейзаждық үлгісін дөп айтқан.
Әдемі қанық түстерге боялған күз мезгілі бір суретшінің туындысы секілді. Күз – береке бастауы, молшылық мезгілі. Еңбектің қадірін білген қазақ халқы күзді ырыс-береке деп ерекше қадір тұтқан. Ақын – жазушыларымыз да күздің қасиетін жырлап отырған. Мұқағали Мақатаевтың осы бір өлеңі ұнайды:
Тағы да күз, тағы, міне, сары таңды ұзақ түн,
Уысында тағы да мен ұйқы дейтін тұзақтың,
Ой – хой, шіркін, тағы да бір күзді, міне, ұзаттым,
Өмірімнің есейгенін сезінемін күзде мен,
Алдағыма асығамын, өткенді әсте іздемен,
Ой – хой, шіркін, болашаққа құмармыз ғой біз деген.
Әр адамның жанына жақын мезгілі болады. Мен үшін жаныма жақын - күз мезгілі.Осы мезгілмен қатар жаңа өмір келгендей бір сезім болады. Қанша суық болса да өзіне тарта беретіні өзінше бір құдірет. Күздің әдемі кешінде жайлы жерге орналасып, сүйікті кітабымды оқу мен үшін ерекше сезім.
Күз... жыл соңы, ең әдемі естеліктер...
Абонемент бөлімінің кітапханашысы:
Орынбай Ш.А.