Рухани мұра қамқоры – Сапарғали Бегалин

 

   Балалар әдебиетінің көшбасшысы, қарымды қаламгер, өнегелі тәрбиеші болып, ұзақ ғұмыр кешкен Сапарғали Ысқақұлы Бегалин 1895 жылдың 24 қарашасында Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Дегелең ауылында дүниеге келген. Әжесі Нәлтай - ақын Абайдың анасы Ұлжанмен шөбере туыс. Әкесі – Ысқақ, шешесі – Зағипа. Сапарғали ауыл молдасынан хат танып, нағашысы Смағұлдың көмегімен араб, парсы тілдерін жетік меңгерген. 1911 жылы Семей қаласына келіп, пристаньда қара жұмыс істеп, ұстаз Нұрғали Құлжановтың атының басын ұстап делбеші бола жүріп, кешкілік Нәзипа апайдан орысша тіл үйреніп, күзде орыс-қазақ училищесіне түсіп, 1915 жылы бітіріп шығады. 1914 жылы «Қазақ балалары» атты өлеңі «Айқап» журналының №9 санында 1914 жылы жарық көрді. 1925 – 1935 жылдар аралығында Дегелең болыстық атқару комитетінің төрағасы, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі, аудандық халық судьясы қызметтерін атқарған.

Ауыз әдебиетін бойына сіңірген С.Бегалин шебер әңгімеші болған. Жазған еңбектері халық назарына іліне бастайды. 1935-1956 жылдары «Теміржолшы» газетінде, Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан Жазушылары одағында қызмет етті. «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдарымен марапатталған. Өзінің тіршілігінде 25-тен астам поэма, 12 повесть, 100-ден астам әңгіме – өлеңдер, 1 роман, 9 бір актілі пьеса, көптеген естеліктер мен зерттеу мақалалар жазып қалдырған. Оның 50-ге тарта өлеңдеріне М.Төлебаев, Е.Брусиловский, А.Жұбанов, С.Кәрімбаев, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, Е.Рахмадиевтер ән жазған.

С.Бегалиннің ұлттық ойындар жөнінде жинаған материалдары да құнды еңбектің бірі. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан, Қалибектер тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген жан. Оның зерттеуші, фольклоршы ретіндегі бағалы туындысы – «Жамбылдың ата-тегі, өмірі». Сонымен қатар А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Т.Шевченко, Н.Лесков шығармаларын қазақша сөйлеткен талантты аудармашы да.

Шығармаларына тоқталар болсақ, «Шоқан асулары» тамаша адамдар өмірін дәл бейнелейтін қазақ әдебиетіндегі сәтті туындының бірі.Қаламгердің балаларға арнап жазған еңбектерін оқығанда халқымыздың өмірі, ауыл балалары, олардың үлкендерге деген құрметі мен қамқорлығы, бос уақытын қалай өткізетіндері,табиғатты қалай сүйетіндері жайында толымды мағлұмат алуға болады. «Сәтжан» повесінде жас азаматтың бойындағы еңбекке, өнерге деген құштарлық, бала жүрегіндегі тәтті арман, мөлдір сезім өте шебер суреттелген. Бұл повесть Бүкілодақтық жүлдені иеленген, орыс тілінде бірнеше рет көп таралыммен басылған. Корей, өзбек, әзірбайжан, монғол, армян тілдеріне аударылған. «Көксегеннің көргендерінде» - автор балаларды дала жануарларының қызықты тіршілігімен таныстырады. «Қыран туралы аңызы» - аңшылық, серілік өнер жайлы жазылған шебер туындысы. С.Бегалин шебер әңгімеші, домбыраны тәуір шертетін өнерпаз, саяткер аңшы, ұзақ ізденген, көп талпынған қалам қайраткері, бақытты әке. Жұбайы Сәлима екеуі үш ұл тәрбиелеп өсірген. Хамиты республикаға еңбегі сіңген дәрігер, Республикалық медицина училищесінің директоры, Мәжиті көптеген көркем фильм түсірген қазақтың алғашқы көрнекті режиссері, Қасымы математика институтының бас инженері, немерелері де өсіп-өнуде. Сапекеңнің ел есінде мәңгі қалар екі дүниесі бар. Бірі – Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасын жастығына тігіп, жоғалтпай сақтап Фатиманың қолына тапсыруы, екіншісі – соңында қалған мол мұрасы. Ол 1983 жылы дүние салды. Өзі тұрған үйге ескерткіш тақта қойылса, көшеге, мектепке, ауылға есімі берілді. Республикалық балалар кітапханасы 1996 жылдан бері жазушы атамыздың атын иеленіп отыр. Туған тіліміздің байлығы мен құдіретін дұрыс қолдана білудің үлгісін көрсеткен жазушы есімін ардақ тұтамыз. Біздің кітапхана қорынан атамыздың көп еңбектерін қазақ-орыс тілдерінде таба аласыздар.

 

                               Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторының

                               кітапханашысы: Ахмадиева А.С.