Әрбір егемен мемлекеттің өзіндік атрибутикасы болады. Оған жалау, елтаңба, әнұран және ұлттық валюта жатады.
Осыдан жиырма жеті жыл бұрын, яғни 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ұлттық валюта – теңге енгізілді. Ұлттық валютамызды «Теңге» деп атау ой – ұсынысы қазақстандық белгілі қаржыгер Сауық Тәкежановқа тиесілі. Бұл «ақша» - «деньги» сөзінің түркі тіліндегі «таньга», «донга», «теньга» сияқты тарихи нұсқаларымен байланысты. Теңге бейнесінің алғашқы сызба нұсқаларын дизайншылар Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов пен Хайролла Ғабжалилов жасады.
Алғашқы теңге Англияның «Харрисон және оның ұлдары» компаниясында басылды. Сол кезде үлкен мәселе бас көтерген: банкноттарда нені бейнелеген дұрыс? Жан – жануар, ит-құс па, Қазақстанның сәулетті ескерткіштері, жоқ портреттерді таңдаған дұрыс па? Теңгенің әр номиналына сегіз түрлі жоба ұсынылды. Соның әрқайсында қазақ халқының өткені мен бүгіні бүге-шігесіне дейін қалдырылмай, қамтылуы тиіс болды. Жеріміздің байлығы деп бағаланған арқар, құлан, барысқа да теңге төсінен орын беру ойластырылды. Бірақ, бәрібір осы істің жетекшілері портретті дұрыс деп тапты. Қазақстандық теңгелер портретке негізделіп жасалды. Бабалардың бейнесін теңгеге түсірген шеберлердің бірі – Хайролла Ғабжалилов. Валютаның 10 жылдық мерейтойы қарсаңында Х. Ғабжалиловтың «Теңге» атты кітабы жарық көрген. Бұл кітаптағы теңгенің тарихы, естеліктері тарихшыларға ғана емес, көпшілік оқырман қауымға да қызықты болады деп ойлаймын.
1993 жылдан бері теңгенің дизайны бірнеше рет жаңартылды. Қазақстанның жаңа үлгідегі теңгесі мәдениет пен тарих элементтеріне ие, теңге банкноттарында халқымыздың тарихи тұлғалары және қазақ жеріндегі әйгілі сәулет құрылыстары бейнелеген. Қазақстан валютасындағы жазбалар қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Қостілді валюта біздің елімізден басқа бір де бір елде кездеспейді.
Жаңа үлгідегі теңге өзінің айрықша дизайндық шешімімен ерекшеленеді. Сапалық және қорғаныс дәрежесі жағынан ол дүние жүзінде алғашқы ондыққа енеді. Теңге 18 қорғаныс деңгейіне ие. Ұлыбритания королевасының теңгеге «Алтын сапа белгісін» беруі жайдан жай емес.
Қағаз ақшадан (банкнот) басқа Қазақстанда монеталар да шығарылады. Қазақстандық алғашқы монеталар Германияда дайындалды. Кейінірек Өскеменде Монета сарайы пайда болды. Дүние жүзіндегі 54 монета сарайының ішінде Қазақстанның Монета сарайы ең таңдаулылардың бірінен саналады. Қазір банкнот - Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета - Өскемендегі Монета сарайында шығарылады. Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтаймын!
Абонемент бөлімінің кітапханашысы: Орынбай Ш.А.