Сәдуақасова Айзада

СӘДУАҚАСОВА Айзада – 15 маусым 1993 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Жәйрем ауылында дүниеге келді. Қарағанды гуманитарлық  колледжінің түлегі.

Облыстық «Абай жаққан бір сәуле сөнбес үшін» атты мүшайраға қатысты (2009), І. Жансүгіровтың 115 жылдығына арналған байқауда 1 орынды иеленді (2009). 2013 жылы «Дала дарыны» атты сериямен жарық көрген «Сарыарқа сазы» атты жас ақындардың жыр жинағына өлеңдері енді.

Республикалық «Асыл сөз» және аудандық «Жаңаарқа» газеттерінде өлеңдері жарық көрген.

 

Өзіме берген уәдемнен өзім қаймығып,

Өзім таңдаған өзге адамнан айырылып.

Тікенек тірлік түйрейді тозақ отындай,

Жер бетіндегі жоғалып жұмақ, жайлылық.

Жанарыма кеп сіңетін жастың жолдарын,

Жазықсыздарды жазалайтын да жол барын.

Мүсіркеп жүрген мылқау мейірім пенделер,

Менен кейін де, маған дейін де болғанын.

Білмеген едім...мойындап жүрмін, сорлылық!

Алаулап жанған солып барады соңғы үміт.

Айтылмай жатқан ауыр ақиқат ашылар,

Ақ арманымды аппақ өлеңге қондырып...

P.S.Жалғандық қуған жарамсақтарды тоңдырып!

 

Сыр

Көзқарас та, сөз талас та өзгерген,

Үміт емес, күдік көрем көздерден.

Бала шақта болашаққа көз тігіп,

Өзгермеймін деп несіне сөз бергем?

Өзгердім ғой, бұрыңғыдай емеспін,

Мені енді суыққанды демес кім?

Өзім сонша жек көретін өмірде,

Өзімшілдер қатарымен теңестім.

Балалық кез...достар үшін жылағам,

Өмір заңы сол кезден-ақ сынаған.

Менің сонда тым кіршіксіз жанымды,

Түсінбепті үлкен-кіші бір адам.

Өмір сенің ойыңдарын күлкілі,

Ойлап тапқан тағдыр дейтін түлкіні.

Татулыққа шақыра алмай достарды,

Тас көңіл боп кеткем солай бір күні.

Балалықты даналықпен өбектеп,

Қарттар көрсем демесуші ем көмек деп.

Анам менің құюшы еді санама,

Үлкендерден бата алу керек деп.

Шулы дүние шырмауында жүрдік те,

Дәл осылай болатынын білдік пе?

Қарт атаның жолын кестік аңдамай,

Қала дейтін тым қарбалас тірлікте.

Сол қария кейіп жатты өкпелі,

Дұрыс шығар оның бізді сөккені.

Қырсық атқыр, кең шаһарлы қалада,

Бізге басқа өтетін жол жоқ па еді?

Содан бері аңғалдықтан жирендім,

Содан бері жұбатпауды үйрендім.

Әйтпесе мен, дәл сендей боп сіңілім,

Дәл сендей боп адамдарды сүйгенмін!

 

Он тоғыз жасыида опынып,

Он тоғыз жасымда өкініп.

Жүректі тілгілеп отырып,

Сүймеймін дегенмін өтірік!

Не үшін жалғадым жалғанды?

Өзім де білмеймін себебін.

Ұшыра салдым да арманды,

Құшып ап сағымды келемін.

Өнерді тәрк етіп жолымда,

Өмірді қия алмай қалғаның,

Қолыңның ізі жоқ қолымда,

Білемін, мен емес арманың.

Несіне қиналам, сен мені,

Жадыңнан шығарып алғансың.

Еске алып бір секунд ең кемі,

Әп-сәтте ұмытып қалғансың.

Қаламмен сен жайлы кеңестім,

Әлі жас, тұрақсыз демессің.

Мен саған ешкім де емеспін,

Сен маған ешкім де емессің!

 

                     Тағдыр мазағы

1.Мен сізді ең алғаш көргеннен,

Ең алғаш қолымды бергеннен,

Ғашық ем...

Ада боп сезімде сақтықтан,

Бақытқа бөленіп шаттықтан,

Тасып ем...

Тағдырым тілекке тар екен,

Жаратқан, жарыңыз бар екен,

Алайда...

Қоспайды бұл өмір біздерді,

Ұмыту керекпін сізді енді,

Қалайда...

Көңілде қаласыз, білгенмін,

Жыл өтті, ұмытып үлгердім.

Бағым ба?

Көңілде Муза боп орнайсыз,

Сіз енді ешқашан болмайсыз

Жанымда...

2.Тосын сый тағдырда біткен бе?

Мен енді басқа бақ күткенде,

Жолығып...

Жіберген тағдырдан жолдама,

Себепкер сезімге сол ғана,

Сол үміт...

Ұмытып кеткен деп күдікпен,

Жанарда жалынды үмітпен

Қарайсыз...

Несіне көруге асықтым?

Мен сізге тағы да ғашықпын,

Абайсыз...

Тағдырдың жіберген мазағы,

Сіз үшін жас жүрек жазалы.

Жарайсыз!

 

Жаңбыр, жаңбыр қызығамын саған шын,

Ол да сені жақсы көред, себебі.

Сен де оған тамшы болып тамарсыңғ

Мен де сонда жаңбыр болғым келеді.

Кірпігінде мөлдір шық боп тұрарсың,

Көздерінен оқып арман, үмітті.

Ол мұңайса, сен де бірге жыларсың,

Жұбатумен сол бір жұмбақ жігітті.

Мұңданатын соны ойласам жанарым,

Мендік арман мезгілсіздеу солар ма ед?

Жаңбыр, жаңбыр тереземнен қарадым,

Ол да сені көріп тұрған болар деп...

 

Белгісіз мұң...арыла алмай келесіз,

Мойымаңыз, сіз бәрін де жеңесіз!

Тым болмаса тіл қатыңыз түсімде,

Сағындым ғой, неге қинай бересіз?

Жырыңызға жүрегіммен бойлағам,

Оңашада оқимын да, ойға алам.

Тәнімізден бөлінгенде жанымыз,

Сіз-теңізге, ал мен-бұлтқа айналам.

Өмірде де, өлімде де қосылмай,

Мұң аралас күн кешеміз осындай.

Жалғыз бақыт-жүректегі сағыныш,

Жалғыз уақыт-жұбататын досымдай!

 

Тағдырымнан ерте келген есем бе?

Көз жасыңнан көңілсіздік кешем де.

Үрей, үміт арпалысар санамда,

Жоқ, анашым...уайымдама десем де.

Ақ дауылдай көтеріліп, басылып,

Бірде мұңлы, бірде нұрлы ашылып.

Жас жанымның жамап жансыз жарасын,

Жүрмін ана, көп сырымды жасырып.

Көктемімде күңіренткен күй-нала,

Сырыңды аш деп, ақтарыл деп қинама.

Қатты ұрысшы, есің жисын елігің,

Қатты ұрысшы, көп өкпеңді жина да.

P.S.Құлаққа емес, жетсін мына миға да!             

 

Күз көңіл жаңбыр төкпелесін деп,

Ашуға булығып өкпелесін деп,

Жыры мен мұңы жараспас жанын,

Осылай ғана жек көресің деп,

Алай да дүлей алып-ұшсын деп,

Мені де іздеп, сағыныссын деп,

Сенімді көңіл сертіне мәңгі,

Сүйе ме, жоқ па, жаңылыссын деп,

Таразы көңіл тартылмасын деп,

Қол жетпес жырлар сарқылмасын деп,

Көп күткен көңіл көргенде мені,

Жадырап жанар, жарқылдасын деп,

Мен саған жазбай кеттім...

Жүрегім жыламасын деп,

Себебін...сұрамасын деп!