Қазақтар ең бір ұлы ұлын аялай ардақтап – Абай атаған. Абай – ұлы ақын, композитор, аудармашы, философ һәм қоғам қайраткері.
Абай – қазақ поэзиясындағы ең бір трагедиялық тұлға.
Қазақ поэзиясын, Абай тұңғыш рет терең философиялық қуатты оймен суарды.
Абайға керегі – адам, адамның рухани болмысы мен адамгершілік нысанасы.
Ұлы ақынның ең бір қымбат философиялық мұрасы, көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері. Сонау 1890 жылы, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасының жарық көргеніне міне биыл 130 жыл толып отыр. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан.
Қара сөздердің бірнешеуі алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Кейіннен Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз т.б. көптеген шет ел тілдеріне аударылды. «Қара сөздердің» тақырыбы біреу – ақ, ол – адам болмысы. Ақын өлеңдерінің кейбір күрделі тұстары қара сөзінде түсіндірілген. Бұл Абайдың бірсыпыра өлеңдерін, алдымен, қара сөздеріндегі кейбір ойларды ұғынып барып қабылдауға мүмкіндік береді. Мысалы, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінің мағынасына жету үшін алдымен отыз сегізінші сөзді оқыған жөн. Екеуінің де айтар ойлары бір. Тек бірінде ой поэзия тілімен жеткізілсе, бірінде проза тілінде айтылған.
Қара сөздің барлығын публицистикалық шығарма деп тануға әбден болады. Себебі қайсы – бірін оқысаңыз да санаңызға қозғау салып, ойыңызды шымырлата түспегі анық. Тіпті білім – ғылым жайында жазылған қара сөздерден ерекше қуат алып, мотивация алатын жандар да баршылық. Әрбір қазақ азаматы осы қара сөздерді оқып шығуға міндетті деп санаймын. Әлбетте ол ұлтының нағыз жанашырын тәрбиелеп шығаратыны анық. 45 қара сөздің барлығын да жаттап алған жастардың саны бүгінгі күні аз болса да алдағы уақытта көбейетініне сенемін. Бірлікке, тірлікке, ізгілік пен адамгершілікке шақыратын публицистикалық шығарманы неге жаттап алмасқа? Ақыл, жүрек, қайрат үшеуін бірге ұстап Абай атамыздың нұсқауымен жүрсек келешегіміз жарқын, болашағымыз баянды болары сөзсіз.
Абонемент бөлімінің кітапханашысы: Орынбай Ш.А.