Кітапханалық подкастинг

Подкаст дегеніміз – қандай да бір тақырыпқа арналған радиобағдарламаға ұқсас, аудио форматындағы жазба. «Подкаст» сөзі 2004 жылы iPod (Apple портативті медиа ойнатқышы) және broadcasting (кең таралған хабар тарату) сөздерін қосу негізінде пайда болды. Бүгінде Apple подкастты өзінің iTunes желісіне енгізді. Бұл оны тыңдауды әлдеқайда жеңіл етті. Егер де сіз Android қолданушысы болсаңыз, play market-тен google podcasts-ты немесе castbox мобайл қосымшасын жүктеп подкастарды тыңдай аласыз. Бүгінде әлемде түрлі тақырыпқа арналған мыңдаған подкаст бар. Ал біздің елімізде бұл үрдіс өз қанатын енді ғана жайып келе жатыр.

Жұмысқа немесе үйге барар жолда, спортпен шұғылдану кезінде немесе кешкі ас дайындау барысында пайдалы мазмұнды контентті тыңдау өте ыңғайлы. Сондықтан подкасттарды интернеттен белгілі бір сайттарға жазылу арқылы немесе жазылусыз MP3 форматын қолдайтын кез-келген құрылғы (компьютер, MP3 ойнатқыш, ұялы телефон және т.б.) арқылы тыңдай аласыз. Подкаст өз аудиториясын табуы үшін қызықты мазмұн жеткіліксіз – ол техникалық жағынан да сапалы болуы керек. Сол себепті, мүмкіндік болса, подкасттарды кәсіби студияда жазған дұрыс.

Көптеген ақпараттық агенттіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарында өздерінің подкаст арналары бар, сондай-ақ, бизнес компаниялар да өздерінің өнімдері мен қызметтерін жарнамалап, олар жайлы хабарлау үшін подкастингті пайдаланады.

  Байқап отырғанымыздай подкаст арналарының бағыттары әр түрлі болуы мүмкін. Солардың бірі – кітапханалық подкастинг. Бүгінгі таңда подкаст форматы кітапхана саласында да өте тез дамуда. Кітапханалық подкастингтің негізгі мақсаты - оқырмандарға жаңа түсімдер туралы хабардар ету, қазіргі мәдени өмірдің өзекті тақырыптарын талқылау болып табылады.

Жұмыстың бұл түрін пандемия кезінде шет мемлекеттер және Қазақстан кітапханалары белсенді қолдана бастады. Кітапханалық подкастинг арқылы кітапханаларға келушілер саны артып, кітап оқуға қызығушылық танытқан оқырмандар көбейіп келе жатқаны байқалады. Осылайша, кітапхана Интернетте «Трендке» айналуда.

 

 

 

                           Облыс кітапханаларын дамыту бөлімі

                                                     Ерғали Г.Б.