Жамбыл ата жайлы бір үзік сыр

Қазақ  халқының  ақындық – өнерінің  даму тарихында Жамбыл Жабаевтың алатын орны айрықша. Екі дәуірді басынан кешірген, замана шежіресіне айналған ақынның қайталанбас шығармашылығы мен адами қасиеттері кімді болмасын тәнті етері сөзсіз.

Киелі жерде дүниеге келіп, дархан даламыздың саф ауасымен тыныстап өскен қасиетті жыраудың есімі ұлттық болмысымыздың арқауына айналды.

Бала күнінен бетті болып еркін өскен болашақ ақын  8-9 жасқа келген соң-ақ қойшылармен, жылқышылармен бірге жүріп, солардан неше алуан аңыз әңгіме, өлең – жыр естіп, өзі де жыр айта бастайды. Асау тай үйретіп, қаймықпай бас білдіруі де оның  жігер – қайратын білдіріп тұрар еді. Сөйтіп,  жарқын жүзді, көпшіл,  өр мінезді, қайсар Жамбыл, ел ішіне тез танылады. Оның көрегендігі мен жігерлілігі  де болашақ тағдырының хабаршысындай еді.

Өткен дәуірдің өтпелі кезеңдеріндегі қиыншылықтарды халқымен бірге бөлісіп, өзінің жасын жырларымен жүректерге сенім ұялатып, жаңа заманның жыршысы ретінде ұлы бабамыз тарихтағы өз орнын алды. Замананың ағымын дәл бағамдап, айналада болып жатқан өзгерістерге өз үнін қосып, биліктен жасқанбай «ақты ақ, қараны қара» деп айта білетін, өз халқын  сүйетін ол,  оның тағдырына жәрдем беруге асығатын.

Өткен ғасырдың он алтыншы жылдары халқымыздың басына қара бұлт үйіріліп, бодандықтың құрсауында бір болдырып, өз ортасынан шыққан бай-манаптардың тепкісінен екі рет езгіге түсіп, естері кеткен халқының тағдырына күйзелген ақын өзінің «Зілді бұйрық» деген өлеңін жазады.

«Верныйден» жандаралдар бұйрық қылды,

Құйрығы бұйрығының тіпті зілді. 

«Отыз бір, он тоғызды алады» деген,

Суық хабар халықты бұлқындырды, - деп бастап, бағы ашылмаған халқының тағдырын ашына айтып,  дегенмен,  «түн артынан  күн  туатынын», ұлтымыздың Бекболаттай қырандары бастап, атой салып, алға ұмтылып, азаттық жолында ерлікпен қаза тапқандарын шынайы жырға қосқан.

Алты қырдың астынан  естілген ақынның  асқақ  үні халқының  рухына жігер берді.

Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген жыры жарияланған кез Ленинград қаласының  жағдайының  аса бір ауыр шағы еді. Азық - түлік өте аз болды. Қалаға жаудың оғы үздіксіз жауып тұрды. Осы кезде  Жамбылдың жыры газеттерде жарияланды. Халықтың рухын  көтеруде ерекше күшті көрінген бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқып тұрды. Жыр үлкен әріппен басылып, көшелерде плакат болып ілінді. Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен жастары сорғалаған адамдар көп болды. Немістің самолеттері төбеде ұшып, бомба тастап жүргенде, тығылудың орнына, Жамбылдың жыры басылған газетті алуға кезекте тұрған адамдарды талай көрдім»,- деп  еске алады орыстың белгілі ақыны Александр Прокофьев.  

«Перзенттік парызды өтеу, халқының қамын жеп, мұңын жоқтады» деген өсиеттің өнегесі осындай болуы тиіс. Ақын жыры – заманының үні. Туған топырағымызда тыныштық орнап, жаңа дәуірдің таңы жарқырап атқанда ақиық ақынның екінші тынысы ашылғандай болып,  халқының қуанышына да жауһар жырымен шашу шашты. Бір ғасырға жуық саналы өмірінде ол халқымыздың мұңы мен қуанышына куә болып, 19-шы және 20-шы жүз жылдықтардың арасына өзінің маржан жырларымен алтын көпір салды деп айтуға болады.

Жамбыл ақын заманның не бір аумалы – төкпелі кезеңдерінде өмір сүрді. Халқының бақыты мен қуанышын, жасампаз болашағын жырлауға жаралған дауылпаз құстай рухани күшіне тең, алып тұлға ретінде өз жұртымен бірге мәңгі жасай беретініне сенімдіміз.

 

Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы: К. Т. Айтбаева