Шалқаров Жәлел Қуандықұлы

ШАЛҚАРОВ Жәлел Қуандықұлы – 1986 жылы 10 қаңтарда Қарақалпақстан Автономиялық Республикасы Беруний ауданына қарасты Алғабас ауылында дүниеге келген. 2009 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің филология факультетін аяқтаған. Жас ақын.

Өлеңдері "Өмірге келер әлі талай Қасым" жинағына, 2011 жылы "Қасымнан – ғасырға" атты аудио антологияға, 2012 жылы Алматы "Қазақ энциклопедиясы" баспасынан шыққан республикалық "Жаңа ғасыр жырлайды" атты жас ақындар антологиясына, 2013 жылы "Дала дарыны" атты сериямен жарық көрген "Сарыарқа сазы" атты жас ақындардың жыр жинағына енді. 2013 жылғы облыстық "Бұхарекең жырлайды" атты ақындар мүшәйрасында жүлделі III-орын, Ж.Тәшенов атындағы "Жылдың үздік ақыны" атты жыр додасында "Жылдың жалынды ақыны" номинациясы (2013ж), аймақтық Т.Жұмаш атындағы "Қырандар ғана ұшатын биік бар" атты мүшәйрада III-орын  иелеген (2013ж). Облыстық "Орталық Қазақстан", Республикалық "Айбергенов әлемі","Тұмар", "Қасым" журналдарына бір топ өлеңдері жарық көрген. "Қасым" әдеби порталына, "Күлтөбе", "Массагет" сайттарына өлеңдері жарияланған. Қазіргі таңда Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері, "Жыр-Жауһар" поэзия клубының төрағасы.

Ләззат

Ләйләдай лағыл лебізге лайық,
Балапандайын бейкүнә бейнең.
Күлкіңнен артық ем іздеу айып,
Тұншыға қалса керқұла кеудем.

Әлем әспеті әлі де әрсіз,
Сендік сиқырды сезіне алмаса.
Кереметтердің бәрі де нәрсіз,
Мейрімді сендей кезі болмаса.

 

Затыңдай зарсыз, Зайдалық зердең,
Бақытқа лайық қиялдай керім.
Өмірге тағы айналып келсем,
Ешкімді сендей сүйе алмас едім.

Заман заман ба заңдылықтарсыз,
Шегінсе шындық шертеді мұң күз.
Ажарсыз дер-ем паң қылық қар қыз,
Ғалам құбыжық еркелігіңсіз.

Ақын ақын ба арбаса арын,
Сезім сезім бе бір жылытпаса.
Өмір өмір ме далбасаларын,
Тізгілей бермей сырып тастаса?

Тағдыр тағдыр ма тар жол торламай,
Шабыт шабыт қой шапса қайда да.
Жәлел , Жәлел ме бір жыр арнамай,
Жұматай жүз жыр жазса Ләйлаға.

 

 ТӨЛЕГЕНШЕ

Тағдырымен  алысқан  пенде  дертін,
Жылуымен жырымнын емдеп  еркін.
Өлең- дейтін  өлкеге өрлік  етіп,
Өз  жүгімді  арқалап  мен де келдім.

Жүрегімде  ғасырлар жарасы  бар.
Қабағымда халқымның  наласы  бар.
Тамырымда  Әмудің  толқындары,
Төлегенін  сағынып  алас ұрар.

Мен  шуақпын  басылмас  табы  мүлде.
Шумақпын дайын тұрған қалібінде.
Ақ  парақпын  Төлеген  Жырынан  соң,
Тамшы  сия  көрмеген  әлі күнге.

Мен самалмын  есетін  ырғай  леппен,
Нөсермін бұлт  кірпігін  тырдай  еткен.
Мен  сап-сары  сазымын сағыныштың,
Қазақтың  маңдайына  сыймай  кеткен.

Еділ,Тұмар  аңызға  татыр  мақтан.
Абай,Қасым халқына  атар  ақ таң.
Түсі тозған Құмдағы  мұнарадан,
Тауып  алдым  Рухымды  тасып  жатқан.

Заман түлкі,жалаңдап іште  нарық,
Бас  бармақты  әбжылан  тістеп  алып,
Бюстіңнің  алдында  мұңымды  айтып,
Ескерткішке  теңеймін  күнде  барып.

Көктемімнің   сарғайтса  гүлін  күз кеп,
Аспаныма  салса  егер тұман  тізбек,
Жаратқаннан жұртыма  жұмақ сұрап,
Қала  кезіп  кетемін жырыңды  іздеп...

 

Түнгі аялдама

Тырбың тұрмыстан тынысым  тарылып,
Күйбең  күндерден  көңілім  зарығып.
Қараңғылықты қақ  жарып  қайта ,
Түнгі  аялдаманы  келемін  сағынып.

Жіпсіз желкенмен жер  үсті  жолығып,
Түпсіз  түнектен  жүрегім  толы үміт.
Көк  теңіздегі  қалқыған  кеменің –
Аппақ нұрына  отырмын  шомылып.

Иісін  іздеумен  сілпі  жаңбырдың,
Қара бұлттардың  қаласын  қаңғыдым.
Сыршыл  жапырақпен  қосыла  теңселіп,
Сыршыл  жапырықпен шырмала  қалғыдым.

Түнгі  шаттықпен  арақты  жары ғып,
Болашақ  жүр тағы  күнәға  малынып.
Ал мен  қағазбен  сырласып  отырмын,
Майқұдық  төрінде,-қараңғы  жамылып.

Бағын  аралап  бұлыңғыр  елестің,
Дертке шалдықтым сағыммен кеңестім.
Сол  түнгі бақты  күнде  бір  барып,
Кезіп  тұрмасам жазылар  емеспін.

Қара түнектің бозарып жанары,
Қалғып қатыгез сағатын  санады.
Ауысым  тапсырған  қарауыл  сынды,
Қара  жейдесін  әкетіп  барады...

 

Күз,үміт...

Сол  бейне-
Сол бір  сәт-
Сол  бір  түн.
Мен неге осынша  солғынмын?
Селт  еткен  бір  күндік  махаббат,
Елес  боп-
Көзіме  толды мұң.
Мен  неге  осынша  солғынмын?!

Қондың  да қайта  ұштың  бағымнан,
Мен  бе едім
Сен  бе әлде жаңылған.
Біз  кеше бақытты –ек
Ал бүгін,
Айналып  барасың  сағымға.

Пәк  сенім  шықты  да,  бір  қалқып.
Жүректі  жіберді  сандалтып.
Бір  түндік  махаббат  жалыны,
Жеп  барад,
Жанымды  дал-дал  ғып.

Жылт  еткен  бір сезім  жылымық,
Әп-*сәтте  жоқ  болды  үзіліп.
Атымды  бір  рет айтпастан
Келдің  де
Кеттің  ғой, күз, үміт..

Ғұмыры  аз ұшқынның  әлегі,
Еркімді  неге  ұрлай  береді?
Көңілім сол  қаңбақ  сезімнен,
Әлі  де-
Боп  жүрме  дәмелі...

 

 

Күнә

Жылдарым жырақта қалған,
Мұңлы әнім сынаққа салған.
Кешіңдекр күнәмді менің-
Табыстап бір қуатты аман.

Күндерім күлкімен өткен,
Түндерім ұйқымен өткен,
Кешіңдер күнәмді менің-
Сыр шертіп сан құдіреттен.

Сәттерім сезім лаулаған,
Тәтті ерін төзімді арбаған,
Кешіңдер күнәмді менің-
Оралып келемін саған.

Сағаттар қияға өрлеген,
Парақтар сия көрмеген,
Кешіңдер күнәмді менің-
Аймалап аялы үнменен.

Көңілдер күбір үзбеген,
Өмірлер жылу іздеген,
Кешіңдер күнәмді менің-

Ұлың-ем, аппақ әлемге

Қарайтын нұрлы көзбенен...
 

                                           Көшірме жасаушы келіншек
Жанымды жаралап жыр ұшкын,
Сырғумен өтуде тұнық күн.
Жауыр-ед менің де қабағым,
Сенің де көзіңнен мұң ұқтым.

Қабылдар  кек алып Абылдан,
Ғаламның тынысы тарылған.
Пендеміз біз құдай емеспіз,
Саналы сұрыптау жазылған.

Мейлі ұнат мейілің сөк мені,
Көгерер,  көңілдің  көктемі.

Кеше гөр мұңыңды ұрласам,
Кешіру жақсы ғой өйткені.

Қара жер.Көк аспан.Тіршілік.
Жанарда бұлт қапты іркіліп.

Қаламның қуаты қатты екен.

Жыр жаңбыр төгілді сілкініп.

 

Сарғайып уайымга берілсек,
Шерліміз тағдырдан жеңілсек,
Түпнұсқа қалпыңды сақтай гөр ,
Көшірме жасаушы келіншек.

 

 

Соңғы...

Соңғысына жетпей-ақ дамыл легі,
Соңғы вагон , соңғы орын бағым ба еді?
Ардан қуат алатын пойызымда ,
Соңғы  бекет болмайтын сарында еді.

Соңғы қармен қоштасып мұңды сүйреп,
Соңғы ақшаға алынған соңғы билет.
Жыр ғұмыр бұл есеппен өлшенбейтін,
Гүл көктемі келетін тоңды түйреп.

Соңғы бағыт белгісіз соңғы нүкте,
Сан күдікті жеңдіріп жанды үмітке,
Есениндер өлмейді мәңгі тірі ,
Соқыр қоғам маталған соңғы жіпке...

Мазасыз мансұқ ойдан еңсем жүдеп,
Таңсық күндер қол бұлғар,келсеңші деп,
Музам маған соңғы рет қанат беріп,
Жыр жазғандай боламын ,ең соңғы рет...

 

 

 

Жинаятхан

 

Алтыншы ұлын алыпқа жақын жорып,
Кенжетайым болар деп сірә мықты.
Мен өмірге келгенде һақ ұл болып,
Әкем байғұс өлердей қуаныпты.

Әкенің ақ ниетін құп демес кім,
Тумасамда уыстап жинай ап қан.
Түрікмен патшасындай тік боп өссін,
Есімін  қоям депті, -Жинаятхан.

Әкеме қарсы келіп Үлкен атам,
Хан есімін қоймайсың жас балаға!
Қанішер боп өзіңді жіпке матап,
Душар болсаң қайтесің масқараға.?

Жәлел-болсын, іздесең биік мұрат,
Пәк боп өссін быламық бәлеге ермей.
Шет жүрсе де шекесі ұйып тұрат,
Ақын болсын мұсаның Жәләліндей.

Ат қойыпты осылай ниет қылып,
Жамандықты жақсылап қуыпты ойдан.
Атымды кім қойса да тіреп тұрып ,
Мен анамнан Ақын боп туып қойғам.

Жырларымнан рух алып мұңайған ел,
Шалқарымын халқымның шөлі қайтқан.
Жинаятхан болсам да жөн айтар –ем,
Жинаятхан тегінде Жөнін айтқан...

47 – автобус

 

47 – автобус

Алға жылжиды

Айналып өтіп

Жыртық жамау қияқты.

Жолы да құрғыр

47 – жыл

Тозығы жетіп

Өңдеу көрмеген сияқты.

 

Жүргізуші ағай

Қара көйлекті

47-жастар шамасы.

Бетіндегі

әжімі сөйлеп тұр,

47-көктем наласын.

 

47-адамын

Мінгізіп алып

Шаңға оранып келеді.

47-шахта

Арқада қалып

Өлең боп, мидан тебеді.

 

Сол 47-мен

мен де келемін

Тамұқпен тылсым танысып.

Қаз-қатар жырды

тірілте беремін –

47-түрлі оймен алысып.

 

47 – автобус

Алға жылжиды

Айналып өтіп

Жыртық жамау қияқты.

Жолы да құрғыр

47 – жыл

Тозығы жетіп

Өңдеу көрмеген сияқты.

….

 

Жүректің үнін, түн менен тырнап,

Айтудың өзі мен үшін бір бақ.

Сырдыр сезімім сарқылмас сірә,

Өзіңді мәңгі өтсем де жырлап.

 

Шелдесіп көзім, жанарым жылап,

Жаным – жаныңды іздейді тулап.

Үміт пен сенім жетегіндемін,

Қатыгез уақыт барады зулап.

 

Бұлбұлын іздеп күзгі бір бақтың,

Өзге әлемнің есігін қақтым.

Жүрегім мені алдамас болар,

Іздегенімді адаспай таптым.

 

Көңіл тұншығып сансыз сұрақтан,

Түнектен бездім, тілсіз жылатқан.

Бәріне қолды бір-ақ рет сілтеп –

Шықсам ба шіркін, Шамалған жақтан?!