Көктем шуағы

Көрмесем-дағы ешқашан шағаланы көктен,

Жыл құстарын күткем өзенде –

жағадағы көктем.

Жағады ма бүгін көңіліме, жаға алмайды ма,

Көктем келді міне, тағы да... қаладағы көктем.

 

Иә, бұл ақын Нәзира Бердалының көктеммен сырласқан сәтінен туған өлең жолдары... Көктем мезгілінің әдемі көрінісі қызу тіршілік иелерінің барша әрекеттері талай ақындардың шығармаларына арқау болғанын оқып жүрміз...

Сақылдаған сары аязы сүйекті сындырардай суық Сарыарқадан қыс та кетіп, жылы, жаймашуақ үнімен көктемде келді! Басқаға қалай әсер ететінін қайдам, өзіме табиғаттың осы бір мезгілі ерекше ұнайды, көңіліме қуаныш ұялап, бір марқайып қаламын. Табиғат ана жаңарып, жер аяғы кеңіп, малдар төлдеп, ел тірлігі едәуір өзгеріске түсетін керемет мезгіл – осы көктем. Мал төлдеп, қорадағы қозы-лақтың шулаған дауысы, қыста сапар шегіп, қатар тізілген құстар, қыбырлаған жәндіктер бәрі-бәрі көктемнің әсемдігін көрсетеді. Көктемде түркі елдеріне ортақ – Наурыз мейрамы да салт-дәстүрімізді тереңнен насихаттайтын берекелі мереке екені анық. Сонымен қатар, биылғы жылы мұсылман қауым үшін ерекше саналатын қасиетті Рамазан айы да осы көктем мезгілімен тұспа-тұс келіп тұрғаны көңілге керемет сезім ұялатады.

Қыс пен көктемнің алмасар уақыты барлық жаратылысқа оң әсерін тигізбей қоймайды. Көктем жылы күндердің, жаз шырайының хабаршысы болса, өмірдегі жаңа белестерге деген бет бұрыстың, жаңа бір беттің ашылуы. Көктемде күн ұзарып, ауа райының жылуынан қар ериді, жауын-шашын мол жауады... «Қыстағы алаудан, көктемдегі шуақ артық» - дейді халық даналығы. Яғни, қысты қанша қатал мезгіл деп қарастырсақ та қыс арқылы сіз бен біз көктемнің қадірін біліп жатамыз.

Жалпы, мен көктем мезгілін жаңарудың, жаңа бастаманың және жанданудың символы ретінде қарастырамын. Еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда біздің Қарағандыға көктем кеш келеді, жәнеде сонысымен қымбат мезгіл біз үшін... Көктем мезгілі жер дүние жаңарып, жаңашылдыққа бастайтын кез.

Сонымен қатар, көктемде әйел заты құлпырып, әдемілене түсетін уақыт. Өміріңізде көктем сұлулығын көргіңіз келсе, өзіңіздегі тепе-теңдікті бірдей ұстаңыз, өзіңізге қажетті кітаптармен дос болыңыз!

                                                             Абонемент бөлімінің басшысы: А. Құдайберген