Құралайдың салқыны

Құралайдың салқыны далада жүр,

Құралайдың салқыны қалада жүр,

Долы ғасыр секілді ырық бермей,

сезім тулап, құйды асау санаға жыр..

Құралайдың салқыны далада жүр,

Құралайдың салқыны санада жүр...

Н.Оразалин

Атам қазақ табиғаттың әр құбылысына мән беріп «бесқонақ», «құралайдың салқыны», «бөрі сырғақ», «ұзын сары» - деп әр мезгілдің ауа райы құбылысын жіктеп келген.

Қазақ ұғымында «Құралайдың салқыны» деген сөз бар. Бүгінгі таңда оның сирек қолданылып, ұғымы да ұмыт болып бара жатыр. Бала кезімізде қариялардың аузынан естіп қалғанымыз болмаса, қаладағы жұрттың көбі оны әлдеқашан ұмытқан сияқты.

Анықтамалықтар дерегіне сүйенсек, бұл кез - Қазақстанның орталығы және солтүстік аумақтарында шамамен 20 мамырдан басталып, он шақты күнге созылатын ауа райының  құбылмалы күндері.

Расында, мамырдың орта тұсында қалың киімінен жеңілдеп, жылы ауаға бой үйрете бастаған жұрт  қоңыр салқын күндерді «Құралайдың салқыны» деп атаудың өз мәні бар. Киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дәл келгендіктен бұл кезді «құралайдың салқыны», «құралайдың суығы», «киіктің лақ өргізуі» деп атаған. Осы кезде төлдеуі жақындаған қоңыр аңдар бұлт үйірілген жерлерге топтасатын көрінеді. Оның мәнін аңшылар «қоңыр аңдар күннің көзінен таса жерге төлдеуге ұмтылады» деп түсіндіреді. Соған байланысты ел арасында киік лақтаған жерге найзағай ойнайды деген ырым бар. Құралайдың салқыны амалында аспанды бұлт торлап, аздаған жел тұрады. Осы кезде жаппай төлдеген киіктердің лақтары желге қарсы жүгіріп, тынысын ашып, тез аяқтанып кететін көрінеді. Бір ғажабы, киік қанша көп болса да, олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп үлгереді екен. Түз жануарларының тез төлдеуінің бір сыры - аналық киіктер кез келген құралайды емізіп, бауырына ала беретін көрінеді. Киік құралайының далада жетім, жалғыз қалмайтыны осыдан болса керек. Сондай-ақ, киіктің киелі жануар екендігін білдіретін тағы бір жағдай  көктемнің соңында, тек мамырдың 22-28-і күндері ұлы даладан қазақтар «түйетабан» деп атап кеткен өсімдікті көруге болады. Кереметтігі сонда, оның аса үлкен жасылдау - қызғылт түсті жапырақтары жаңа туған киік құралайын жасырып тұрады екен. Солайша қырағы бүркіттердің өзі табиғаттың қорғауында жатқан құралайды көре алмайтын көрінеді. Сөйтіп, құралайлар аяғынан тұрысымен-ақ, әлгі «түйетабан» өсімдігі келесі көктемге дейін жоғалып кетеді екен. Табиғаттың тылсымы сол, «Құралайдың салқыны» кезінде етке құмар дала жыртқышы дәл осы уақытта тәбеті қашып, етке жақындай алмай қалады екен. Құралайлар аяғынан тұрып кеткен кезде ғана жыртқыштардың етке деген тәбеті қайта оралады.

Қазақ киікті қасиетті жануарлар қатарына жатқызып, қыз балаларына Құралайдың есімін берген.

Адамзат жаралғалы, бірге жасасып келе жатқан киік қанша дәуір өтсе де құрып кетпей, тұқымын сақтап қалғандығымен ерекше.

Қазақ даналығы ғасырлар бойғы өмір тәжірибесінен жинақталған. Киікті қасиетті деп бағалауы да себепсіз емес. Жануар төлдейтін уақытта табиғат ─ ананың өзі амал жасайтыны сол киенің белгісі емес пе?!

 

Негізгі қорларды сақтау бөлімінің басшысы: Багзибекова А.Х.