Көркем әдебиет саласында сан қырлы аудармаларымен аты мәшһүр ғалым - әдебиеттанушы, аудармашы, сыншы, тарихшы, жазушы Сейділ Талжановтың туғанына 115 жыл толып отыр. Сейділ Талжанов 1906 жылы Нұра бойындағы Қаракемерде дүниеге келген.
Тырнақ алды әңгімелері 1927 жылы жарияланды. «Ұстаның үйі» (1957), «Сейфулланың Сәкені» (1959), «Адам туралы аңыз» (1965) тағыда басқа көптеген кітаптар мен аудармалардың авторы.
Аударма саласында «Көркем аударма туралы», «Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері» монографиясымен қатар мерзімді баспасөз бен ғылыми басылымдардағы мақалаларын, конференциялар мен симпозиумдардағы сөздері мен баяндамалары жеткілікті.
Сонымен қатар ол А.С.Пушкин, М.Горький, В.Г.Белинский, Ф.М.Достоевский кейбір шығармаларын қазақ тіліне С.Сейфуллиннің, М.Әуезовтың, Б.Майлиннің біраз шығармаларын орыс тіліне аударған. Сейділ Омарұлы Талжанов тағдырында тар жол тайғақ кешсе де еш мойымай ағыстан жол таба білген кемеңгерлігі мені таңдандыра түсті.
Мен Сейділ Талжановтың «Өткен күндер сөйлейді» атты туындысын оқып бірде қуанып, бірде мұңайып, бірде шаттық сезімге бөлендім. Әдебиет мәселелерінен бастау алған туынды, қазақтың маңдайына біткен ұлт тұлғаларын сөзге арқау етіп, қызықты әңгімелер мен мақалаларды, толғаныстарды баяндайды. Осы жинағы - С.Талжановтың туған халқына арналған соңғы лебізі, ақырғы шығармашылық туындысы.
Адам баласы пешенесіне не жазылса соны көретіні белгілі. Іңгәләп келген өмірде кейбірі басын тасқа да, құзға да, шыңға да соғатыны сөзсіз. Тағдырдың қанша дауылы кез болса да, мойымай адамдық қалыпта қалу, келешек ұрпаққа өшпес мұра қалдыра білу - екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлікпен пара – пар. Қысқада нұсқа баяндалған әңгімелер жинағында адамның өміріне қатысты, адами ізгі қасиеттер «Жақсылық пен жамандық» туралы, сонымен қоса «ақыл айту» сынды қызықты әңгімелерді оқып отырып, өмірдегі адам баласының басынан өткен тағдырларды келістіріп жеткізе білуі, оқырманды ынтықтыра түсуі автордың шеберлігін айқындай түседі. Шығармаларын оқып отырып жалпы авторға деген қызығушылық сезім ояна бастады. «Өткен күндер сөйлейді» туындысында зар заман ақыны Шортанбай туралы жазылған зерттеулері мені мұңайтып, қуанышқа да бөлей түсті. Шортанбайдың:
Әуелі қорлар зор болды,
Сондағы зорлар қор болды...
Қайыры жоқ бай шықты,
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты, - деп, ауыл ішіне жаңа кірген айырбас – сауда туралы ойын өлең жолдарға сыйдыра білуі, оның турашылдығы бірбеткейлігін айқындай түседі. Патша үкіметінің отарлау саясатын ауылға ала келген «жаңа заңның» ұлықтарын көреді, «үріп ішіп – шайқап төгіп» отырған берекенің шайқалуын солардан деп біледі.
С.Талжановтың Шортанбайды жан – жақты зерттеуі нәтижесінде феодализм мен капитализмнің түйіскен дәуірінде туып өскен ақын екені айтылады. Діншіл – үлкен молда және айтысқа да түскен суырып салма ақындық қасиетінде зерделейді. Халық ақыны Қайып Айнабеков туралы толғауларында; мен баяғыдан білген едім, өйткені менің үлкен әкеммен Айнабек өз тұсында дос болыпты деп естеліктерімен сыр шертеді. Қайыппен ең алғашқы кездесуі, Қасым туралы түсі, Бас балгерлік сынды бастан өткен уақиғаларын осы «Өткен күндер сөйлейді» атты еңбектен оқып таныса аласыздар. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін өмірде С.Талжановтың туындыларын оқымау біз үшін үлкен қиянат болары сөзсіз. Өмірдің бұралаң жолында адаспай жол тауып, өшпестей із қалдыра білген ғалымды әрдайым біздер насихаттай бермекпіз. Қандай күн тусада адамдардан мейірімділік күте білу, адамдық қалыпта қалу нағыз мықтылықтың белгісі. Біздің қоғамда осындай ғалымдар ауадай қажет.
Сіздерді С.Талжановтың шығармашылығы толғандырса, кітапхана қорынан алып танысуларыңызға болады.
Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Г.Жаркеева