Ана – тіршіліктің алтын арқауы

«Анашым! Асыл анам, есіл анам,

Елжіреп есіркеймін, есіме алам.

Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді

Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам» - деп Мұқағали ақын жырлағандай әр адамның ананың алдындағы парызы бар екені рас.

Ана - тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. «Ат биеден, алып анадан туады» -дейді  дана халқымыз. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алып өскен. Ана - барлық өмірдің бастауы. Ол өз сәбиін мәпелеп өсіреді, жақсы болуын қалайды. Адам бойындағы барлық асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Ана - ұлы адам, қасиетті жан. Тіпті айта берсең сөз жетпейді. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деген. Ана – өмірге әкелгеннен қорғаушың, жебеушің, тілекшің, жақсы мен жаманның, ақ пен қараның арасын, жалпы бұл дүниені түсіндіретін алғашқы ұстазың. Шартсыз сүю дегеннің не екенін ана арқылы ғана ұғасын. Бұл мейірімділіктің, сүйіспеншіліктің шарықтау шегі шығар.

Ана! Бар болғаны 3 әріптен құралған. Бірақ мағынасы – теңіздің терең тұңғиығыңдай, қол жетпес көк аспандай, қажеттілігі адамға ауаның қажеттілігіндей маңызды, дүниедегі ең қымбат сөз. Расында да, анамыз бар кезде біз өзімізді әлі де сәбидей, сәби болмаса да, қорғаны бар, ұясы бар балапандай, шатыры бар керегедей, аспаны бар жұлдыздай, құнары бар топырақтай, ағашы бар жапырақтай, көктемі бар самал желдей, жазы бар жайнаған гүлдей, күзі бар жаңбырдай, қысы бар қардай, қысқасы, жаны бар адамдай сезінеміз. Сыйлаймыз, құрметтейміз, еркелейміз. Біздің еркелігімізді көтеретін бұл жалғанда «Жан Анадан» басқа жан бар ма? Жоқ!!!

Оқырмандарға белгілі жазушыларымыздың бірі Ғабит Мүсірепов ана туралы көп қалам тербеген. Оның бізге «Өлімді жеңген Ана», «Ғазиз ана», «Ананың анасы», «Ер ана», «Ақлима» тәрізді әңгімелері белгілі. Шығармашылығының басым бөлігі анаға арналғандықтан жазушының әйел адамға, анасына деген көзқарасы ерекше болғаны айқын байқалады. Расымен, анасыз өмірді, әлемді елестету мүмкін емес. Әрбір жұмыр басты пенде бұл өмірге келгені үшін анасына қарыздар. Құдайдан кейінгі құдірет иесі - Ана. Сондықтан мына жарық дүниеге әкелген ана алдында бәріміз басымызды иеміз.

Қыркүйектің үшінші жексенбісі елімізде Аналар күні. Ендеше нұрлы мереке – Аналар күні құтты болсын! Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес! Жер бетінде жақсылық нұрын себетін аналарымыз аман болсын! Мен де өз анама ризашылығымды білдіріп, Алладан анамның аман болуын тілеймін!

 

                                                     Абонемент бөлімінің кітапханашысы: Ақниет Құдайберген