Маңдайына жазылған, өлшеніп берген өмірде аз жасап, жасындай жарқ етіп ел аузында аңыз боп өмір сүрген ақындарымыз аз емес. Солардың бірі – Қасым Аманжолов. Балалық шағымнан ақын шығармасымен қалай танысқаным жайлы айтсам деймін.
1976 жыл. Менің «Абай» мектебінен ауысып «Алғабас» мектебіне келген кезім болатын. Бірде ағатайымның аузынан «Дариға сол қыз» әнін естідім. Ертесіне демалыс күні болатын. Мені қызықтырған «Келемін қайтып, өлеңімді айтып...» Қойған сауалыма: Қазақта Қасым деген ақын болған деп бастап білетіндерін, сосын «Шіркін, ақша», «Семья - шағын мемлекет» деген өлеңін жатқа оқып, Дәмелі жеңгем «Ақсәуле» әнін айтып берді. Менің таң қалғаным шоферлық қана білімі бар адамның ақынның көп ән - өлеңдерін жатқа айтуы және мен үшін аға-жеңге орнындағы жандарымды жете білмейтіндігім еді. Сөйтсем, олардың ұстазы болған Шұғаюп Белгібаев ағамыз ақын өлеңдерін кезінде жаттатқызған екен.
Ауыл кітапханасымен танысқан соң өлеңдерін алып оқыдым. Радиодан Қасым әндері шырқалса, елеңдейтін болдым. Алматыда оқып жүргенімде 1 сом 30 тиынға Сәбит Досанов ағамыздың «Екінші өмірін» қуана сатып алып, бөлмелес қыздарыма да алғызған едім. Ағатайым: «Қасым - өз туған өлкеме ұзағынан танымал боламын» деген орыстың бір ақынының өлең шумағын жиі айтады екен, бірақ кімдікі екенін білмедім, - деп есіне түсіре алмап еді. Мен оны Сырбай Мәуленовтің «Найзағайлы қара бұлт» деген естелігінен таптым.
«Милый друг, я умираю,
Поэтому был я честен.
Но за то родному краю
Буду долго я известен...», - деп, Добролюбов өлер алдында айтқан екен.
Алла Қасымның маңдайына суырып салма ақындықты, сазгерлікті, музыкалық аспаптарда шебер ойнаушылықты, аудармашылықты, асабалықты жазған екен. Жазушылар Одағы талқысында: «Тәрбиеге көнбейтін хулиган Қ.Аманжоловты талқылағанша, менің шығармаларымды неге талқыламайсыңдар? Мен ғана емес, мен сияқты жастардың шығармаларын неге талқыламайсыңдар?», - деуі де жалғандыққа жаны төзбегендігі, турашылдығы шығар.
Ақын жайлы жазылған Т.Әлімқұлов, Қ.Қайсенов, Ә.Тәжібаев, С.Қирабаев, С.Сматаев, П.Перімбекова, С.Досанов, Е.Ысмайылов, Р.Нәрешов, М.Рәшев, т.б азаматтардың естелігіне назар аударсаңыз, ақын жайлы білім көкжиегіңіз кеңейеді.
Жыл сайынғы өтетін Қасым оқулары да кең қанат жайып, жүлдегерлердің өлеңдері «Qasym» сериясымен кітап болып басылып келеді. Күні кеше ғана кітап қорымыз «Бір нәзік сәуле» атты «Qasym» cериясымен жарық көрген ноталар жинағымен және Марат Азбанбаевтың «Архив, Қасым, Қарқаралы» атты еңбегімен толықты.
Иә, ақын шығармалары халық игілігіне айналып, артына өрісті де өшпес көркем мұра қалдырды. Біздің кітапхана қорынан Қасым жайлы іздегеніңіздің бәрін табатыныңызға кепілдік береміз.
Келіңіздер, оқыңыздар!
Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторы басшысы:
Ахмадиева А.С.