Жеке тұлғаны дамытуға арналған үздік 5 кітап

Адам баласының өмірі ақ қағаз десек, сол ақ қағаз - оның өміріне өз таңбасын, ізін қалдырар құралы. Ақ қағазға салынған осы іздер де қарға түскен іздей, екіге бөлінбек. Бірі айқыш-ұйқыш қайда барарын білмеген жолаушының ізіндей, түсініксіз. Енді бірі ұғынықты, діттеген мақсатына жолға шыққан адамның ізі секілді. Міне, осындай артына өзінің ізін қалдыра білген, адамды «тұлға» деп атаған.

Тұлға феномені - өте күрделі ұғым. Адам өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруы үшін тал бесіктен жер бесікке дейін талмай еңбек қылып, білім іздеу жолында табанды әрі талапшыл болуы керек. Дана қазақ халқы ерте заманда «кемелдік» деңгейіне көтерілген адамды ғана «тұлға» деп баға берген. Қазір бұл сөз ауызекі сөдердің біріне айналып бара жатқан секілді... Бұл жердегі «кемелдік деңгейі» деген, қандай деңгей?! Бұл деңгейге көтерілудің артында «тұлға ұғымы» жатыр десе демек, кемелдену сөзінің өзі рухани даму, кітап оқу деген сөздермен мағыналас болып тұрған жоқ па?!

Иә, кітапты көп оқып өзінің жеке тұлғасын қалыптастырып, қоғамда тұлға ретінде танылған көптеген ұлы адамдарды білеміз. Қай ұлы тұлғаны алып қарасақ та барлығы өзінің кішкентайынан кітап құмар болғанын айтады, яғни, кітап оқып жеке тұлғаны дамыту барлық ұлылардың өсиеті  секілді. Ал, жеке тұлғаны дамыту үшін қандай кітап оқу керек дейтін болсақ?! Қазіргі таңда бұл өте ауқымы кең тақырыптардың бірі, өйткені жеке тұлғаны дамытуға арналған кітаптар өте көп. Ол кітаптарды өз мақсатына тиімді пайдалана білген адамдар үшін барлығы дерлік пайдалы кітаптар деуге болады. Осы кітаптардың арасынан көп оқырманға пайдасы тиген және әлі де пайдалы болар деген мақсатта жеке тұлғаны дамытуға арналған ең үздік 5 кітапқа нақтырақ тоқталып өтсек...

Американдық педагог, психолог, жазушы. Өздігінен жетілу туралы көптеген психологиялық курстардың авторы Дейл Карнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» атты кітабы, қанша жыл өтсе де әлі бестселлер болып тұрған кітаптардың бірі. Д. Карнеги бұл кітабында бес маңызды ойға кеңінен тоқталып, әр ойдың мағынасын терең баяндаған. Мысалы, екінші ойында ол былай дейді: «Кісінің қадірін біліңіз. Араласып жүрген адамдардың өзіңізді қолдағанын қалайсыз ғой. Өзіңізді бағалағанын қош көресіз бе? Ендеше басқалардан біз не қаласақ, оларға да керегі сол. Себебі адами болмыстың негізі – елге сыйлы, төңірекке қадірлі адам  болсам деген ниет». Міне, осы Карнегидің маңызды 5 ойын санаға бекітіп, жеке тұлғаны дамытуда тиімді пайдалануға болады.

Орыс психологы, жазушы, заңгер, тележүргізуші және радио жүргізушісі Михаил Лабковскийдің «Хочу и буду» кітабында адамның өзін-өзі қабылдай алуы толығырақ жазылған, расында тұлға болам деген адамдар үшін ең алдымен өзін-өзі жақсы көріп, бар болмысын қабылдай алуы басты қағидалардың бірі. Сонымен қатар, тәуелсіз шешім қабылдау, ата-аналармен, балалармен және серіктестермен қарым-қатынас туралы жазылған.  

Қазақтың IT маманы Данияр Жігітбектің «Лайфхактар» кітабында жеке даму, шешім қабылдау өнері, жапонның «кайдзен» әдісі, тайм-менеджмент тәсілдері, білім һәм үйрену, кітаппен қалай достасуға болады?, қаржылық сауаттылық деген тақырыптар қамтылған. Аталған әрбір тақырып тұлға болып қалыптасамын деген кез-келген адамның ойында жүрген сұрақтарға жауап табу мақсатында жазылған.

Американдық психолог, жеке даму жайлы кітаптардың авторы Мэг Джейдің «Важные годы» кітабы. Бұл 20 мен 30 жас аралығындағы жас жеткіншектерге арналған кітап. Автор ересек өмірдің басталуын кейінге қалдырудың қажеті жоқ екенін түсіндіреді және адам өмірінің осы кезеңінде не істеу керектігін айтады. Дәл осы кезеңде барлық сала бойынша өз дамуына салынған инвестиция барынша пайда әкелетіні жазылған. Бұл жас аралығында кез-келген адам өзін іздеп, ең маңызды шешімдерді қабылдап үйрену үшін түрлі кітаптарды ақтаруы мүмкін, бірақ жеке тұлғаңды ерте жастан қалыптастыру үшін  бұл ең тиімді кітаптардың бірі.

Канадалық жазушы, оқытушы, өзін-өзі дамыту курстарының жаттықтырушысы, жеке даму жайлы кітаптардың авторы Джон Кехоның «Подсознание может все» кітабында әр адамның түйсігінде жасырынған шексіз ойларды қалай жүзеге асыруға болатыны жазылған. Тұлға деп танылған көптеген ғұламалар да өздерінің түпкі түйсігінде жатқан кішкентай ойлардың күшімен осы дәрежеге жеткендігі жайлы көп айтып жатады, ендеше бұл кітап та жеке тұлғамды дамытамын деген адам үшін құнды кітаптардың бірі болмақ.

Жалпы, жеке тұлғаны дамытуға арналған көптеген кітаптардың мазмұны ұқсас болып келгенімен, ол кітаптардың ішінен өзіне қажеттісін ала білген адамға әр кітаптың берер құндылығы өзінше бір бөлек дүние. Аталған 5 кітап та тұлға болып дамимын деген әрбір адамға көмек берер құралы, ең сүйікті кітаптарының бірі болады деп ойлаймын.

 

Кітапханаларды дамыту бөлімі Жамауова Ұ.