Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, химия ғылымының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Жоғары білім саласының басшысы және танымал педагог – Еділ Ерғожаұлы Ерғожин. Ол 1941 жылы қарашаның жетісінде ҚазКСР Алматы облысы Ескелді ауданының Екпінді ауылында дүниеге келіп, 2020 жылы 9 шілдеде дүниеден озды. Биыл тірі болғанда 80 жасқа толар еді.
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Міне, осы сөзді Еділ атамызға тура айтылғандай. Себебі, өзі тәрбиелеп өсірген талапты, талантты жастарға кезінде кандидаттық және докторлық дипломдарын алуға көп тер төккен Еділ ағаның еңбегінің арқасында бүгінгідей дәрежеге жеттік. Ол кісі әр шәкіртіне осындай қамқорлық жасап отырды. Қазіргі жастарға тау тұлғалы Еділ Ерғожаұлы өзінің еңбексүйгіштігімен, үлкен жауапкершілік, адамгершілік келбетімен, данышпан ғалым, үлкен жүректі ұстаз эталоны ретінде өнеге болып көрінеді. Соңғы кезде химия саласындағы оңдаған мың студенттер, магистранттар және докторанттар ол жазған оқулықтар мен ғылыми әдістемелік құралдар бойынша теориялық және практикалық білім алуда. Ғылым, білім, техниканы дамытуда, жас ғалымдар мен мамандар дайындауда, Қазақстан химия ғылымын нарыққа бейімдеуде, дүниежүзілік деңгейге көтеруге оның сіңірген еңбегі орасан зор. Ол – отандық ғылымның дамуына мембрана технологиясы мен ионалмасу химия саласында өлшеусіз үлес қосқан, бүкіл дүниежүзінде белгілі Қазақстан ғылыми мектебінің негізін қалаған, еліміздің біртуар еңбекқор азаматтарының бірі және бірегейі ретінде танымал. Қазіргі кезде Қазақстанда әлем танитын үлкен мектебі бар, оның лабораториясында тәрбиеленген 13 ғылым докторы, 80 ғылым кандидаты, 20-ға жуық магистрант пен РһD докторы, 20-ға жуық ғылыми монография, 1200-ден астам ғылыми мақаласы, 6 оқулығы, 300 – ден астам авторлық куәлігі мен патенті бар академик – Еділ Ерғожаұлы Ерғожин.
Еділ Ерғожаұлы – 1963 жылы ҚазМУ-дың химия факультетін үздік бітірді. Еңбек жолын 3 курстан бастап – ақ ҚазКСР-ға химия ғылымдары институтының ион алмасқыш шайыр зертханасында ғылыми зерттеулермен айналыса бастады. ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің ғылым мен техника бойынша тұрақты комиссиясының депутаты және Төрағасы болып сайланды. Әртүрлі кеңінен қолданатын тұзды суды тұщытатын электродиализдік қондырғы жасап, оны өндіріске тұңғыш рет енгізді. Е.Е.Ерғожин осы еңбегі үшін 1982 жылы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды.
«Мен ғалым болып жаратылған адам емеспін. Данышпан Лев Толстой былай деген екен: «Адамға бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек қажет». Менің бүкіл ғылым – ғұмырымда жан серігім болған еңбекқорлық – барлық жеңістерімнің атасы. Зертханадағы зерттеулерімді бастаған кезде ғылымға беріліп, еңбектенгенім соншалық, тіпті жұмыс орнымда ұйықтап қалған кездерімде де болды» – дейді Еділ атамыз.
Оның есімі Қазақстанның «Алтын Құрмет» кітабына 1976 жылы жазылған. 1991 жылы – КСРО Ғылым Академиясының С.И.Вавилов атындағы медалімен марапатталса, 1995 – жылы Тегеранда өткен VIII халықаралық әл – Хорезми атындағы ғылыми фестивальдің алтын медалімен және дипломымен марапатталған. 2000 жылы - «Алтын адам – Жыл адамы» және меценаттар клубының платиналы «Тарлан сыйлықтарын алды». 2003 жылы – «Парасат» орденімен марапатталды.
Еділ Ерғожаұлы Ерғожиннің жарқын бейнесі ғылым жолында табанды ізденістерімен абырой биігіне көтерілген көрнекті ғалым, академик, ұлағатты ұстаз, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері тұрғысында мемлекетіміздің ғылым мен жоғары мектеп саласында қызмет етіп жатқан әріптестері мен шәкірттерінің және халқымыздың жадында мәңгілікке сақталады.
Оқу залы бөлімінің кітапханашысы: Шохшина Ж.С.