Міне, қазақ жеріне көктемнің жайма шуақ күні, керемет мейрамы Әз Наурыз да келіп жетті. Қыстың қақаған аязынан кейін табиғатта жаныңды жадыратып, көңіліңді көтеріп ерекше күйге түсіреді. Адамзат баласының ең тарихи маңызды, ең көңілді, үмітке жетелейтін мерекенің бірі – Наурыз мерекесі.
Жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамыры тереңінен тартқан осынау мейрам береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке. Наурыз шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтілуде. Наурыз сөзі - парсыша - ну - «жаңа», рыз - «күн» деген ұғымды білдіреді. Қазақша «жаңа күн», «жаңа жыл», «көктем мерекесі» «ұлыс күн» немесе «ұлы күн» деген мағына береді. Бұл мереке 5 мың жыл бұрын пайда болған. Ежелден мейрам 14 наурыздан бастап тойланған. Кейде оны «Ақ мерекесі», «сүт мейрамы», «төл ырысы» деп те атап жүр. Төрт түлік мал төлдейді. Адамдардың аузы аққа тиеді. Осындай қасиетті күнді қазақ «Ұлыс күн» деп атаған.
Бұл күні жақсы тілек тілеу, бата беру, құттықтау, кешірім жасау, көрісу, қарызды қайтару сияқты адамгершілік қасиеттер оң көрініс тауып жатады. Егер Наурыз мейрамында күн жайнап жадырап шықса немесе ақша қар жауса, халқымыз ырыс жауды аспаннан нұр жауды, бұл жыл есен болады деп, мол өнім болады, мал мен бас қатар өседі деп жорыған.
Ерте заманнан бері қыздардың сұлулығын Наурыз мейрамында жауған қармен салыстырған. Ақ, таза, жұмақ, үлпілдек қар сұлу ханымдардың асқан сұлулығын бейнелейді. «Ұлыс күні жаңа жауған қарды сыпыруға болмайды құт-береке қашып кетеді» деген болжам бар дана халқымызда. Бұл күннің басты тағамы Наурыз көже. Ол жеті түрлі тағамнан тұрады. Егер көжені жеті үйден татса, онда жыл сәттілік әкеледі деген болатын.
Ұлыс келер күні Қызыр бабаға арналып әр үйдің төрінде қос шырақ жағылатын. Мереке кезінде ойын - сауық шаралары жүргізіледі. Оның ішінде қыз қуу, алтыбақан, тоғызқұмалақ, бәйге және қазақша күрес т.б. бар. Араздасқандар төс қағысып, татуласады. Бойын да, ойын да, ниетін де таза ұстайды.
Қорыта айтқанда, сонау Нұқ пайғамбар заманынан басталған сан ғасыр санағынан өтіп, бізге жеткен Наурыз мейрамы қазақы салт-дәстүр, наным-сенім, кәделік жол-жоралғылармен өңделіп, бүгінгі таңдағы ұрпағымызға мирас болардай, басқа ұлттарға даңқымызды көтеретін үлкен мереке, тіпті береке екеніне көзіміз жетті. Халқымыз өте қонақжай, кең пейілді дана халық екені баршаға белгілі. Кейінгі ұрпақтар осындай жақсы өнегеден үлгі алса деп ойлаймыз.
Біздің кітапхана ұжымы да жыл басы Наурыз мейрамына ерекше дайындалып, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізеді. Кітапхананың «Bilim ortalygy» ұлттық нақышына қарай безендіріліп, киіз үйдің ішкі бұйымдарын көруге мүмкіндік беретін қазақ киіз үй инсталляциясы қойылады, мерекелі дастархан жайылады. Наурыз мейрамының шығу тарихымен таныстыру, қазақ халқының салт-дәстүрлеріне қызығушылықтарын арттыру мақсатында көпшілік іс-шаралар: әдеби кездесулер, ұлттық ойындар, зияткерлік сауалнамалар, иллюстрациялық кітап көрмесі ұйымдастырылады. Көрмеге қазақ халқының ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрлері туралы кітаптар қойылады.
Кітапхана оқырмандарын «Қош келдің, Әз Наурыз» атты мерекелік кешенді бағдарламасын тамашалауға шақырамыз.
Баршаңызға мереке құтты болсын! Шаңырақтарыңыз ырысқа толсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтар ұйымдастыру бөлімінің кітапханашысы: Уйсембаева С. Ж.