Рамазан мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ораза – мұсылманның бес парызының үшіншісі. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ниетін бекітіп, тамақ ішуден және өзге де оразасын бұзатын заттардан бас тартады. 2022 жылы Рамазан айы 2 сәуір басталып, 1 мамыр аяқталады.
Ораза араб тілінде «саум» деп аталады. Саум сөзінің тілдік мағынасы барлық нәрседен тыйылу деген ұғымды берсе, шариғаттағы мағынасы таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ниетімен ішіп жеуден, басқа да оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болу дегенді білдіреді.
Рамазан айының әрбір түнін, әсіресе, соңғы он күндігінің әр түнін Қадір тұтып, ерекше құлшылықпен өткізсе, Аллаһ тағаланың сексен үш жылдық сауапқа ие болады. Ораза ұстағанның екі қуанышы бар. Сәресі ішу және оны екінші шапақ атқанға дейін кешіктіру – оразаның мұстахабы. Мұстахап дегеніміз жақсы істер, яғни сауап. Бір жұтым болса да сәресінде тұрып ішіп жеу – мұстахап. Ақшам кірсе ауыз ашуға асық. Ауызды ақшам намазының уақыты кірген соң, ақшам намазын оқымай тұрып ашқан абзал.
Ораза тек ашығу емес. Ұлы Жаратушы разы болмайтын барша істерден тыйылып, күллі жаман ойлардан арылу. Ораза ұстауға ниет еткен жан, аузын астан тыю мен қатар, аузына жаман сөз шықпауына да барынша мұқиятты болады. Өсек - аяң, өтірік айтудан, біреуді орынсыз ренжітуден абай болуды дұрыс көреді. Рамазан айында, мейілінше адамдар бір - біріне қайырымдылық жасап жарысады, жетім-жесірлерге, мұқтаж адамдарға қол ұшын береді.
Ораза - сонымен қатар адам денсаулығы үшін де пайдасы зор, медицина тұрғысынан да дәлелденген. Мамандардың айтуынша, ораза адам ағзасының қорғаныш жүйесін нығайтып, иммунитетке қатысты жасушалардың құрамын жаңартып жақсартады.
Әр жыл сайын мен рамазан айын асыға күтемін. Мен үшін үлкен мейраммен тең. Рамазан айында адамдардың бойындағы бір – біріне деген мейірімділік, жанашырлық пен жылулықты көремін. Отбасымыздың амандығын тілеп, мешітке барып пітір садақа береміз. Садақа – бәле жаладан қорғайды. Күн шықпай таң сәріде ішкен шайдың дәмі өте ерекше. Ауыз ашар уақытын қонақ күткендей дайындалып, үстелге тәтті тағамдар салып асыға күтесің. Бір айдың қалай өткенін де байқамай қаласың. Оразада қарның ашқанда астың қадірін, шыжыған күннің ыстығында бір тамшы судың қадірін түсінесің, бұның бәрін сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Кітапханамыздың кітап қорында «Ислам - ақиқат діні», «Мұсылмандық қағидалары», «Дін мен Дәстүр», «Бала тәрбиесі бесіктен басталады», «Рамазан - нұр шашқан ай!», «Ораза күнделігі» және т.б. кітаптар жинақталған.
Исаұлы М., Жолдыбайұлының Қ. «Ислам ғылымхалы» кітабында (Астана, 2011ж.) Ислам дініндегі «намаз, ораза, зекет, қажылық, құрбандық» секілді ғибадат негіздері берілген.
Сонымен қатар республикалық және жергілікті мерзімді басылымдар беттерінде ораза айына байланысты әр жыл сайын мақалалар жарияланады.
Егемен Қазақстан газетінде (7 мамыр, 2021 ж.) Б.Қайратұлының «Қадір түнінің қасиеті» және Орталық Қазақстан газетінде (13 мамыр, 2021 ж.) Ж.Шалқардың «Ізгілікке толы қасиетті мереке» атты мақалаларда жалпы ораза, оразаның парызы, қадір түнінің қасиеті және оразаның адам денсаулығына тигізер пайдасы туралы жазылған.
«Шапағат нұр» журналында (2020 ж. - №5) Х.Аманқұлдың «Шәууәл айында оразаны қалай тұту керек?» мақаласында шәууәл оразаның сауабы мен парызы жайында жазылған.
Құрметті оқырмандар! Ислам дінінің негіздері мен жалпы ораза жайлы толық мағлұматты кітапханамызға келіп кітаптар мен мерзімді басылымдардан оқуларыңызға болады.
Келіп жеткен қасиетті Рамазан айының оразасы құтты болсын! Барша мұсылманның ұстаған оразасы, дұға тілегі қабыл болсын ағайын!
Негізгі қорларды сақтау бөлімінің
кітапханашысы: Аманбекова М.А.