Ғалым Ғарифолла Есімнің өнегелі өмірі!

Құрметті оқырмандар!

Назарларыңызға кітапханамыздың төрінен орын алған белгілі қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті дінтанушы,  ұлағатты ұстаз, жазушы, абайтанушы, құрмет орденінің иегері, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері – Ғарифолла Есім биыл 75 жасқа толуына байланысты академиктің еңбектері жайлы ой қозғамақпын.

Ғарифолла Есім – ХХ ғасырдың 80 жылдарынан бастап қазақ әдебиетіне жаңашыл, заманауи тың идеяларды әкелді. Әлем мәдениетінің тұлғасына айналған Абай Құнанбайұлы туралы қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» тарихи роман эпопиясын жазса, Академик Ғарифолла Есім Абайдың арманын орындау жолында  аянбай еңбек етіп, 30 жылдай ғұмырын Абайдың хакімдігіне арнаған. Оған дәлел ретінде Абай Құнанбайұлының 150 жылдық тойы қарсаңында «Хакім Абай» (Астана, 2012 ж.) атты кітабы жарыққа шықты. Бұл кітапта ілкімді ізденіс пен зерделі зерттеу нәтижесінде дүниеге келген бұл сүбелі еңбекте қазақ руханиятының толағай тұлғасы, ұлы ақын, әлемдік деңгейдегі ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармаларындағы теңіздей терең ой, астарлы ақиқат, тылсым да тұңғиық сырлар туралы тұжырым – пайымдар жасалған. Ғарифолла ағамыз Абайтану ғылымына сөзсіз үлкен үлес болып қосылар туынды көпшілік оқырман қауымға арналған.

Академиктің қай шығармасы болмасын, қазақи ұғымда, түсінікте, санаға сіңімді, ұлт ұғымымен жазылған. Ғарифолла ағамыз  саяси, мәдениет және әлеуметтік өмір мәселелеріне арналған публицистикалық ғылыми – танымдық мақалалар мен кітаптардың авторы.

Құрметті кітап сүйер қауым! Сіздердің назарларыңызға академик Ғарифолла Есімнің бір ғана еңбегін ұсынған болатынмын. Ал, сіз Ғарифолла Есімді  қай қырынан және қандай шығармаларынан танисыз? Егерде сіз Ғарифолла Есім жайында толығырақ танысқыңыз келсе, біздің кітапханамызға келіңіздер!

 Оқу залы бөлімі: Шохшина Ж.С.