Биыл суреткер жазушы Сафуан Шаймерденовтың туғанына 100 жыл толды. Ол 1922 жылы сәуір айында Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Аманкелді ауылында дүниеге келген. Орта мектептен соң туған ауылында мұғалім болып еңбек еткен. Армия қатарында қызмет атқарады. 1942-1943 жылдары аудандық комсомол хатшысы, ал 1942-1945жылдары «Ленин туы» газетінде тілші, әдеби қызметкер болған. 1950 жылы Қаз МУ-дің филология факультетін үздік бітірген.
Қарағандыда тілші болып еңбек етіп, алғашқы шығармасы «Болашаққа жолды» жазған. Роман жас адамның қалыптасу жолын, студенттер ортасындағы өмірін суреттеуге арналған. Бұл туынды кейін «Инеш» деген атпен орыс тіліне аударылған. «Мезгіл» әңгімесі арқылы берілген ұзақ сырда оның өмір тануы мен адамгершілік жолындағы тәрбиесінде ананың атқарған рөлі әдемі көрініс табады. Жазушы ана мен бала ара қатынасын дәуірдің қат-қабат тартысында қалыптастырады. «Өмір нұры» атты повестер жинағындағы «Мезгіл», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал» повестері шетел тілдеріне әлденеше рет аударылған. «Қайдасың, Зарина?», «Әнім сен едің», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Марғау», «Өкіл әке, «Аруана дүние», «Түйе көтерген» пьесалары қазақ театрларының сахнасында қойылып келеді.
Жазушының кітаптары заманымыздың әр түрлі кезеңдеріндегі адамдар тағдырын бейнелеуге арналады. Адам мұратын ол көбінесе сыршылдық пен сезім иірімдерін суреттеу арқылы аңғартады. Жазушының әңгімелері мен новеллалары тақырыбы, ойы жағынан да сан алуан. Оларда адамға тән кесек мінез, сыпайы адамгершілік, мейірімділік дәріптеледі. Шығармалары арқылы бастан қандай жағдай өтсе де, адам болып қалуды уағыздайды.
«Ағалардың алақаны» кітабында жазушы өзі басынан кешкен, куә болған жайларды әдеби қорыту, жинақтау негізінде жазған. Кітапта М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсрепов, Б. Момышұлы туралы эссе - естіліктермен қатар автобиографиялық повестер мен қысқа әрі нұсқа әңгімелері енгізілген. Бір қақпайларында танымал қаламгер естіген, көрген-білгендірін әңгіме ете отырып, адамның мінез-құлқын ашып философиялық түйіндеулер жасайды.
Жазушы тілінде жылы юмор бар. Адамдар бойындағы ұнамсыздықты, қулықпен ұтпақ болғандарды, кейде аңғал мінезден туатын күлкілі жайларды әдемі суреттейді. Ол өзіндік тың ізденістерімен, қалың оқырманын тапқан жазушы.
Жазушы туындыларын парақтағыңыз келсе, кітапханамыздан табылыңыз. Қазақтың көрнекті жазушысы Сафуан Шаймерденов қалдырған тамаша прозалық туындылар, терең талдауларға құрылған сыни шығармалар оның өзіне-өзі орнатып кеткен елеулі ескерткіші екеніне кәміл сенемін. Сафуан ағамыздың туындылары мәңгілік!
Көпшілікке қызмет көрсету секторының кітапханашысы:
Ахмадиева А.С.