Балалық шақ – балғын шақ!

«Балалы үй - базар, баласыз үй қу – мазар» – деп ата бабамыз айтқандай әр отбасында баланың былдыры мен ойыншықтың сылдыры кетпесін.

Биылғы келген барыс жылын Мемлекет басшысы Қасым –Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Балаларға ерекше назар аударып, олардың амандығы - мемлекетіміздің жарқын болашағы екенін атап өтті.

Халықаралық балаларды қорғау күні 1949 жылдың қараша айында Парижде Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. Ал Халықаралық балаларды қорғау күні алғаш рет 1950 жылы атап өткізілді. Біріккен ұлттар ұйымы бұл бастаманы қолдап, балалардың құқықтарын, өмірін және денсаулығын қорғауды өз қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде жариялады. Осы мерекені тойлаудың басты миссиясы – жұртшылық назарын проблемалы балаларға, олардың құқығын қорғауға, бақытты балалық шағын тыныш әлемде өткізуге және өз елінің толық және бейбіт азаматы ретінде өсуіне көз жеткізу болып саналады.

Жазғы демалыстар әрқашан балалар үшін көптен күткен және ұзақ мереке болып табылады. Балалар – бұл біздің болашағымыз. Бастаған ізгі істеріміздің жалғастырушысы, үкілеп ұшырған үміт - құсымыздың қанаты. Осы себепті олардың бақытты болуы үшін ештеңе аямаймыз. Әсіресе, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде бұл қамқорлығымыз және де арта түседі. Бұл күн демалыс күніне сәйкес келмей қалса да нағыз мерекеге айналады. Демалыс орындары, кинозалдар мен театрлар балалармен толады.

Жазғы уақытта біздің кітапханада балалардың жаздағы бос уақытын тиімді, қызықты, танымды өткізуіне арналған «Кітапханадағы жаз» бағдарламасын әзірлеп, бүлдіршіндерге ұсынады. Бүлдіршіндер үшін кітап оқуды қолдауға арналған викториналар мен әртүрлі акциялар, танымды сабақтар мен байқаулар, әдеби ойындар мен шеберлік сағаттары өткізіледі.

Бақытын – мен, бақытым деп біл мені,

Мені білсең, бақытыңды білгенің.

Ал мен үшін ең бақытты күндерім –

Балам, саған бақыт іздеп жүргенім.

- деп, ақындарымыз жырлағандай әрбір ата-ана үшін «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін»- деп баласына еш жамандықты жуытпай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіреді. Ата бабаларымыз алып берген тәуелсіздігіміздің арқасында балаларымыз алаңсыз білім алып, президентіміз айтқандай еліміздің ертеңгі келешегін ойлайтын осы жастар,олардың болашағы үшін елімізде барлық жағдай жасалынып жатыр. Ата-ана үшін баласының амандығы мен бақытынан артық бақыт жоқ деп ойлаймын, барлық бала бақытты болуға лайықты. Болашақ ұрпақ әрқашан бейбітшілікте өмір сүруіне және елін, жерін қорғайтын азаматтар болып өсуіне тілектеспіз! Барлық балаларды төл мерекелерімен құттықтаймын!

 

                                     Негізгі қорларды сақтау бөлімінің
                                     кітапханашысы Аманбекова М.А.