Поэзия аудармасы – қайта түлеген рухани құндылық
Адамның адаммен танысуы, табысуы сияқты өркениет пен өркениеттің, халық пен халықтың танысуы, табысуы бар. Олар бір-бірімен бір-бірінен ортақ белгілер табуы арқылы танысып, ал бір-бірінен өзінен таппайтын нәрселерді де табуы арқылы таныстықты үлкен қарым-қатынасқа айналдырады. Осындай таныстық жолы – көркем аударма. Тарихқа көз жүгіртсек басқа тілде сөйлейтін басқа халықтың жан әлемін, оның мәдениетін, атап айтқанда, көркем әдебиетін аударманың көмегі арқылы танып-білуге болатындығын білесің. Поэзия аудармасы – бір тілде жазылған шығарманы басқа тілдің құралдарымен дүниеге қайта әкелу, яғни қайта түлеген рухани құндылық.
Адамзат аударма арқылы араласып - құраласады. Тілдер арасындағы байланыстырушы жүйенің ең қарапайым шешімі – аударма. Бұл тұрғыдан қарағанда аударма адамзатты біріктіріп тұрған құралдың бірі деуге де болады.
Аударма ұғымы – кең ұғым. Аударматанудағы ең бір күрделі де күрмеулі сала – көркем аударма. Олай дейтініміз – көркем аудармада шығармашылық белгі - сипаттарының лингвистикалық және мәдениеттанушылық қырлары аударманың өзге түрлеріне қарағанда айрықша бедерленіп көрінеді. Ал поэзия аудармасында аудармашыға мәтінді өзінше пайымдау, бажайлау тұрғысынан бөлекше жауапкершілік жүктелетіндіктен, аударма саласында жеткілікті дайындықпен қатар, әдебиетшілік, мәдениеттанушылық, стилистік дарын да талап етіледі.
Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық қарым-қатынастар жүйесінің жаңа деңгейіне көшуде, жаһандану үдерісінің бүкіл әлемді қамтыған ауқымына орай аударманың біздің өмірімізде алатын орны да келешекте атқарар рөлі де бөлек.
Бүгінгі таңда аударма қазақ тіліне әлем әдебиетінің ең шоқтықты шығармаларын төгілте түсіру арқылы мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асыруға ықпал жасай алады. Қазақ поэзия аудармасының мұндай кемелдікке келу кезеңдерін теориялық тұрғыдан тұжырымдай талдау оның келешектегі көркемдік көкжиегін кеңейту жолдарын қарастыруға септесетін болады.
Мұхтар Әуезов қалап берген қазақ аударматануы қалыптасып, аударма мәселелерімен тікелей айналысқан ғалымдар, қаламгерлер шықты.
Аударма – лингвистика заңдылықтарына арқа сүйеу арқылы тіларалық коммуникация міндеттерін шешетін сөз өнерінің өзгеше түрі. Бұрынғы ғасырлардағы арқауы өзге тілдердегі, ең алдымен түркі, араб, парсы тілдеріндегі шығармалардан алынып, жаңа жазба әдебиет берік орныққалы бергі соңғы бір жарым ғасыр аясында қазақтың поэзия аудармасы мол қазына жинады. Әлем әдебиетіндегі атақты ақындардың әйгілі шығармалары туған тілімізге тәржімеленіп, сөз өнеріміздің қоржынына қосылды. Соңғы бір ғасырға жуық уақыт аясында бұл жұмыс мемлекеттік деңгейде атқарылып, жүйелі, мақсатты сипат алды. Өлең аудармасына қазақ жырындағы таланттардың бәрі дерлік тартылып, аударма арқылы ұлттық поэзиямыздың көркемдік құралдары анағұрлым молыға түсті.
Өркениет пен өркениеттің, халық пен халықтың танысуы, табысуы адамның адаммен танысуы, табысуы сияқты. Олар бір-бірімен танысуы үшін бір-бірінен ортақ белгілер табуы керек, ал сол таныстық ұзағынан болуы үшін олар бір-бірінен өзінен таппайтын нәрселерді де табуы керек. Танысудың осындай жолы – көркем аударма. Басқа тілде сөйлейтін басқа халықтың жан әлемін, оның мәдениетін, атап айтқанда, көркем әдебиетін аударманың көмегі арқылы танып-білуге болатындығын әртүрлі елдер халықтары қарым-қатынасының бүкіл тарихы растап береді. Әрине, аударманың бәрі бірдей таным нысанын, яғни түпнұсқаны толық бейнелей бермейді.
Қазақ көркем аудармасының тарихын жазу үшін біз міндетті түрде әлемдік аударма тарихындағы үрдістер мен үдерістерді ой елегінен өткізуге тиіспіз. Аударма тарихы, оның бел-белестері, даму эволюциясы жөнінде сөз еткенде біз бұл бағытта терең зерттеулері бар орыс әдебиеттануын айналып өте алмаймыз. Сондықтан да еңбекте жалпы аударма тарихына қатысты мәліметтер көбірек ортаға салынып, орыс тілінде жарияланған тәржіметанушылық зерттеулерге жиі-жиі сілтеме жасалды. Бұлай еткенде оларды қазақ әдебиеттануының ғылыми айналымына түсірудің артықтық етпейтіні де есте ұсталды.
Біздің, ауызша әдебиетпен ауызданып өскен халықтың, бүкіл тарихы ауызша жеткен халықтың күні кешегі ауызша аудармаларының бірі – Абайдың ауызша аудармашылығы.
Қазақ аударма өнерінде өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап бой көрсеткен еркін аудару тәсіліне назар аударылады. Еркін аударманың хрестоматиялық мысалы, классикалық үлгісі – Лермонтовтың Гетеден аударған "Тау шыңдары”. Гетедей алыптан алшақтаған, өз бетінше кеткен деп осынысы үшін Лермонтовты айыптау ешкімнің ойына келмейді. Еркін аударманың ерен түрін Абайдан да табамыз. Абайдың "Евгений Онегиніндегі” талай тұс сондай. Абай еркіндігі оған Пушкин романын арқау ете отырып төлтума дейтіндей туынды шығаруға мүмкіндік берді.
Қазақ әдеби аудармасында әлемдік тәржіме өнеріндегі әдіс-тәсілдердің барлығы дерлік кездесетіні назар аударарлық. Солардың арасында бұрыннан бары – бейімдей аудару (адаптация). Оның мәнісін Мұхаметжан Сералиннің "Айқапта” басылған "Рүстем-Зорап” қиссасы фарсы тілінде жазылған атақты "Шахнама” деген кітаптың бір саласы. Рюккерт деген немістің бір шайыры "Рүстем-Зорап” қиссасын "Шахнама” деп алып, бір жағы тәжірибе, бір жағы ұйқастыру секілді қылып немісше жазған... Соны орыс шайыры Жуковский 1846-1847 жылдары өлең қылып, арттырып, кемітіп, қалыбына лайықты етіп істеп шығарған екен.
Аманжолова Шынар