Еркіндік – рухтың асқақ сезім мен ойлардан басқа адамның ерік-жігерін жасытатын қандай да бір шектеулер мен тыйымдарды мойындамау, жақсылық пен ізгіліктен өзге принциптердің құлы болмау деген сөз. Еркіндікті адамгершіліктің басты қағидаларын сақтай отырып, адам санасының рухани-материалдық дамуы жолындағы барлық бөгеттерден азат болуы деп ұғынуға да болады. Мойындарына бұғау салынса да сағы сынбайтын, жігері мұқалмайтын, ар-ожданы еркіндік көгінде шарықтап өтетін қаншама жандар бар. Мұнымен қатар салтанатты сарайда тұрса да, нағыз еркіндіктің не екенін сезінбей кететін адамдар да болады. Сонымен, еркіндік деген не?
Әлемдік философияда еркіндік туралы бір-біріне қайшы көзқарастар қалыптасқан. Гегель еркіндікті субъективті рухпен, Фейербах адамның өзінің ерекшелігімен байланыстырса, дін оны адамдардың құдайға құлшылық етуімен, экзистенциалистер адамның психикалық актілерімен байланыстыра қарастырады. К.Маркс еркіндік мәселесін қажеттілікті және заңдылықтарды білумен, оны игерумен байланысты түсіндіреді. Ф.Энгельс өзінің “Анти-Дюринг” атты еңбегінде еркіндік әлдебір нәрседен тәуелсіздік нышаны емес, керісінше, ол адамның жаратылыс күштеріне, қоғамдық қарым-қатынастарға және өз болмысына үстемдігі дейді.
Еркіндік ол – Тәуелсіздік. Патриоттық санамен ой толғайтын, елге деген махаббатпен жыр жазатын жастары бар, көш бастар Елбасы бар, күннен күнге дамып жатқан экономикасы бар, ұмытылмас тарихы мен әдебиеті бар, талайға арман болған байтақ жері бар тәуелсіз Қазақстанда өмір сүру еркіндік беретіні анық.
Еркіндікті шексіз бостандық деп түсінетіндер біле тұра немесе білместікпен хайуанға тән еркіндік пен адами еркіндікті шатастырып жатады. Ал шын мәнінде бейқам рухтардың тәннің пасық қалауын орындау жолында сиынған еркіндігі – толығымен хайуандықтың белгісі, ал рухтың жетілуіне бөгет болатын кедергілерді жойып, ар-ожданның шарықтауына мүмкіндік жасаған еркіндік – нағыз адамдықтың белгісі.
Еркіндік адам үшін «ақиқаттан бір елі ажырамай-ақ, өзге жандарға қылдай қиянатыңды тигізбей-ақ қалағаныңды жасай аласың» деген мағынаны білдірмек. Яғни, сөз еркіндігі мен ой еркіндігі. «Қазақстандағы сөз еркіндігі, баспасөз бостандығына қатысты қандай да бір қиындықтар бар деп айту қиын, өйткені билікті ашық сынайтын «Тасжарған», «Свобода слова» секілді тәуелсіз басылымдардың ашық түрде таралып, халық қолына баруы - бұл елдегі сөз бостандығының алғышартының негізі болмақшы. Сондықтан Қазақстанда сөз бостандығы бар деп айта аламыз»,-деп айтқан болатын
Т.Әбішев. Бұған сүйенсек біздің елде, көзқарасқа да сөз бостандығына да шектеу жоқ.
Мен өзім еркіндіктегі адаммын. Қалағаным өз қалауымша қол жеткіземін. Мен ғана емес, әрбір қазақстандық азамат. Өйткені, ойы да, жаны да, ділі де, тілі де – азат! Бақытты…
Еркіндік деген осы емес пе?!
Аманжолова Шынар