"Жасыл ел" – жастар тірегі

"Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек", — деген Елбасымыз 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын.

Кез келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші – Жастар. Сондықтан жастар – ел тірегі екенін әсте естен шығармаған абзал. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жолында жастардың атқаратын рөлі зор.

"Мемлекеттік жастар саясаты туралы" заңда жастар саясатының мақсаты, міндеті – жастардың рухани, мәдени, жан жақты білім алып, кәсіби деңгейде толыққанды дамуы, маңызды шешімдер қабылдау процесіне қатысуы, ойдағыдай әлеуметтенуі және олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бағыттау үшін жағдайлар жасау екені көрсетілген.

Елімізде мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында білім саласында жас мамандарды ауылға тартуды көздесе, "Болашақ" халықаралық стипендиясы арқылы шетелде білім алуға мүмкіндік беріп, сондай-ақ жұмыспен қамту мақсатында "Серпін" бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.
Елімізді көгалдандыру мен оның экологиялық тұрғыдан таза болуын қамтамасыз етіп жүрген "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтарының да орны бөлек.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді «Жасыл ел» бағдарламасының Астана қаласында «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағының Республикалық штабы құрылған болатын. Бүгінгі күнге дейін көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. Жыл өткен сайын «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «бір тал кессең, он тал ек» деп ата-бабамыздың сөзін ұран еткен жастар қатары артуда.

Жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, еңбекке баулу мақсатында жүргізілген бұл саясат өз нәтижесін беріп келеді. Жүрегі отан деп соққан, қоғамға, өз ұлтына пайдасын тигізер кезде аянып қалмайтын жасақшыларымызға алдағы уақытта сәттілік тілейміз!

               Аманжолова Шынар