Жас ұрпақты болашаққа жетелейтін дұрыс тәрбие мен сапалы білім екені даусыз. Ұрпақ тәрбиесінде ата – ана мен ұстаздардан кейінгі кітаптың алар орны ерекше. Өмірге ұрпақ әкелген әрбір ата-ананың арманы - баласын дұрыс өсіріп, азамат болғанын көру. Осы жолда олар тынымсыз еңбек етеді. Сәби шағынан ән әуенін тыңдаған бала, есейе келе шағын ертегілерді де тыңдайтын болады. Кей отбасында ертегі тыңдамайынша ұйықтамайтын балалар да бар. Әрине, мұндай бала өсе келе әріп таныған соң, кітапшаларды өзі ежіктеп бастап, жылдам оқуға бейім келеді. Өзі оқуға жараған балаға ата –ана дұрыс бағыт-бағдар беріп, қандай кітап жас шамасына сай екенін тауып беруге тиісті. Бізге келген ата-аналар: «Балам мүлде әдеби кітап оқымайды, не істеуге болады?» - деп сұрап жүреді. Әрине, үлкен-кішісі телефонға шұқшиған мына заманда баланың назарын кітапқа аудару оңай тимесі анық. Менің ойымша, үйде кітап оқуға міндетті бөлінген уақыт болу керек. Бала ғана емес, өздеріңіз де сол уақытта қолға кітап алуыңыз керек. Отбасы бір кітапты бірлесіп, кезектесіп оқып, талдауға үйреніңіздер. Алдымен өзіңіз оқыңыз, қызықты тұстарын шағындап әңгімелеп, әрі қарай кітапты балаңызға ұсынып, қалай аяқталғанын әңгімелеп бер бізге десеңіз, бала өтінішіңізді жерге тастамайтыны анық. Бірлесе, кезектесе оқудың мәні зор. Ай соңында әр қайсыңыз өзіңізге ұнаған кітап, оның авторы жайлы пікір алмасу күнін белгілеңіз. Міндетті түрде «Әдеби кітап оқу» немесе мектеппен байланысты «Сыныптан тыс оқу» дәптерін бастауыңыз қажет. Бұл дәптердің пайдасы зор. Баланың кітап атын, авторын, кейіпкерлер атын, кітаптың қай жылы шыққанын біліп отыруымен қоса, өзіне ұнаған абзацты көшіріп немесе қысқаша жазуына көмектесіңіз. Әрі қарай өзі қалыптасады. Бұл – ұқыптылыққа, байқампаздыққа, өз ойын жүйелі жеткізуге әрі сауаттылыққа баулиды. Міндетті түрде ай соңында тексеріп, мадақтап, екінші балаңызбен салыстырып отыру керек. Сынып жетекшісі, қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстазымен тығыз байланыста болыңыз. Кітап оқуға қалыптасқан бала әрі қарай өзі әкетеді, тек түсініп оқуы қалыптассын ,оған үйдегі ата-ананың, мектептегі ұстаздың көмегі ауадай қажет екенін ұмытпауыңыз керек. Оқыған кітаптарын үйдегілермен, достарымен бөлісіп отыруларын ескертуіміз қажет. Еркін сөйлеуге, өзін тыңдап отырған адамдардың назарын аудара алатынына сенімділік қалыптастыратынын ұмытпаңыз. Әрдайым өзін дамытып, үнемі ізденісте болу адамды жетістікке жеткізері сөзсіз. «Мәдениеттің мәйегі – кітап», - деп Ш.Мұртаза ағамыз тауып айтқан. Балаңыздың оқыған әр кітабы – оның даму баспалдағы екені даусыз. Бастауыш сыныптардан бастап мектепті аяқтағанша ұстаздар қауымы да баланың кітап оқуын назардан тыс қалдырмауы керек. Мамыр айының ортасында міндетті түрде келесі оқу жылына оқып келетін кітаптардың тізімін жазғызса, бала тапқанын оқып келері сөзсіз. Бір сағатқа сыймайтын роман, повестердің мазмұнын алдыңыздағы оқушы біліп, өзіңізбен жарыса айтып отырса қандай ғанибет. Сол оқушыны өз орныңызға қойыңыз. Алдын ала сабақ өткізетін дайын мұғалім өсіргеніңізге көз жеткізесіз. Әдеби кітап оқу тек әдебиетшілерге ғана керек десеңіз қателесесіз. Математиктер атақты математиктер өмірін, тарихшылар би-батырларды, өлке тарихын, географтар өзен-су тарихын, биологтар түрлі өсімдіктер шығу тарихын білуге керекті кітаптар ұсынса қызықты болады. Бала бойына пәнге деген қызығушылығын оятып, өзіңіздің ізіңізді басар болашақ білімді ұстаз даярлағаныңызды түсінесіз. Олар мамандық таңдауда еш қателеспейді. Ал, кітапты неғұрлым көп оқыған сайын, өзіңнің алдыңнан бүкіл әлем есігі ашылатынын ұмытпайық! Кітап – біздің рухани байлығымыз, теңдессіз құндылығымыз екенін ұмытпалық. Сонымен қатар әр айлық жалақыңыздан балаңызға арнайы кітап сатып алуға дағдыланыңыз. Автордан сәтті түссе балаңызға арнап қолтаңба жазғызыңыз. Жадыраған жазда, таза ауада бала-шағаңызбен оқитын кітаптарыңыз көп болсын! Сіздер үшін кітапханамыздың есігі әрдайым ашық.
Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету
секторының басшысы Ахмадиева А.С.