Өнегелі өмір

Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Т.Ж. Бигелдиновтің туғанына 100 жыл

Батыр атану екінің біріне бұйырмаған бақ. Осындай тамаша азаматтың бірі Сарыарқаның төсіндегі қасиетті мекен Майбалық ауылында 1922 жылдың 5- тамызында дүниеге келген, биыл туғанына 100 толатын авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері Талғат Бигелдинов. Әкесі - Түсіпбек, анасы - Хадия. Бірақ, Талғатты баласы жоқ Жақыпбек ағасы асырап алған. Балалық, жастық шағын Фрунзе қаласында өткізіп, 16 жасында аэроклубта оқыды. Ұшуды үйренген алғашқы ұшағы «У-2». Ол 1940-1942 жылдары Саратов арнайы барлаушы ұшқыштар авиация мектебінде оқып, сержант шенімен диплом алып шығады.Осы жолы Ижевск қаласында №13 – «ИЛ-2» ұшағымен майданға аттанған. Авиация тарихында бұрын-соңды неміс қырғиы «Миссершмидті» шабуылдаушы-бомбалаушы «ИЛ-2» ұшағымен атып түсірген тұңғыш ұшқыш – Талғат Бигелдинов болған. Әр шайқасқа шығар алдында Бигелді атасының қарындасы Қадиша әжесі үйреткен дұғаны оқыған.

Талғат Жақыпбекұлы Ұлы Отан  соғысы кезінде неміс басқыншылары мен олардың техникасын жою үшін 305 рет көке көтерілген. Үш рет ұшағы жанып жарақат алса да, сан рет тапқырлық пен шеберліктің, батылдық пен ерліктің үлгісін көрсетіп, даңққа бөленген. 1945 жылы Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысқан.Соғыстан соң 1950 жылы Әскери-әуе Күштерінің академиясын бітіріп, авиация полк командирінің орынбасары және штаб бастығы болған.1956 жылы денсаулығына байланысты демалысқа шыққан. «305 рейдов», «ИЛ-ы атакуют» «Аспандағы айқас», «Сражение в воздухе», «Пике в бессмертие»  атты жорық жолдарын баяндайтын естелік кітаптардың авторы. Алматыға қоныс аударған соң, 1968 жылы Мәскеу инженерлік құрылыс институтын сырттай бітірген. 1957-1973 жылдары Қазақстан азаматтық авиация басқармасында басшы қызметтер атқарды. Ал, 1973-1978 жылдары «Қазақ болат монтаж» тресі  бастығының орынбасары болған кезінде Ақмола, Ақтау, Павлодар, Ақтөбе, Жамбыл, Шымкент, Өскемен, Қостанай, Семей, Қарағанды, Балқаш әуежайларындағы ұшу-қону алаңдарын, Алматыдағы ұлттық кітапхана, Неке сарайы, Жамбыл суперфосфат зауытын,Лисаковск кен-байыту комбинатын, Мемлекеттік цирк ғимараттарын салуға басшылық еткен. Жас ұрпаққа патриоттық, жауынгерлік тәрбие беруге көп еңбек сіңірген жан. Ақтөбе жоғарғы әскери ұшқыштар мектебі, Қарағанды арнаулы-әскери мектебі, бірнеше орта мектептер, қалалар мен елді мекендер көшелері батыр Бигелдинов есімімен аталған. Батыр атында Ұлы Отан соғысы мен жетім балаларға көмек көрсететін Халықаралық Қайырымдылық қоры жұмыс істейді. Оның Марат, Галина, Райхан есімді балаларынан ұрпақтары өсіп-өнуде. 2011 жылы «Батыр Бигелдинов» атты деректі фильм, орыс тілінде «Путь к небу» атты деректі фильм түсірілген. Батыр атамыз 2014 жылдың 10 қарашасында дүниеден өтіп, «Кеңсай -1» зиратына жерленген.

Соғыстан оралғаннан кейінде елі үшін қыруар іс тындырған  Талғат атамыздың өмірі мен ерлік істері әлі талай ұрпаққа аңыз болып тарары ақиқат. Батыр жайлы  кітаптар мен  мақалаларды оқығыңыз келсе, біздің кітапханамыздан табылыңыз!

 

                                       Көпшілік оқырмандарға қызмет
                                       көрсету секторы: Ахмадиева А.С.